Амангелді ағаға алғысымды айттым
Алғашқы жарияланымдар
Әскер қатарынан оралғаныма көп өтпей-ақ, өлеңдерім «Қызыл ту» газетіне там-тұмдап жариялана бастады. Газеттің мәдениет бөлімін басқарған Мұхаметжан Дәуренбеков ағайдың жөн сілтеуімен облыстық радиодағы ағалармен де танысып, бірен-саран өлеңім эфирден оқылды.
Есте қалған сұрақ
Қаламға деген талпынысымды байқаған болар, бөлімше меңгерушісі Соқырбек Жұманбаев аға: «Сен Амангелді Қаңтарбаевты білесің бе?» — деп сұрады.
«Жоқ», — дедім. Сонда Соқырбек аға таңырқап, аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Төлеутай жолдастың малды ауылдарды бірге аралаған сапарларында Амангелдіні дастархан басында ауданның ірі ақыны деп мақтағанын айтты. Хатшының сөзіне қарағанда, келешегінен үміт күтуге болатын талапты жас екен.
Осыдан кейін Амангелді туралы ауыл адамдарының аузынан жиі еститін болдым. Тіпті немере ағам Балташ Бақтыбаев: «Бәріміз де қалам тартып жүрміз ғой, біздікі не тәйірі. Ақын деп, журналист деп Амангелдіні айт» — деп желпіне сөйлейтін. Сөйтіп, Амангелдімен сырттай таныстығым осылай басталды.
Алғашқы сын
Өлеңдерім облыстық газетте де, радиода да бұрынғыдан жиі жариялана бастады. Жаңа жазған, сиясы кеппеген біраз өлеңімді аудандық «Жеңіс» газетінің редакциясына жолдадым. Ол кезде қырықтықта жұмыс істейтінмін.
Бір күні түстен кейін жұмысқа келсем, қырықтықшылардың біразының қолында «Жеңіс» газеті жүр. Бірі: «Міне, өзі де келді. Сүлейменге қайдан келген ақындық деп өзімді қарадай дал болушы едім. Тілеуің бергір Амангелді тіліп тастапты» — десе, екіншісі: «Өй, онан да сойып салыпты десеңші» — деп шуласты.
Шөкелай ағаның сөзі
Бастығымыз Шөкелай аға: «Қане, тоқтатыңдар. Кімнің нағыз ақын екенін уақыт көрсетеді» — деп, тұтанғалы тұрған әңгіменің бетін қайтарды.
Жұмыстан соң газетті тауып алып оқысам, Амангелді менің өлеңдерімді іске алғысыз етіп сынапты. Қысқасы, оның ойы мынаған саяды: өлең жазу — ермек емес, Сүлеймен соны түсінуі керек; білімі жетіспейді; жалпы өлең жазу қолынан келмейді.
Неге екені белгісіз, талқандап талдау да, жіліктеп жіктеу де жоқ еді. Бұл — мен естіген алғашқы сын. Оның мерзімді баспасөз бетінде жарық көріп, жалпақ жұртқа жария болуы әрі оны ауданның ірі ақыны саналған Амангелді Қаңтарбаевтың жазуы көңіліме аз-маз қаяу түсірді. Бірақ қаламым қолымда болды: өлеңді бұрынғыдан да көп жаза бастадым.
Көшедегі кездесу және кешірім
Көп ұзамай Баянға жолым түсті. Көшеде ерсілі-қарсылы ағылған жұрт. Жол жиегінде сөйлесіп тұрған екі жігітке көзім түсті. Қапталдаса бергенде, солардың бірі атымды атап, маған қарай беттеді. Бұрын көрмеген адам. Сәлемдестік.
«Мен — Амангелді Қаңтарбаевпын»
Ол қолын ұсынып: «Сенің Сүлеймен екеніңді жаңағы жігіттен естіп білдім. Мен — Амангелді Қаңтарбаевпын. Мен сенен кешірім сұрайын деп едім» — деді.
Ойда жоқта ұшырасып қалуымның өзі мені абдыратып тастаған. Ал мына сөзі тіпті ақылға қонбайтындай көрінді. «Не үшін?» — дедім сасқалақтап.
«Әділетсіз сыным үшін», — деді ол. Сосын былай түсіндірді: мен сынаған өлеңдерді облыстық радиодан естіп, радиодағыларға қарсы пікір жазбақ болып, мәтінді қайта қолына алған. Көп ұзамай қателескенін ұғыпты.
Сол сәтте мен: «Амангелді аға ақын ғана емес, ірі азамат екен ғой» деген ойға қалдым. Көшедегі сол кездесу арамызды біршама жақындата түскендей еді.
Журналистикадағы жолы
Көп ұзамай ол әлдебір себеппен Балқашқа ауысты. Кейін қалалық теледидарда істейді дегенді естідім. Бірер жылдан соң туған ауылы — С. Торайғыров елді мекеніне қайта оралып, мектепте де, шаруашылықта да еңбек етті. Ара-тұра Баянтау өңіріндегі «Жеңіс» газетіне қалам тартып тұрды.
Оның суреттемелері, корреспонденциялары, очерктері жазылу мәнерімен, баяндау стилімен, суреткерлігімен ерекшеленетін. Кейін Екібастұзда шығатын аудандық «Вперед (Алға)» газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарды.
1992 жылы қазақ тіліндегі қалалық «Отарқа» газетін шығара бастады. Бұл істің оңай болмағаны анық: басшылықта отырған өзге ұлт өкілдерінің қарсылығына қарамастан, Амангелді өз дегеніне жетті. Кейін газетке қазақша жаза алатын журналист кадрларды тартудың да жолын тапты. Бүгінде облысқа, республикаға танымал Сая Молдайып және басқа да бірқатар қаламгерлер — Амангелдінің мектебінен шыңдалып өскендер.
Қолдау көрсеткен сәт
Бұл уақытта мен Баянауыл аудандық газетінде бірнеше жыл әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеп, кейін облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне тілші болып ауысқан едім. Екі жылдан аса жұмыс істегеннен кейін түрлі себеппен ол газеттен шығып, Красноармейка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрдім.
Бір күні Амангелді аға арнайы іздеп келді. Ұзақ әңгімелестік. Сөз өзегі — Баян жерінде өткен жалынды жастық шақ, таныс адамдар, естеліктер. Аттанарда ол: «Солнечный қаласында газеттің меншікті тілшісі бол. Үй алуға көмектесемін» — деп ұсыныс жасады.
Мен мектепке де, балаларға да, ұжымға да бауыр басып қалғанымды айтып, алғысымды білдірдім. Кетерінде ол: «Бір қолжазбаңды бер» — деп қолқа салды. Жаңа ғана жазылып, сиясы кеппеген «Әнші Жүніс» атты қолжазбамды ұстаттым.
Қаламақы
Бірнеше күн өткен соң Амангелді аға қайта келді. Қолындағы валеткасын ашып: «Мынау — қаламақың» — деп, бір уыс ақша ұстатты.
Ол аз-маз қаражат жыртығымды жаппаса да, көңіліме медеу болғаны рас.
Тектілік туралы ой
Бүгінде Амангелді аға өмірде жоқ. Бірақ оның өз қателігін түсініп, кешірім сұрауы және қиын сәтте қолдау көрсетуі маған тектіліктің бір белгісіндей көрінеді.
Сүлеймен Баязитов