Түлкі аузын ашып

Түлкі мен бөдене

Түлкі мен бөдене айырылмас дос болыпты. Екі дос талай жерді шарлап, талай қызық көріпті.

Бір күлкі

Күндердің бір күні түлкі: — Досым, мені бір күлдірші, — депті.

Бөдене: — Жарайды, күлдірейін. Сен менің артымнан еріп отыр. Мен ұшамын да қонамын, — депті.

Сонымен бөдене ұшып-қонып, ал түлкі желе жортып ілесіп отырыпты. Бір жерге келсе, бір кемпір сиыр сауып отыр екен, ал шалы бұзауды ұстап тұр екен.

Бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің төбесіне қона кетіпті. Түлкі анадай жерде тығылып, қарап тұрыпты.

Шал бөденені көре сала: — Кемпір, кемпір, қозғалма! Мен мына төбеңдегі бөденені ұрып алайын, — депті.

Кемпір: — Жарайды. Бірақ қатты ұрма, — депті.

Мұны көрген түлкі ішек-сілесі қатып күліпті. Бөдене: — Досым, күлдің бе? — деп сұрапты.

Түлкі: — Күлдім, досым, күлдім. Разымын! — депті.

Бір қорқыныш

Күндердің бір күні түлкі: — Ал, досым, енді мені бір мықтап қорқытшы! — депті.

Бөдене: — Қатты қорқытайын ба? Ашуланбайсың ба? — деп сұрапты.

Түлкі: — Жоқ, ашуланбаймын. Қатты қорқыт! — депті.

Бөдене: — Жарайды. Бірақ сен көзіңді тас қылып жұм. Мен төбеңе қонып, екі қанатыммен көзіңді жабамын. Содан кейін жүр де отыр: оңға десем — оңға, солға десем — солға. Қашан мен төбеңнен ұшып: «Көзіңді аш!» дегенше ашпа, — депті.

Сонымен бөдене түлкінің төбесіне қонып, екі қанатымен көзін жауыпты. Түлкі көзін тас қылып жұмып, бөдене айтқан бағытпен жүріпті. Жүріп келеді, жүріп келеді…

Бір мезетте бөдене: — Аш көзіңді! — деп ұша жөнеліпті.

Түлкі көзін ашып жіберсе, тазы ерткен бір топ аңшыға таяп қалған екен. Аңшылар қызыл түлкіні көре сала қиқулап, қуып беріпті.

Бір кезде бөдене келіп: — Қалай, досым, қорықтың ба? — деп сұрапты.

Түлкі: — Қорқытқанда, осылай қорқыт деп пе едім?! — деп ашуланып, бөденені бас салып жегелі болыпты.

Соңғы сөз, соңғы айла

Бөдене түлкінің аузында тұрып: — Досым! Ұзақ жылдар дос болып, ойнап-күлдік, талай қызық көрдік. Енді мені жегелі тұрсың. Қайтем, жесең — же. Бірақ осы күнге дейін аты-жөнімізді сұрап, біліскен емеспіз. Жесең де, атымды айтып жесейші — ақырғы тілегім болсын! — депті.

Түлкі: — Ал, айта ғой, атың кім еді? — депті.

Бөдене: — Атым Маңғыт, — депті.

Түлкі аузын ашып, «Маңғыт…» дей бергенде, бөдене: — Аузыңа саңғыт! — деп, ұша жөнеліпті.

Осыдан кейін түлкі мен бөдене достықтан айырылысыпты.