Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы
Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінде әртүрлі мейрам болады: дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы. Өзгелерді былай қоя тұрып, көршілес орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың да мақалы бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жұтаң екені осыдан да аңғарылады.
Наурыз — ұлт мейрамы
Жалпы мұсылман жұртына ортақ жылына екі рет келетін Ораза айт пен Құрбан айтты есепке алмағанда, бізде жалғыз-ақ мейрам бар — Наурыз. Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы.
Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі де мейрам етеді: Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістан жұрты. Бірақ олардың бәрін салыстырғанда, Наурызды қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды әрі дәлелді.
Күн мен түн теңелген шақ
Неге десеңіз, наурыздың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенелетін мезет туады. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың — жанды-жансыздың — тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық.
Қазақтың қуанышы неге бөлек?
Тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге болады. Өйткені қазақтың күнкөрісі табиғаттың райына тікелей байланған.
Тіршіліктің арқауы
Тіршіліктің арқауы — алдымен тамақ. Ал қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де — бәрі малмен өлшенеді.
Қыс пен жұттың салмағы
Өнері, кәсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолдан игерген мәдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Ал қазақ үшін болмашы боранның өзі, жауын-шашын, топтанған бұлт, ауысқан жел, тіпті жаңа айдың қалай туғанына дейін — бәрі де мәнді белгі.
Бұл — ермек емес, тәжірибе
Мұның бәрі әшейін еріккеннен тапқан ермек емес. Қазақ тәжірибемен білген: қыстың ауыр не жеңіл өтуі тіршілікті өзгертеді. Жеңіл болса — құт, ауыр болса — жұт.
Малсыз қазақтың күні бар ма? Малын аман сақтау үшін қазақ қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіреді: малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығады. Қыс қалай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шақ.
Сондықтан қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қазақ өзгелерден артық қуанбай қайтсін? Жаздың басы болған жаңа күн — Наурызды қалайша мейрам етпесін?
Ел еңсесін көтерген Наурыз
Соңғы жылдары қазақтың шаруасы күйзеліп, байтақ ел ашаршылыққа ұшырап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарып еді. Енді, шүкір, заман аздап түзеліп, шаруа оңалуға айналды. Жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр.
Көрісу, күлкі, жаңару
Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынады: шаруаның бір малы екеу болып, көңіл өседі. Жасы үлкендер құшақтасып көріседі, жаңа өскін жас буын қуанысып күліседі. Жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мейрам болады.