Білесің ғой, шынында екеуін көрсем мейірімденіп қуанам

Дауыл астындағы жол

Батыстағы сан шабуылдың бірінде аспанды аяқ астынан қара бұлт қаптады. Солтүстіктің сақылдаған ызғарлы желі долданып соққанда, өңімнен өтіп бара жатқандай күй кештім. Жел кейде айдаһардай ысқырып, ұйтқыта итеріп өте шығады. Кейде аңдай ұлып, ышқынып, ішін тартып, үрейлендіре соғып, астымыздағы жануарды тәлтіректетіп, иығынан екпіндей жұлып, бізді ер үстінен ауытқыта жаздайды.

Ал кейде кенет саябырсып, баяулап, сыбырлай аяңдап, жер бауырлап өтеді: орман жапырақтарын сылдырлата желіп, бізді мазақтағандай сылқ-сылқ күліп, майда желіске салып, мәймөңкелей жөнеледі.

— Уа, табиғат! Сен де бүгін сағат сайын құбылып, құтырып қажыттың-ау, — деді қасымдағы жолдасым қатарласа беріп.

— Жолдас гвардия полковнигі, алдағы сарайды паналап, біраз тыныс алып, темекі тартсақ қайтеді?

— Жарайды, — дедім.

Орға паналау

Жау оғынан шоқының басындағы орды паналап, жерден мойнымды қылқита ғана көтеріп, дұшпан бағытын дүрбімен шолып өттім. Сосын жерге отыра беріп, картаны болжау үшін планшеткамды — шанашымды — аша бергенімде, күтпеген жерден көк конверт жерге түсіп кетті.

Көк конверттің ішіндегі үн

Хат

Қалай, аман-сау жүрсің бе? Сенен хат алмағалы көп уақыт болды. Қайда жүргеніңді кім білсін. Тек ұзын құлақтан амандығыңды естігенде ғана көңілім бір сәт жай тапқандай болады, әйтпесе сенен анық-қанық хабар жоқ.

Ағайдың адресіне бірнеше рет хат жазып едім, алған-алмағаныңды білмеймін. Бірге болсаңдар, ол кісі саған табыстайтын адам еді ғой. Неге хат жазбайтыныңа түсінбеймін.

Сенімен уәдеміз басқаша еді ғой. Мен соны күтіп, жазды өткізіп алдым… Қалайша бұлай болғанына тіпті көзім де, ойым да жетпейді. Мүмкін, бұдан бұрын қателескен де шығармын — олар сен сияқты жандар емес еді ғой. Ал дәл осы жолы қателеспедім деп ойлаушы едім…

Сенім мен намыс

Әр кезеңнің әртүрлі кезі болатынын білемін. Әйткенмен сенің жүрегіңнің бір бұрышында жүргеніме күмәнім жоқ — соған сенемін. «Өлімнен ұят күшті», «жаным арымның садағасы» дегенді қатты түсінемін — қазақтың қызымын.

Бұларды сені түсінеді деп жазып отырмын. Басқа нәрсемен, не сені қызғанғандықтан айтып отырғаным емес. «Әйелдердің бәрібірі бірдей» деп ойлама.

Сендердей адамдарды аттарыңды естігендердің бәрі-ақ сүйіп қалуы мүмкін (өзіңді де, атағыңды да). Бірақ сенің бір-ақ жүрегің бар. Өзіме сен айтқан едім ғой — «ешқашан қызғанбаймын» деп. Айтқаным — айтқан.

Менің қазынам — өзіңсің. Сені сүйген жүрек қандай жаза тартса да, бәріне риза… «Сүйгеніңнен тарт» деген қарғысты да естіген шығармын. Бұл кінәлау емес — сағыныштан туған наз ғана. Саған айтпағанда, кімге айтайын? Кім түсінер?..

Ойлас адамдардың одағы

Жақында күтпеген жерде ескі бір кітапқа көзім түсіп, мынадай ғажайып сөздер оқыдым. Бақытты махаббатқа берілген анықтама секілді: «Союз одинаково мыслящих…»

Ой-пікір, ниет, мінез-құлық үйлескен, орынды жерде бір-біріне ақылгөй, бірінің ойына бірі ой қосатын жұбайлар шынында бақытты болар, сірә. Олар тел қозыдай табиғаттың егізі емес пе?

Сенің дос ақыныңның бір кезде: «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген сөзі есімнен кетпейді.

Ондай адамдар біздің елден мыңнан екеуі табылар ма екен — мен айналамнан көре алмадым. Тек анда-санда Іскендірлермен сөйлескенде ғана көңілім көтеріліп қалады.

Білесің ғой, екеуін көрсем шынымен мейірімденіп қуанам. Олардан саған сәлем, әсіресе жеңгейден.

Биыл жүрегім ауыратын болып жүр: ыстықтан ба, әлде жердің биіктігінен бе — білмеймін. Бірақ бас себеп сен бе деп ойлаймын. Емін өзің тап.

Саған арнап көп хаттар жазып едім, бірақ жібермедім. Жолыққанда оқырсың. «Мен сенің ашуыңнан қорқамын» деуші едің — қалай, енді қорықпайтын болдың ба? Осы хатыңнан басқа бір хат алғаным жоқ…

…деп аяқтап, «сүйдім» депті.

Өлең жолдары

Жас едім, жазығым не — сүйген жүрек, Көп күндер күте-күте жүрген тілеп. Қара түн, қалың орман куә еді ғой, Кіршіксіз қосылғанда ыстық тілек. Құр сүлде, жан шыққан жоқ, дене мұздай, Көз жұмсам көрінеді шың терең құздай. Аталса сенің атың, сәуле жаным, Дәрмен жоқ отыруға өңді бұзбай.

Өмірімнің бар қызығын, Бәрін саған арнадым. Еш адам жоқ түсінер бір, Жалғыз өзім зарладым. Талай түндер кірпік қақпай жасаған, Жазығым не? Неге қатты қарғадың?

Өзің кешір, бірақ сені сүйіп ем, Өзің куә — саған басты иіп ем. Оқты көзің өн бойымды өрлеген, Өзің сөндір, өз отыңа күйіп ем…

«Менің биыл жаз бойы үйде жатып шығарған өнерім ғой — келмеген жерін түзерсің, бірақ еш адамға көрсетуші болма…» — деп хатын аяқтапты.

Түсініксіз табылыс

Жолдасымның бетіне тесіле қарап, хатты ұсындым:

— Мына хат қайдан жүр? Менің қағаздарымның арасына қалай түсіп кеткен?

Ол түрі құбылып, төмен қарады.

— Мана сіздің қағаздарыңызды жинағанда асығыста жаңылысып, араластырып алған шығармын, — деді.

— Мен де абайсызда оқып қойыппын. Айыпқа бұйырмаңыз, ерім… Әйткенмен, жаман адам жазған хатқа ұқсамайды…