АҚСУ – ЖАБАҒЫЛЫ

Ақсу-Жабағылы: Орта Азия мен Қазақстандағы ең байырғы қорық

Орта Азия мен Қазақстандағы ең байырғы қорық — Ақсу-Жабағылы. Ол 1927 жылы ашылған. Қорық Еренқабырға тауының батыс баурайын бойлай ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Жер бедерінің биіктік белдеулері әр тұсында әрқилы болып келіп, өзіндік айшықты ажарымен көз тартады: шөл-шөлейт пен далалық белдер шалғынға ұласып, одан әрі биік аршалы беткейлерге жалғасады.

Арынды өзендер ақ көбік атып, күркіреген сарқырамаларға құлайды. Ақсу-Жабағылы — жер бетінен жоғалып бара жатқан немесе өте сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтап қалған табиғи қазына.

Жануарлар дүниесі

Арқар, тауешкі, бұғы, елік, сілеусін, қар барысы, қасқыр, түлкі, қоңыр аю, жайра, сусар, ақ тышқан және басқа да аңдар мекендейді.

Құстар әлемі

Құстардың 238 түрі кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген ұлар мен кекілік те бар.

Омыртқасыздар

20 отрядқа жіктелген 1200 түрлі ұсақ насеком тіркелген: қандаланың 100 түрі, қоңыздың 700 түрі анықталған.

Қорықтың құрылу тарихы

Алып таулы өлке Еренқабырға шамамен 2500 шақырымға созылып, Солтүстік, Орталық, Ішкі және Батыс бөліктерге бөлінеді. 1920 жылдың шілдесінде Ташкент университетінің профессоры, гидробиолог А. Л. Бродский осы өңірге іссапармен келіп, Жабағылы мен Ақсу өзендерінің бастауын алатын Батыс Еренқабырға бөктерін еркін аралайды. Адам аяғы сирек басқан өсімдіктер мен жануарлар әлемі ғалымды ерекше таңдандырады.

А. Л. Бродский Түркістандағы мұражай мен көне ескерткіштерді, табиғат пен өнерді қорғау комитетіне арнайы хат жолдап, Батыс Еренқабырға аймағын қорыққа айналдыруды ұсынады. Кейін әр сала бойынша құрылған комитет ғалымдары бірнеше жыл бойы тиянақты зерттеу жүргізіп, қорық ашу бастамасын бірауыздан қолдайды.

Негізгі кезеңдер

  1. 1 1926 жылғы шілде: Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесі қаулы қабылдап, Мәскеуге жолдайды.
  2. 2 1927 жылғы шілде: қаулы бекітіліп, қорық ресми ашылады.
  3. 3 Алғашқы директор: Орыс географиялық қоғамының мүшесі, табиғат жанашыры Борис Петрович Тризна.

Географиясы мен табиғи нысандары

Қорық аумағы жылдар бойы ұлғайтылып, бүгінде 75 043 гектарды қамтиды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас және Төле би аудандары аумағында орналасқан.

Өзендері

  • Жабағылы
  • Үлкен Ақсу
  • Кіші Ақсу
  • Ақсу
  • Балдарбек
  • Бала Балдарбек

Тау шыңдары мен көлдері

Бұғылтөр мұзарт шыңы алыстан ерекше көрінеді. Қорықта Бұғылтөр, Құлөлді, Айнакөл, Қызөлген, Көкүйірім, Жасыл сияқты шағын көлдер бар.

Қасқабұлақтағы «сурет галереясы»

Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктегі қол жетпес Қасқабұлақ қазаншұңқырында тарихи «сурет галереясы» сақталған. Күңгірт жылтыр тастар бетіне қашап салынған жабайы аңдар мен үй жануарлары, көне дәуір аңшыларының бейнелері анық көрінеді. Бұл ескерткіш әлі толық зерттелмеген: тарихи таңбалар өз құпиясын ашатын уақытын күтіп тұр.

Ғылыми орталық ретіндегі рөлі

Ақсу-Жабағылы — тек қорық емес, сонымен бірге ғылыми зерттеу мекемесі. Алғашқы ғылыми қызметкері — ботаник А. П. Масальский. Ол бес жылдық еңбегінің нәтижесінде қорықта өсетін өсімдік түрлерін бірнеше сатыға жіктеп, жүйелі кесте жасайды. Сол жылдары-ақ Сиверс жабайы алма ағашы қорықтың «алтын қорына» енгізілген.

Сиверс жабайы алмасы

Дәмі тәтті, қышқылтым; түсі сарғыштан қызғылт-сарыға, алқызылдан қанық қызылға дейін құбылады. Жемісі шілде–тамыз–қазан айларында піседі. 4°С дейінгі суыққа төзімді, ұзақ сақталады, зиянкестерге төзімділігі жоғары.

«Қызғалдақтар патшалығы»

Ақсу-Жабағылыны жиі «Қызғалдақтар патшалығы» деп атайды. Мұнда өсетін қызғалдақтың алты тұқымдасының төртеуі көптеген мәдени сорттардың түп атасы саналады. Қорық қызғалдақтары Қазақстан, Ресей, Өзбекстанның Қызыл кітаптарына енгізілген.

Грейга қызғалдағы — «қызғалдақтар королі»

Сәуірден тамызға дейін таулы өңірді құлпыртып, алқызыл кілемге айналдыратын ең әйгілі түр — Грейга қызғалдағы. Бір шаршы метр жерде жиырма шақты гүл қатар өсетін, аса өсімтал түр. Грейга 1877 жылы Голландияда бірінші сатылы сортты қызғалдақ дипломына ие болған. Бүгінде осы тұқымдастан 200-ге жуық мәдени сорт шығарылған, ал Грейга қызғалдағы әлемдік гүлдестелердің 5%-ын құрайды. Балдарбек пен Бала Балдарбек өзендерінің бастаулары маңындағы қызғалдақтар ашық сары және қанық сары түстерімен ерекшеленеді.

Сирек жануарлар және қорғалатын түрлер

Еренқабырға қоңыр аюы

Қорықтағы жыртқыштардың ең ірісі — Еренқабырға қоңыр аюы. Шамамен 80 шақты. Қыста үңгірде жатып, көбіне екі қонжық табады; кейде біреу, үшем сирек кездеседі.

Қар барысы

Жазда 2–5 күшігін ертіп, биік тау беткейлерін мекендейді; қыста азық іздеп етекке түседі. Негізгі қорегі — тұяқтылар. Мамандардың айтуынша, әзірге 10 жұп бар.

Тұяқтылар

Сібір тауешкісінің жалпы саны шамамен 1200–1500. Сонымен бірге марал, елік, арқар, жабайы қабан және өзге де аңдар бар.

Қызыл кітаптағы қор

Ақсу-Жабағылыда Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына енген омыртқалылардың 20 түрі, сирек өсімдіктердің 40 түрі сақталған. Тас сусары мен Түркістан мәліні де ерекше қамқорлықты қажет ететін сирек аңдардың қатарында.

Арша — «өмір ағашы»

Қорық мұражайында 1950-жылдардан бері Зерафшан аршасы сақталған. Діңіндегі сақиналар оның жасының 394 жыл екенін айғақтайды. Бұл өңірде жүздеген, тіпті мыңжылдықтарға жуық жасаған аршалар да бар. Арша туралы ғалымдар К. Д. Мұхамедшин мен С. К. Сартбаев егжей-тегжейлі зерттеп жазған.

Аңыз бен тарихтың талай белесін бастан кешкен аршалар Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский), Шыңғыс хан мен Темірлан әскерлерінің дүрсілін, жер сілкінісі мен селді, құрғақшылық пен қарлы-боранды жылдарды «көргендей» әсер қалдырады. Аршаны «өмір ағашы» деуі де бекер емес: бір гектар арша тәулігіне шамамен 30 кг фитоцид бөледі, ауаны микробтардан тазартып, табиғи «санитар» қызметін атқарады.

Қала экологиясына сабақ

Ұзақ жасайтын арша — қала көшелеріне отырғызуға қолайлы ағаштардың бірі. Мұндай жасыл белдеу ауаның сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етер еді.

Емдік өсімдіктер қоры

Қорықта емдік шөптердің 200-ден аса түрі бар. Жүрек пен жүйке жүйесіне, асқазан ауруларына, қан айналымына әсер ететін, тәбет ашып, адам ағзасын қуаттандыратын қасиетті өсімдіктер өңірдің әр тұсынан кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген шипалы өсімдіктің 30 түрі Ақсу-Жабағылыда өседі.