Ұстаз болу - жүректің батырлығы
Ұстаз — адамгершіліктің ең биік үлгісі
Ұстаз бейнесі — шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары өлшемі. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың қайнар көзі іспетті. Ол — сезім мен үмітті оятатын сәуле. Келешек үшін тырмысып, жанын аямай еңбек ететін, өз бойындағы әлсіздікті жеңе білетін жан. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы.
Ұстаз — өзінің бар күнін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнауға бел буған мейірім иесі. Шәкірттің жүрегінде мәңгілік із қалдыратын ұстаз қандай мейірбан, қандай сұлу бейне десеңізші!
Негізгі ой
Ұстаз — білім ғана емес, адамдық пен мақсатқа адалдықты да үйрететін тұлға.
Шәкірт жүрегіндегі із
Ұстаз сөзі мен үлгісі уақыт өткен сайын ұмытылмай, тұлға болып қалыптасуға жол ашады.
Жанар Ғилманқызы — сөз өнеріне жетелеген ұстаз
Сол мейірімді жандардың бірі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ибраева Жанар Ғилманқызы. Жанар апай әр шығарманы сыңғырлаған үнімен оқып, асыл ойды санамызға берік әрі нық етіп құюға бар күшін жұмсайды.
Өлең жолдары — ойға тірек
«Мұғалім — ардақты жан, ұмытылмас,
Өзіме бала күннен үні сырлас.
Нәр алып алғашқы рет сол ұстаздан,
Арманның асқарына ұмтылған жас»,
— деп Н. Әлімқұлов айтқандай, біз жыл сайын есейіп, азамат болуға ұмтыламыз.
Бала қиял кейде қол жетпес арманға қанат сермейді. Сол жолда кездесетін кедергілерден сүрінбей өтуге, алға қойған мақсатқа жету үшін күресуге үйрететін де — ұстаз.
Алғашқы ұстаз — жүректегі ең жылы естелік
Айналама қарасам, өмірі өнегеге толы, әр күні кейінгі ұрпаққа үлгі болар жүрегі жылы ұстаздар аз емес. Солардың бірі — алғашқы ұстазым Ділмұханова Назира Қабекенқызы.
Мектеп табалдырығын қорқынышпен аттаған сәтім әлі есімде. Назира апай бала жүректегі сол қорқынышты сейілтіп, мейірімін танытты. Ең алғаш қолымызға қалам ұстатып, мектепке тарыдай болып кірген бізді таудай етіп өсіруге бар ықыласын салды.
Әлі есімде ұстазымды көргенім,
Өз анамдай болған еді ол менің.
Содан бері мұғалімімді қадірлеп,
Білім деген асқар тауға өрледім.
Мектеп — балалықтың үнсіз куәгері
Уақыт өте бұл мектеп менің сүйікті ордама, ұстаздарым мен жанымдағы жақын ортаға айналды. Мектеп бөлмелеріндегі өсімдіктердің өзі сан рет оқылған жырдың, сабақта шертілген сырдың, балалыққа толы шытырман оқиғалардың куәсіндей. Олар да сол естеліктерді қайта тыңдауға құмартып, жайқалып тұрғандай әсер қалдырады.
Бұл — ұстазымызбен талай түйінді мәселені шешіп, талай шындыққа көз жеткізіп, өз жолымызды таңдауға талпынып, өмірлік кеңес алған қасиетті мекен.
Ғафу Қайырбековтың сөзі
«Ұстаз болу — жүректің батырлығы.
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы.
Азбайтұғын адамның алтындығы».
Қоштасу — ұмытылу емес
Бірақ қызықты ертегі секілді бұл балалық шақ мәңгіге созыла ма? Бір күні біз де мектепті тәмамдап, өз жолымызды тауып, қарлығаштай қалықтап, алтын ұямызбен қоштасамыз. Алайда бұл орын біз үшін қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені ұстазымыздың да, мектебіміздің де бейнесі санамызда мәңгі сақталады.
Қорытынды
Білмей қалсам — кешірген,
Балалық деп түсінген.
Қандай адам болса да,
Алдыңызда бас иген.
Атырау қаласы, Амангелді орта мектебінің 7 «Б» сынып оқушысы — Есенаманова Аяулым