Тілімізде тек қана көнерген сөздер ғана емес, сонымен қатар көнерген сөз тіркестері де бар

Көнерген сөз тіркестері және фразеологизмдер

Тілімізде тек көнерген сөздер ғана емес, көнерген сөз тіркестері де бар. Фразеологизмдердің құрамында архаизмдер де, историзмдер де ұшырасады. Сондықтан оларды фразеологиялық архаизмдер және фразеологиялық историзмдер деп екіге бөліп атау орынды.

Фразеологиялық архаизмдер

Фразеологиялық архаизмдерге тілдің даму барысында жалпы қолданыстан шығып қалған кейбір тұрақты сөз тіркестері жатады. Бұл топтағы фразеологизмдер көбіне діни ұғымдармен және салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен байланысты болады.

Діни ұғыммен байланысты тіркестер

  • бесін намаз
  • сегіз жұмақ
  • жеті тамық
  • қыл көпір
  • ақыр заман
  • топан су
  • құрбан айт
  • құрбан шалу
  • құрмалдық айту
  • көк қошқарың болайын
  • жерге түскен жеті әліп
  • ғайып ерен қырық шілтен
  • әулиеге ат айтып, қорасанға қой айту

Салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен байланысты тіркестер

  • қырық жеті
  • отыз жеті
  • ұрын бару
  • ірге көру
  • отқа май құю
  • шашу шашу
  • қол ұстатар
  • бет ашар
  • шаш сипатар
  • бауыздау құда
  • өлі-тірісін беру
  • қос қатын алу
  • тоқал алу
  • төсек жаңғырту
  • сүйек жаңғырту
  • ат-шапан айып
  • үйірімен үш тоғыз

Мақал-мәтел үлгілері

  • Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки.
  • Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін.
  • Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас.
  • Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
  • Байтал шауып бәйге алмас.
  • Шынжыр балақ, шұбар төс.
  • Алтын басты әйелден бақа басты ер артық.

Фразеологиялық историзмдер

Фразеологиялық историзмдер — тарихи белгілі бір кезеңде зат немесе құбылыс туралы ұғымды білдіріп, бүгінгі күні жиі қолданыла бермейтін тұрақты сөз тіркестері.

Историзмдерге жататын тұрақты тіркестер

  • бай баласы
  • жарлы баласы
  • ата баласы
  • қара шаруа
  • қара шекпен
  • басы байлылық
  • кедей теңдігі
  • әйел теңдігі
  • өзара салық
  • тап жауы
  • халық жауы
  • кедейлер комитеті
  • жер аудару
  • төре аға
  • жүз басы
  • қызыл отау

Компоненті жаңарып қолданылатын үлгілер

Октябрь төңкерісі
Октябрь революциясы
Кеңес өкіметі
Совет өкіметі
Кеңес үкіметі
Совет үкіметі
Партия ұясы
партия ұйымы
Қызыл тақта
құрмет тақтасы
Қызыл керуен
автомашиналар керуені

Көнерген грамматикалық формалар және идиомдардың көнелігі

Фразеологизмдер ертеден халықпен бірге жасасып келе жатқан бейнелі сөйлеу үлгілері болғандықтан, олардың құрамында көнерген грамматикалық формалар да кездеседі. Мысалы, «ат жақсысы қартады, негізіне тартады» немесе «жақсы сылаумен жарайды, жаман сылаумен кәриді» дегендегі «қартады», «кәриді» тұлғалары — көне формалар. Қазіргі қазақ тілінің грамматикалық жүйесіне сай олар «қартаяды», «кәртейеді» түрінде қолданылар еді.

Идиомдардың ерекше орны

Тұрақты сөз тіркестерінің ішінде көнелігі жағынан идиомдар ерекше орын алады. Академик I. Кеңесбаев идиомдардың ең көнеленген қабатқа жататынын, идиомға айналу үшін бірнеше сөз тобының ұзақ тарихи уақыт ішінде дерексізденіп, тікелей мағынасынан ажырауы қажет екенін атап көрсетеді. Сонымен бірге идиомдардың қалыптасуына халықтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдени ортақтастығы да ықпал етеді.

Көркем әдебиеттегі қызметі және әлеуметтік реңкі

Көнерген фразеологизмдер көркем әдебиетте бейнелілік пен мәнерлегіштік қызмет атқарады. Олар, әсіресе, тарихи шығармаларда белгілі бір кезеңге дәуірлік сипат беру мақсатымен жиі қолданылады.

Идеялық мазмұн және қоғам көрінісі

Кейбір мақал-мәтелдер өткен қоғамдағы үстем тап пен еңбекші қауым арасындағы әлеуметтік теңсіздікті айқын танытады. Мәселен, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» тәрізді үлгілер әлеуметтік жікті көрсетеді. Сондай-ақ идеясы бүгінгі ұстанымға үйлеспейтін ескі мәтелдер де кездеседі: «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Байтал шауып бәйге алмас» және т.б.

Зұлымдықты әшкерелейтін үлгілер

  • Хан қарақшы, халық сарапшы.
  • Шала молда шарық айтар, төреге ерген ер-тоқымын арқалар.

Осы тәрізді тұрақты тіркестердің әлеуметтік бояуы айқын болғандықтан, оларды әлеуметтік мәнді фразеологизмдер деп атауға болады.

Қолданыс өрісі

Көнерген тұрақты сөз тіркестері мен әлеуметтік мәнді фразеологизмдер М. Әуезовтің «Абай жолы», С. Мұқановтың «Сұлушаш», «Ботакөз», Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» және басқа да шығармаларында молынан кездеседі.