Бүгінгі жас - ертеңгі маман
Тәуелсіздік — ұрпаққа аманат
Биыл ел егемендігіне 26 жыл толды. Бұл күн мен үшін, сондай-ақ Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мереке. Дүниеге келген сәттен бастап тәуелсіз елдің ұрпағы деген аталы сөзді естіп өстім.
Батыр бабаларымыздың тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресін тарихтан таныдым. Қаншама баһадүр ерлер қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етті. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы орындалып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атты.
Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін — мәртебе, бақыт және мақтаныш.
Өмір жолым: туған жерден басталған тағдыр
Мен 1991 жылдың 1 маусымында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйде жеті қыз және бір ұл болып өстік. Менен кейін әулетімізде көптен күткен інім дүниеге келіп, бүгінде қара шаңырақтың иесі атанды.
Әкем — жұмысшы, анам — Батыр ана. Қазір анам зейнеткер.
Мектеп
1997 жылы Сарға ауылындағы Ә. Жанкелдин атындағы орта мектептің 1-сыныбына бардым. 2008 жылы мектепті жақсы аяқтадым.
Колледж
Сол жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша білім алдым. 2011 жылы оқу ордасын абыроймен тәмамдадым.
Мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Арманым — сол кісілердей бала жанының жанашыры, ақылшысы әрі бағбаны болу еді. Оқу жылдарында қоғамдық шараларға белсене қатысып, қолымнан келгенше қасымдағы достарыма көмектесуге тырыстым.
Еңбек және білім: ұстаздыққа бастар жол
Дипломымды алып, туған ауылыма оралдым. Еңбек жолымды Сарға бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып бастадым. Балғындардың тәтті тілі мен қылықтарын көре жүріп, жақсы тәрбие беруге ұмтылдым, жаман әдеттен аулақ болуға шақырдым.
2011–2015 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде білім алып, жоғары білімге қол жеткіздім.
Қазіргі қызметім
Бүгінде Ә. Жанкелдин атындағы орта мектепте дайындық сыныбының мұғалімі болып қызмет етемін. Еңбек етіп жүргеніме үш жыл болды.
Жетістіктер мен марапаттар
-
2017 ж. — «Білікті жас маман» мектепішілік байқауында 2 орын.
-
«Жас маман, қарышта! Даңқың жетсін алысқа!» тақырыбындағы жас мамандар семинарында «Ең қызықты ашық сабақ» номинациясы бойынша диплом.
-
2015 ж. — «Бабалар ерлігі — ұрпаққа өнеге» тақырыбындағы аудандық сырттай плакаттық суреттер мен фотобайқауда «Бейбітшілік жасасын» номинациясы бойынша жетекшілік еткенім үшін III дәрежелі диплом.
-
2017 ж. — ҚР бойынша білім беру мекемелері қатысқан республикалық олимпиадада «Математика» және «Мектепалды даярлық» пәндері бойынша жүлдегерлерді даярлағаным үшін Алғыс хат.
-
Балабақшаішілік «Ал, қанекей, аналар!» байқауында 1 орын.
-
2017 ж. — Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» сайысында 1 орын алғаным үшін диплом.
-
18 мамыр — Халықаралық музей күні және 21 мамыр — Мәдениет күніне арналған «Ел іші — өнер кеніші» көрмесіне белсене атсалысқаным үшін диплом.
Ұстаздық миссия: білім мен тәрбие
Мен үшін Отанға аз да болса пайдамды тигізіп, елімнің болашағы үшін еңбек етуден асқан абырой жоқ. Сарға ауылындағы Ә. Жанкелдин атындағы білім шаңырағында өзім де он бір жыл оқыдым. Бүгін де сол ұлағатты ұстаздарым білгенін үйретіп, қолдау көрсетіп келеді. Ұжымымыз ұйымшыл, бірлігі берік.
Неліктен дәл осы кезең маңызды?
Адам тұлғасы бала кезінен қалыптасады. Дәл осы уақытта баланың болашақ азамат ретінде негізі қаланады. Елдің болашағы — білімді жастардың қолында. Бүгінгі жас — ертеңгі маман.
Сондықтан шәкірттеріме сапалы білім беруге бар күшімді саламын. Әр сабақты балаларға түсінікті етіп жоспарлап, олардың оқуға деген ынтасын ояту үшін үздіксіз ізденемін. Соның нәтижесінде оқушыларым түрлі байқауларда жүлделі орын алып жүр.
Меніңше, әрбір бала — талант. Тәуелсіз елімізде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Болашақ жастарға сенемін.
Еліміздің ертеңі және жеке өмірім
Бүгінде шүкір, тарихымызды түгендеп, шекарамызды бекіттік. Еліміз қарқынды дамып келеді. Туған топырағым — Сарға ауылының бүгінгі келбеті соның айғағы.
Ендігі мақсат — тәуелсіздігімізді нығайтып, Мәңгілік Елімізді көздің қарашығындай сақтау.
Үлкен әулетке келін болып түскеніме алты жыл болды. Ата-енем де — ұлағатты ұстаздар. Қазір құрметті демалыста, немерелерінің мейіріміне бөленіп отыр. Аллаға шүкір, бүгінде инабатты келін, ардақты жар, үш баланың аяулы анасымын.
Сонымен қатар Мәңгілік елдің іргесін қалайтын балапан жеткіншектерге сапалы тәрбие мен саналы білім беру, ұлағатты ұстаз болу — өмірлік ұстанымым.
Қорытынды
Тәуелсіздіктің құрдасы болу — бір бақыт. Отанымыздың даңқын асыру — бәріміздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің ақ таңында туып-өскен ұрпақ үшін бұл — үлкен қуаныш, ұлы мереке.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, халқымыздың абырой-беделі асқақтай берсін!