Жартас мұңлы
Аңшы өмірінің алаңызы жоқ еркіндігі
Аңшы өмірінде кімді болсын қызықтырып, қолға түспейтін ерекше бір нәрсе бар: ол — алаңсыз бостандығы. Өзге дүниенің ащы-тұщысын түгел ұмыттыратын жанды қызуы — аңшының әңгімесі, құсы, тілегі мен қуанышы, томағалы батыры, қыран серігі.
Анда-санда олжасыз қайту қажытпайды. Өйткені алдыңғы күн қызыл түлкінің құйрығын бұлаңдатып, дәл алдыңнан көрсетердей болып елестейді. Бір тасты қағып шығып, екіншісінен томаға тартқанда, жылпос қағушының алдындағы қорымға томағасы сыпырылған жалаңбас қыран белсеніп, кірпік қақпай қалады. Жымдай қатқан жартастың жарық-жарығына от көзін шаншып, тесіле қарайды.
Сол кезде аңшы да қиялмен еріксіз алға озып кетеді: «Қазір ана жарықтан шығады, болмаса анау алаңнан қағушының алдынан бұлаңдап жөнеледі» — деп, аш қыранмен бірге еріксіз дәметіп, делебесі қозады.
Үміттің қызуы және мағыналы өмір
Ұзақ күнді осындай жанды үмітпен өткізіп, үйге келгенде бел шешіп жайланғаны, ас ішіп тыныққаны, ертеңгі күнге үміт артып, бүгінгі көргенін айтып, ақын тіліндей шешен сөзбен әңгіме қылғаны — қызуы мол, толық өмір екеніне дау жоқ.
Онымен салыстырғанда әншейін күн кешкен тіршілік кейде шала-жансар, оты жоқ, гүлі жоқ сұр өмір сияқты көрінеді. Аңшылықта үміт те көп, қуаныш та көп. Ыстық оттай лап еткен қызулы минуттары мол, мағыналы өмір.
Сезім күйі
Аңшылықта адамды ақын күйіне жеткізетін сезім сәттері жиі туады. Бұл — салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес; сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз бен түн секілді, ыстық сезімге толы тіршілік. Өйткені бір минуттің ішінде-ақ қуантатын да, жүдететін де күй кешесің.
Соның бәрін айтып жүргендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ айласына, құсшының ебіне арналған талай тапқыр сөздер туады. Аңшылықтан бұрынғы-соңғыдан қалған қызықты, жанды, сұлу әңгімелер де көп.
Таудағы аңшы мінезі: қызулық пен сабыр
Тауда жүрген аңшыда амалсыздан екі түрлі мінез байқалады. Ішкі сезімі құбылмалы болғандықтан, олар кейде сахна әртістеріне ұқсайды: көргенін бірде шапшаң сөйлеп, қуанып жеткізеді, бірде күйініп тастайды. Мұндай қызулық пен сөйлегіштік кей аңшыны азын-аулақ өтірікке де ұрындырады.
Ал екінші бір аңшының көргені тіпті көп болғандықтан, бәрін бірдей әңгіме қыла беруді лайықсыз санайды. Ол сезімін ішке жияды да, қуаныш-күйінішін сыртына шығармайтын тастай салқын сабырмен жүреді.
Қарлы таудың суреті және көңілдің құбылысы
Аңшылықтың қызығы мен өкініші сияқты жанды өмірінен бөлек, биік шыңды таудың азын-аулақ қар басқан салқын келбетін көрудің өзі көңілді әлденеше өзгеріске түсірмей қоймайды. Қарлы таудың ішінде кейде кездесетін қара бұжыр қойтаспен меңіреуленіп, мәңгі тыныштыққа қатқан құз-қиялар көңіл күйді көп тербетеді.
Қатпарланған тастар
Кей жерде үлкен-үлкен теңдерше сүйеніскен, әлдебір алыптың қолымен қаланғандай. Кей жерде ұзатылатын қыздың үйіне жиналған сандықтай қатарланып жатыр.
Жел мүжіп тоздырған өң
Кей уақытта ұзақ жылдардың желі мен бораны тоздырған қатпарлы тастар кәрі молданың ескі құранының шетіндей жеміріліп, мүжілген.
Қатал кештің реңі
Кейде тіксиген қара жартас пен кеуделі биік таулар кеш мезгілінде ақшыл тартқан сам жақта қатал, суық тағдырды еске салады.
Түс мезгілінде тау басына шықсаң, ысқырып соққан желдің даусын естисің: бірде жынданғандай ұйытқып, бірде биіктің басына қарай төсін төсеп, екпіндеп түзу өседі. Қысты күнгі тау ішінің ұзақ ызғары жүректі толқытқан жүз толқын секілді шаншып өтеді.
Тау басында бүркітшінің қолында томағасы тартылған қыран, етектегі жарықтас жырық қорымға тығылып жүрген түлкінің түйіліп тұрған қараңғы тағдырындай көрінеді.
Қызыл жартас түбіндегі бір күн
Сыздық көрген жалпы суреттердің ішінде есінде ерекше қалған бір көрініс бар еді. Бір күні бес-алты аңшы тау ішіндегі ауылдан атқа мінді. Ерте шыққан бүркітшілер тас-тастың басына тарап, ұрымтал тұғырларды алып, қағушыларды етекке жіберіп, қашатын түлкіні тосып отырды.
Жаңа көтерілген күн сәулесінің астында қызыл жартас тұрды. Бір жағы көлеңкеленіп, әжімді кәрі жүзіндей болып, аңшылардың қарсы алдында үнсіз меңірейген. Бөлек-бөлек жарығында түлкі жатарлық қорымы көп. Қатпарлы кәрі пішіні қалың сырлыдай, ал тұнжыр қалпы мұңды көрінеді. Күндер мен жылдар тоздырған беттері терең әжімге толы: дүние қатып, жым-жырт қалған.
Кәрі қыран — Ақшегір
Кәрі аңшы Ақшегірдің томағасын тартып, үнсіз тасқа түйіліп отыр еді. Бір мезетте алыстағы қағушының айғайы естілді. Ақшегір елең етіп, бүкіл денесі екі ғана отты шегір көзге айналғандай болып, қызыл тасқа қадала қалды.
Аз уақытта қыран аңшының қолынан атып жөнелді. Сол сәтте қызыл тастың аңшыларға қараған бетінде бір жарықтан түлкі етекке қарай шұбатыла берді. Ақшегір аңшылардан бұрын қабат тастың арасынан қылп еткен жонын көріп үлгерген еді. Денесі ыстық оттай қайнаған, шыдамсыз қыран жан отындай жарқ етіп аспанға шықты.
Етекке түсе алмай асығып, қарбаласқан түлкі кең жерге шығып, ежелгі кекті жауын тосып тұра алмады: қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып, керіліп қатып қалды. Майданға шақырып тұрған жемін көрген қыран айналып, аспандап көтеріле берді. Көтерілген сайын, жын шақырған қара бақсының қабағындай төңкеріліп, қайта-қайта түйіліп, ызасын жиып жүрді.
Ақыры желге қарсы қасқарып, төсін төсеп бір екпінденіп көтеріліп алды да, бетін бұра сала түлкіге қарай шаншылып жөнелді. Құсының бар әдісі мен ерке мінезін жаттап алған кәрі аңшы қасындағы Сыздыққа: «Боздады енді, қолыңда өледі. Бұйырса, істікке шанышқандай қылып-ақ алады. Шап!» — деді.
Атын ойға тастап, жаяу отырған Сыздық биік тастың басынан құлай жүгірді. Осы кезде биіктен тасқабақтай түйіліп аққан Ақшегір қия бетте сідігін атып, қаржыңдап тұрған ақ шуланға тас жағынан келіп сарт етіп түсіп, есін жиғанша екпінімен етекке қарай қағып алып жөнелді.
Аңшылар «А, құдай!» десіп, бірінің артынан бірі жығылып, бір тас, бір омбының арасында малтығып келе жатқанда, Ақшегір түлкіні жазықтағы қалың қардың үстіне әкеліп салып, аямай бүктеп, мықтап басып алды. Қан майданның еркесі — ақ мартулы қыранның ашулы көзінде жай отындай от ойнайды. Ертегідегі жез тырнақтай сатырлаған көк болат тұяқтары түлкінің өкпесінен жанын суырып алуға асығып, кезек-кезек сығымдап қысады.
Қалың қардың үстінде алыса алмай қалған түлкі салмағынан жаншылып, қайрат қылмай бос жатыр екен. Аңшылар келіп, түлкінің сирағынан ұстап, белін сындырып, құсқа өлтіртіп, аздан соң аңырып алды. Осы кезде бұларға болып жатқан оқиғадан бейхабар жүрген қағушылар да жетті.
Әңгіме қалай көбейеді
Қағушылар қызықтан кешігіп қалғанына өкініп, бұларды көре сала, аттарын байлап тастап, жанталаса: «Қалай алды, қалай түсті?» — деп сұрасып жатты. Қыранның майданын көрген бүркітшілер де бір-ақ оқиғаны әрқайсысы әр қырынан, неше түрлі етіп айтысты.
Бір көрініс — бірнеше әсер
Қыранның түлкіні көргенде аспандап шығып, қағынып келіп түскені бір аңшыға биіктен сорғалағандай көрінді, екіншісіне шаншылғандай, үшіншісіне боздағандай. Кейбіреуіне тіпті ағылып еңірегендей әсер етті.
Мұхтар.