азiрде әдебиет оқулықтарының олқы соғып жатқан тұстары хақында сөз етушiлер, қалам тербеушiлер аз емес

Оқулықтағы олқылық пен авторлықтың бұлыңғырлығы

Қазір әдебиет оқулықтарының кемшін түсіп жатқан тұстары туралы сөз қозғайтындар да, қалам тербейтіндер де аз емес. Олардың көпшілігі оқулық авторларының олқылығын көре тұра, көрсете отырып, бір мақсатты көздейді: жас ұрпақты шынайы әдебиет мәйегімен сусындатып, халқымыздың асыл мұрасын сүйіп, танып өсуіне аз да болса үлес қосу.

Дегенмен, «жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дегендей, ой айтушылардың бәрі мүлтіксіз дұрыс дейді деу қиын. Осыны түсіне отырып, тәуекелге бел буған бір жайды ортаға салғым келеді.

Бала кезден жатталған өлең: кімнің мұрасы?

Сонау 1950-жылдары төменгі сыныпта оқып жүргенде «Ананың сүюі» атты өлеңді таңдайымыз тақылдап, жатқа айтатынбыз. Құлағы шалған ата-аналарымыз да бұл шумақтардың авторын білгісі келетін. Біз кітапқа үңіліп: «Ыбырай Алтынсарин», — дейтінбіз.

«Ананың сүюі» (өлең жолдары)

Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс, дамылсыз жүретұғын.

Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін.
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.

Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманы болмас ед өлгенінше.

Мұғалім тәжірибесі: екі оқулық — екі автор

Арада жылдар өтті. Красноармейка орта мектебіне мұғалім болып орналастым. Әуелі бірнеше жыл тарих пәнінен сабақ бердім, кейін жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетін оқыта бастадым.

Бір күні кезекті сабаққа дайындалып отырып, әлгі таныс өлең жолдарына көзім түсті. Бұл — Алматыдағы «Мектеп» баспасынан 2004 жылы шыққан 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы еді. Онда өлең авторы Міржақып Дулатов деп көрсетілген.

8-сынып оқулығы

«Мектеп» баспасы, Алматы, 2004

Автор ретінде: Міржақып Дулатов

10-сынып хрестоматиясы

«Астана-ПВ» баспасы, Астана, 2006

Автор ретінде: Ыбырай Алтынсарин

Сабақ үстіндегі қайшылық

Осы жерде мұғалімнің екі оттың ортасында қалатыны айтпаса да түсінікті: 8-сыныпта өлеңді Міржақып Дулатовтікі деп оқытып, 10-сыныпта сол өлеңді Ыбырай Алтынсариндікі деп түсіндіруге тура келеді.

Мәселенің түбі: немқұрайдылық па, үйлесімсіздік пе?

Ұмытып барады екенмін: «Мектеп» баспасының 2005 жылғы 9-сынып оқулығында авторлар алқасы «Ыбырай Алтынсарин» атты мақаласында «Ананың сүюі» өлеңіне арнайы тоқталып, ананың еңбегін қарапайым өлең жолдарымен жеткізгенін атап өтеді.

Дәйексөзге назар

«Әсіресе, “Ананың сүюі” атты өлеңінде түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп асыраған, еркелетіп өсірген, жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырған, еңбек сүйуге елгезек етіп тәрбиелеген ананың ұшан-теңіз еңбегін айта келіп, ұмытпай, ең кемінде жұлдыз сайын хат жазып тұрсақ, анаңның төбесі көкке жеткендей болады, — деген қарапайым өлең жолдарымен жеткізе білген», — дейді.

«Тіл — буынсыз» деген осы болар: «қарапайым өлең жолдары» деген баға да беріліпті. Оны қоя тұрайық. Ең бастысы — бірде Міржақып Дулатовқа, бірде Ыбырай Алтынсаринге телініп, көкпарға айналған бұл өлең, сонда, шын мәнінде кімнікі?

Қорытынды ой

Оқулықты баспаға дайындаған, «мүйізі қарағайдай» ғалымдарымыздың «мал иесін анықтауға» қауқары жетпеді деп кесіп айту дұрыс болмас. Бірақ мұнда немқұрайдылық айқын аңғарылады. Қалай десек те, оқулықта оралымсыздыққа да, орашолақтыққа да жол берілмеуі керек. Бұл — ғылыми қағида деңгейіндегі талап.