Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт - азаттық қозғалысының басталу себептері және барысы



Жоспар:

Кіріспе
Негізгі бөлім
1. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басталу себептері және барысы
2. Қарулы күрестің күшейген кезеңі және оның жеңілуі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер;

ХIX ғасырдың 30-шы жылдарында патша өкіметі Қазақстанда отарлау саясатын онан әрі өрістетіп, қазақ халқының саяси дербестігін біржола жоюға бағытталған шараларды кеңінен жүргізе бастады. Әбілқайыр, Абылай хандармен жасасқан шарттардағы Қазақстан жеріне кірмеу, солдат алмау, тек салық төлеу жөніндегі міндеттемелер аяқ асты етілді. Қазақ жерінде әскери шептер, бекіністер салынып, шұрайлы жерлерге патша өкіметінің қол шоқпары болып келген казак-орыстарды қоныстандыру шаралары жүргізілді. Ресейдің қазақ жеріндегі әкімшілігі өзен-көлдерді, құнарлы жерлерді, орман-тоғайларды өз қармағына алды, ал оны пайдаланған қазақтарға салық салынатын болды. Әкімшілік басқару жүйесін қайта құру барысында қазақ жерлері кокругтерге бөлінді. Бұл округтер Батыс-Сібір және Орынбор генерал-губернаторлығына қарады.Олар қазақ жерінде "бөліп ал да билей бер” деген отаршылдық ұранды бұлжытпай іске асырды. Алдымен қазақ жерін сыртынан құрсаулап көптеген бекіністер салынды. Іргелеп ішке кіріп айнала қоршау-құрсау орнатқан Ресей отаршылдары Абылай көз жұмғаннан кейін Қазақстанның ең бір шұрайлы жерлеріне бекіністер салуға кірісті. Сөйтіп, Ырғыз, Торғай, Ақмола, Көкшетау, Ортау, Қарқаралы бекіністері бой көтерді. Қазақ жеріне кеулеп еніп келе жатқан патша өкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан Абылай ханның баласы Қасым болды. Ол патша әкімшілігіне хат жазып, кісі жіберіп, оларды түсінісуге, пәтуаға шақырды. Қазақтың ежелгі қоныстарына бекіністер салуды, қазақ жерлеріне казак-орыстарды әкелуді, олар арқылы халыққа қысым көрсетуді тоқтатуын талап етті. Оның бұл хаттарына жауап болмады, жіберген адамдары қайтарылмады. Сонда барып, Қасым патша өкіметіне ашық қарсы шығуды ойлады. Ол бұл күресте Қоқан хандығына сүйенбекші болды. Патша өкіметі тарапынан қысым көре бастаған ол 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшіп барды. Оның діні бір, тілі бір қоқандықтардан күткен үміті ақталмады. Олар оның қайсар ұлдары Саржан мен Есенгелдіні, кейінірек өзін өлтірді. Медреседе оқып жүрген ұлы Кенесарыны (1802 жылы туған) Ташкент түрменсіне қаматты.
Қайырымды адамдардың көмегімен абақтыдан аман шыққан Кенесары ата мекені Ұлытауға келіп қоныстанды. Осы Ұлытауда жүріп, ол өз өмірін қазақтың тәуелсіз ел, дербес мемлекет болуы жолындағы, күреске арнады. Ол Ресей сияқты аса қуатты ірі мемлекетпен күресу- қазақтың үш жүзінің күштерін біріктіруді, едәуір құрбандықтарды, тек әскери ғана емес, сонымен бірге дипломатиялық күш жігерді де талап ететін ой таразысынан өткерді.
Кенесары Қазақстан патшалық Ресейге де, Орта Азия хандықтарына да тәуелді емес, олармен тең қарым-қатынаста болу керек деп есептеді. Ол патша әкімдеріне жазған бір хатында: Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұры, Ақият, Тоқзақ сияқты ата-бабаларымыз мұра еткен жерлер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, бекіністер салынды. Күн сайын біздің жерлерімізді басып алып, әскери қамалдар салу арқылы халықты ашындыруға жол берілуде. Мұның өзі біздің келешегіміз үшін ғана емес, бүгінгі тіршілігіміз үшін де қауіпті болып отыр деп көрсетті.
Патшаның жазалаушы отрядтары мен жергілікті сұлтандардың озбырлығы туралы айта келіп тағы бір хатында ол былай деп жазды: "1825-1840 жылдар аралығында олар біздің ауылымызды 15 рет тонауға, талауға салды. Мұндай қысым мен тонауға, талауға, кісілерімізді өлтіруге шыдай алмаған біз бетіміз ауған жаққа көшуге мәжбүр болдық. Бірақ, олар бізге мұнда да тыныштық бермеді. Сондықтан мен, Қасымұлы қолыма қару алып халқымның ұлы күресін басқаруға шықтым”. Бұл хаттан Кенесарының патша үкіметіне ашық қарсы шыққанын көреміз.
Кенесары көтерілісінің басты мақсаты- патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан-жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай-ақ Кенесарының тағы бір көздеген мақсаты- қоқандықтардың тепкісіндегңі Оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосу еді.
Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші- бұқара халық болды. Олар күшейе бастаған отарлық езгіден, феодалдық топтардың қысымынан құтылуға тырысты. Көтеріліске сонымен қатар ақсүйек өкілдері де қатысты. Олар көтерілісті, бір жағынан, өз мүдделеріне пайдалану, бұрынғы артықшылықтарын қайта алу, екінші жағынан, көшпенді дербес феодалдық мемлекет құруды көздеді.
1838 жылы Кенесары туының астына мыңдаған сарбаз жиналған еді. Олардың арасында үш жүздің қазақтары болды. Кенесарыны белсенді қолдағандардың арасында Орта жүз бен Кіші жүздің белгілі рулары- Қыпшақ, Төртқара, Жағалбайлы, Шекті, Алшын, Керей, Жаппас, Бағаналы, Тама, Табын, Арғын т.б. ру тайпаларының жігіттері аз емес-ті. Олардың көпшілігі мал өсірген, егін еккен. Осыған орай жер шаруашылығынан зардап шеккендер кедей және орта шаруалар болды. Кенесарының қол басқарған батырлары да халық ішінде аты кеңінен мәлім адамдар еді. Олардың қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақтың батыры- Иман, Табынның батыры- Бұхарбай, Тіленшіұлы Жоламан, Дулаттың батыры- Бұғыбай, Шапырашты руының батыры- Сұраншы т.б., Кенесарының інілері- Наурызбай, Әбілғазы, әпкесі- Бопай көтеріліске белсене қатысты.
Кенесары жасақтарында қазақтармен бірге қарақалпақтар, түрікмен, қарғыз, өзбек, өкілдері де аз болған жоқ. Дегенмен Кенесары барлық әдіс-амалдарын қолданып тырысып басқа да, кейбір феодалдық топтарды, үш жүздің ру-тайпалық бөлімдерін біріктіре алмады. Көтерілістің бастапқы кезінен-ақ қазақ ақсүйектері бір-біріне қарсы күресуші екі жаққа бөлінді: патша өкіметі әлпештеген бөлігі отарлаушы әкімшіліктің қолдауына сүйеніп, өздерінің саяси қарсыластарын күйретуге күш салды. Кенесарының ымыраға келмейтін қарсыластары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Кіші жүздің басқарушы сұлтандары Ахмет пен Мұхаммед Жаңтөриндер, сұлтан Баймағамбет Айшуақов т.б. болды. Кенесары Жетісуға өткеннен кейін көтеріліске қарсы ымырасыздық позицияны Абылай ханның тұқымдары, яғни өзінің туысқандары- Әли мен Сыйықта ұстанды. Бірақ осыған қарамастан, Кенесары Қасымов өзінің туы астында үш жүздегі қазақ руларының едәуір бөлігін топтастыра алды. Омбы облыстық басқармасына қарасты сот-жазалау мекемелері жинастырған мәліметтер бойынша тек Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтерінде ғана көтерілісшілерді 80-нен астам сұлтандар мен билер, ағамандар қолдаған.
1838 жылы көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жүргізді. Олармен шайқаста Ақмола қаласын қиратып, Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай-шонжарларға қарсы күресті күшейтті. Бұл тұста Кенесарының аты қазақ арасында кеңінен тарап, оның беделі бүкіл қазақ даласында дүрілдеп тұрды. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүзден адам жинап, әкесі Қасым ханның өлгеніне бір жыл толуына байланысты ас берді. Осы астан кейін үш жүзден жиналған жамағат Кенесарыны ақ киізге салып, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады.
Кенесары хан болып сайланғаннан кейін ел билеу тәртібі өзгеріп, алым-салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда-саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Керуеншілерді тоқтатып, олардан салық алынатын болды.
Мемлекеттік құрылыс қайта өзгертілді. Хандық кеңес құрылды. Кеңесіп шешетін жоғарғы органдарға ханға берілген батырлар, билер, сұлтандар, ханның туысқандары кірді. Басқарудың негізгі тұтқасы Кенесарыны өз қолында қалды. Хандық кеңеске негізінен азаттық қозғалысының мүдделеріне адал, жеке басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді. Басқарудың арнайы қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндіруін және орындалуын қадағалап отырды.
Әскери істе де Кенесары және оның көмекшілері бірқатар өзгерістерді іске асырды. Батырлар мен төлеңгіттердің басқаруындағы көтерілісшілердің әскери күші негізінен өз еркімен құралған жасақтар еді. Жасақтар жүздіктерге, мыңдықтарға бөлінді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатылды. Опасыздық жасағандар тек өлім жазасына кесілді.
Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Бірақ Орта жүзге билігін жүргізіп отырған Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көзқараста болып, оның Ресей өкіметімен мәмлеге келуіне кедергі жасады. Әсіресе, өркөкірек Горчаков Кенесарыны менсінбей, оның орыс әкімшілігіне деген өшпенділігін қоздырды.
1841-1842 жылдары Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Қоқандықтар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды. Бір айтып кететін жәйт, Кенесары Бұхара әмірімен және Хиуа хандығымен қарым-қатынасындағы саясаты біршама өзгешелеу еді. Кенесары олармен өзара толық сеніділік қатынас орнатты. Кейде Хиуа басқарушысы қазақ жасақтарын зеңбіректерімен, оқ- дәрімен жабдықтап отырды.
1843 жылы Орынбор генерал-губернаторы Перовский кетіп, оның орнына Обручев келді. Кенесары мен Персовский бір-біріне сыйластықпен қарайтын. Сондықтан көп мәселелер әділдікпен шешілетін. Енді Орынбор әкімшілігіне орыс патшасының Кенесарыға қаны қас тағы бір ұлығының келуі оны Горчаковпен бірігіп, Кенесарыны құғындауына кең мүмкіндік жасады. Сөйтіп, Горчаковпен бірігіп, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін тұншықтыруға, Кенесарының көзін жоюға 1843 жылы 23 маусымда патша Николай Біріншіден рұқсат алды. Соғыс шығынын өтеу үшін 14 мың сом, Кенесарының басын кесіп әкелген адамға сыйға беру үшін түтін салығы есебінен үш мың сом қаржы бөлінді. Әскерлер соғысқа әзірлік жағдайына келтірілді.
Кенесарыға қарсы орыс әскерлерінің жорығы 1843 жылы 27 маусымда басталды. Ырғыз өзенінің бойында патша әскерінің бір тобымен кездескен Кенесары өзінің патша өкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтып шайқасты болдырмады. Бұл тұста екі жақта әскери дайындығын мұқияттап жатты. Тамыз айында Кенесарыға қарсы сұлтандар Жантөрин, Айшуақов, полковник Гекке және Бизянков бастаған бес мың әскер жіберілді. Омбы, Петропавл, Қарқаралыдағы әскер күштері де Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. 1 және 7 қыркүйекте Кенесары жасақтары мен патша әскерлерінің арасында күшті шайқастар жүрді. Көп адам шығынға ұшырады. Бірақ екі жақта жеңіске жете алмай, майдан шебінен кері шегінді. Кенесары жасақтары енді ашық соғысқа бармай, байтақ даланың әр тұсынан көрініп, тұтқиылдан тиісіп, жау әскерін мазалап берекесін кетірді. Тынымсыз жорықтан шаршаған, үнемі қауіп-қатердің өтінде жүрген патша әскерлері түні салқын, жауын-шашынды күз түсе бере ешбір нәтиже шығара алмай бұрынғы тұрақтары Ор бекінісіне қайта оралды.
1844-1845 жылы жылдар қазақ даласындағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы өрлеудің ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. Оғап Сыр бойының, оңтүстіктің қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Жасақтардың жауынгерлік дайындығын жетілдіруге, оларды дұрыстап қаруландыруға көңіл бөлінді. Зеңбірек, мылтық, оқ-дәрі жасау, оларды сатып алу, азық-түлік дайындау жұмысы жолға қойылды. Патша әкімшілігі әскерлеріне тыңшы жіберуі, барлау жұмысы ұйымдастырылды.
1844 жылдың жазында Кенесары жасақтарын құртуға, халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша әскерлерінің үш үлкен тобы шықты. Олардың алдына Кенесары жасақтарын қоршап, шешуші соққы беру міндеті қойылды. Осы міндетті ойдағыдай іске асыру үшін, олар Сібірден Кенесарымен шайқас жүріп жатқан жерлерге бет алған генерал Жемчужниковтың әскерімен күшейтілді. Кенесары бұл күштердің басын біріктірмеуге, сөйтіп өзінің жасақтарын қоршап алуына мүмкіндік бермей, оларды бір-бірлеп құрту тактикасын қолдануды жөн көрді. Сібір әскерінің алдынан шыққан оның шағын тобы Ақмолаға қарай қаша соғыс салып, Кенесары күші Ұлытауға бет алыпты деген лақап таратып, жау күшін осы жаққа тартты. Негізгі күшпен Ақмола бекінісіне шауып, Жантөрин шоғырын қоршап, ондағы 44 сұлтанды өлтірген Кенесары мен оның батырлары 1844жылы 14 тамызда Атбасар бекінісін тікелей шабуылмен басып алды. Бұл оқиға патша әкімшілігін қатты састырды. Дуниковский, Жантөрин, Жемчужников әскерлеріне көмекке полковник Ковалевскийдің отряды жіберілді. Жоғарыдағы айтылған шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Мұғалжар тауларына барып бекінген еді.
Кенесарының 1844 жылғы шайқастарындағы табысы оның даңқын барлық жерлерге жайды. Бұхара әмірі мен Хиуа хандығы онымен тығыз байланыс жасауға ұмтылып, оған сыйлықтар жолдады. Кенесары патша өкіметінен бітім сұрап, даулы мәселелердің барлығын келіссөз арқылы шешейік деді. Патша әкімдері оған онша көп сене қойған жоқ. Дегенмен келіссөз жөніндегі ұсынысты қабыл алып, Кенесарының кепілдікке алып кеткен туыстарын, әйелін тұтқыннан босатты.
Кенесарымен келіссөз жүргізу үшін патша өкіметі Долгов бастаған бір топ адам жіберді. Олар Кенесары патша әкімшілігіне сөзсіз, ешбір шарт қоймай бағынатын болса, оған кешірім жасалады деп мәлімдеді. Кенесары бұл мәселені ойланып көремін деп елшілерді екі ай бойы ұстады. Елшілер бітім болмайтынына көз жеткізіп, "кетеміз” дегеннен кейін Кенесары Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, оларды аттандырып, жіберді. Ол хатында патша өкіметі өзінің қазақ жеріндегі бекініс-қамалдарын бұзып, қазақ халқына істеп отырған зорлық-зомбылығын тоқтатқанда, ғана Ресей бодан болуға дайын екенін мәлімдеді.
1845 жылы Кенесары Ұлы жүзге қоныс аударып, Жетісуға келіп тоқтады. Ақши, Күрті, Жиренайғыр деп аталатын жерлерді мекен етіп, осы арада ол Ұлы жүздің халқын біріктіруді, қырғыздармен одақ құрып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп оның қол астындағы қазақтарды босатуды көздеді. Кенесары Қытаймен мәмлеге келіп, онымен келіссөз жүргізу үшін Құлжаға елші жібереді.
1845 жылы қазан-қараша айларында Кенесары жасақтары қоқан хандығына жорыққа аттанады. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті қазіргі Қызылорда қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға осы жақта жұқпалы індеттің күшеюі бөгет жасады. Ол кері оралып, Жетісу жерінде өзінің келешегіне байланысты жоспарларын ойластырды.
Бұл тұста патша әкімшілігі Кенесарының төңірегіне тор құрып үлгерген еді. Ол қырғыз манаптарының және патшаға адал болып жүрген қазақтың бай шонжарларының басын қосып, Кенесарыға еңсесін көтертпейтін ең соңғы соққы беруге әзірленді. 1846 жылғы жазғы айлардың бірінде мың қаралы жасағымен Кенесары қырғызға бет алды. Хан солтүстік қырғыз манаптарынан өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары Орман, Жантай және Жанғараш тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Сарыбағаш, Бұғы, Саяқ, Солто, Шерік және басқа тайпалардың өкілдері қазақ ханының талаптарын орындаудан бас тартты. 1847 жылы сәуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен қақтығысу Ыстық көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кеклік сеңгірі деген жерінде үш жақтан қоршалған қайырымсыз қатал қамауға түсті. Оны қамаған қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің ақ қалпақ киіп, пулеметтен оқ жаудырып, зеңбірегінен от шашып келе жатқан офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының мыңнан астам сарбаздары еді. Кенесары қолы өзінен күші он есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Жасақтағы жігіттер арыстанша алысып, соңғы демі біткенше қарсыласты. Талай боздақтар осы шайқаста жан тәсілім қылды. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай тобы болды. Бірақ аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген ол ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп берілді. Патша әкімдерінің кеңесі мен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Сөйтіп бәрі бітті.
Кенесары Қасымұлының көтерілісінде бірсыпыра қайшылықтар орын алды. Олар: бір жағынан қазақтарды Қоқан хандығынан азат ету мақсатымен соғыс, екінші жағынан, туыстас, қандас қырғыздармен ескі кек алу соғысы, үшіншіден, өзіне қолдау көрсетуден бас тартқан қазақ руларынан қарсы басып-шаншу саясаты. Кенесары тұсында қарт бурадай жарадық, жауды жасқап жапырып, жауған қардай боладық, дұшпанның алдын орадық, Кене ханнан айырылып, шіл боғындай тарадық, көрінгеннен қорғалап, кісі аузына қарадық – деп Нысанбай жырау айтқандай, Кенесары мен Наурызбай өлгеннен кейін ұлт-азаттық қозғылысы басылып, бостандыққа деген үміт үзіліп, қазақ жерін қайтадан қара түнек қаптады.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы жүргізілген ең ұзақ соғыс еді. Қазақ халқының феодалдық хан мемлекеттігін қалпына келтіру бұл жолы да жеңіліспен аяқталды. Оның жеңілу себебі, дамудың феодалдық саясатында тұрған қазақ халқының бытыраңқылығы. Байтақ даланы жайлаған қазақ халқы үш жүзге және Бөкей ордасына бөлінді. Осы елдің басын қосу оңай болмады. Жүздерге жіктенген қазақ рулары көтерілісті негізінен өз жерлерінде қолдап, Қоқан және Қырғыз жерлеріне басып кіруден өздерін алшақ ұстады. Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарға озбырлығы, ауыр жазаға тартуы да көтеріліс қатарын әлсіретті. Екіншіден, ұлт-азаттық қозғалысын қазақтың бай-шонжарлары, ауқаттылары қолдаған жоқ, қайта оны басуға патша әскерлеріне көмек көрсетті. Үшіншіден, көтерілісшілердің жетілдірілген қару-жарағы болмады. Төртіншіден, ұлт-азаттық қозғалысын басуға, Қазақстанның отар ел болып қала беруіне көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары да, қырғыз манаптары да мүдделі болды.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Оның патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бұқаралық сипатымен және қазақ халқының тарихында ірі прогресшіл бағытымен айқындалды. Біріншіден, бұл қозғалыс бұқараның азаттық үшін белгілі саяси мектебі ретінде көзге түсті. Патшаның отарлау саясатына қазақ халқының кейінгі жылдардағы қарсылығы осы көтерілістің негізінде өсіп дамыды. Оның сабақтары отарлау саясатының қаншалықты озбыр, қанішерлік, халықтың тәуелсіздігін аяқ асты етіп отырған саясат екенін түсінуге, оған қарсы күресте өзінің еркі мен жігерін ұштауға көмектесті. Екіншіден, патша өкіметіне тегеурінді қарсылық көрсетіп, оның отаршыл аппаратына ірі-ірі соққы берген бұл көтеріліс халықтың күш-жігерін дұрыс ұйымдастыра білгенде жеңіске жетуге болатынын көрсетіп берді. Сонымен бірге ол қазақ халқының өсіп-өркендеуіне, ұйымдасып дамудың даңғыл жолына шығуына феодалдық бытыраңқылықтың тұсау болып отырғанын да көрсетті. Үшіншіден, Кенесары көтерілісі патша өкіметінің қазақ халқына құлдық қамытын кигізіп, біржола езгіге салатын, отарлау саясатын ширықтыра жүргізетін сәтін біраз кешеуілдетті. Көтеріліс отаршылдық саясатты қазақ даласына енгізудегі соңғы тосқауыл, ақырғы қамал іспетті.
Одан кейінгі он жылдық ішінде болған 1853-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлының да, 1856-1857 жылдардағы Жанқожа батырдың да патша өкіметіне, қоқандықтарға қарсы азаттық күресі Кенесары бастаған қозғалыстай ауқымды бола алған жоқ.

Пайдаланылған әдебиет: Қазақстан тарихы. Мусин Чапай. Алматы, 2008



Ұқсас жұмыстар

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басталу себептері және барысы
Кенесары басқарған ұлт-азаттық көтерілістің басталу себептері мен барысы
Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілуі
Кенесары көтерілісі
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс
Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі
Қазақстандағы Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалыс (1837-1847 жж.)
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі мәнін ашу
Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс
ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАРЫ
Аурудың тұрақтылығы және даму себебі
Коммерциялық ақпарат пен коммерциялық кұпия мәні және оны қорғау
Жазаның жүйелерінің және түрлерінің жалпы сипаттамасы
Аудиттің мәні және оның нарықтық экономика жағдайындағы ролі
Адамдар арасындағы қарым-қатынас және іс-әрекет психологиясы
ҚҰТЫЛЫҒҰЛЫ КҮЛТЕГІН
Жиынтық сұраныс және жиынтық ұсыныс,бұлардың кейнстік үлгісі
Агробизнес және агроөнеркәсіп интеграциясының арасындағы байланыс
Ақшаның маңызы, қызметтері және оның ерекшеліктері
Қабатты гидравликалық жару және ұңғылардың түптік аймаққа әсер ету