Қазақстан - бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері
Атыңнан айналайын, қазақ деген,
Қазағым, қайсарлығың ғажап дер ем!
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де көресіні азаппенен.
А. Иманов
Қасиетті атамекен және халық мінезі
Қазақстан — күллі қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Қазақ халқы — тар жол, тайғақ кешудің сан ғасырын бастан өткерген, алмастай өткір, қайтпас қайсар, батыл ел.
Ұлан-байтақ жері мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, халқымыз төрт түлікті бағып-қағып, оның өнімін тұрмыс-тіршілігіне жаратып, кең далада еркін көшіп-қонып өмір сүрді. Сол еркіндік пен дарқан даланың әсері болар, қазақ елінің болмысы ежелден ақпейіл, жомарт, кеңпейіл болды.
Негізгі ұстаным
Қазақ халқының өз бетімен өзге елге, халыққа тиіскенін тарих білмейді. Халқымыз үшін ең қастерлі мұрат — бірлік, тыныштық, береке.
Елдік мұрат және сөздің құдіреті
«Елдестірмек — елшіден» деген нақыл халқымыздың мәмілегерлік мәдениетін айғақтайды. Данышпан Қазыбек би жас күнінде қалмақ еліне барған сапарында қазақтың бейбіт ниетін, бірлікке негізделген өмір салтын айқын жеткізген:
Біз, қазақ деген — мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жерімізді ешбір жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Тарихтың сабағы: ерлік пен аманат
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді: не көрмеді бұл кеңістік? Даласын жаудан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата-бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшіп, елдіктің жүгін көтерді.
Батырлар рухы
Абылай хан дәуіріндегі Қабанбай, Бөгенбай батырлардан бастап, Исатай мен Махамбетке дейінгі талай ер елін, жерін қорғау жолында «қара қазан, сары бала» қамы үшін толарсақтан саз кешіп, жанын шүберекке түйді.
Алаш идеясы және ояну рухы
ХХ ғасыр басында елдің еңсесін тіктеу, сананы ояту жолында Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді арыстар «Оян, қазақ!» деп үн қатып, халықтың рухын көтеруге бар ғұмырын арнады.
Түйін
Тарих — өткеннің сабағы, ал бүгін — сол сабақтан туған жауапкершілік. Қазақ жері қасиетті, өйткені ата-бабамыз бізге бірліктің және тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атамекенді аманат етіп қалдырды.
Найзағайы өзгеше шатырлар,
Бұл далада көп сортаңдар, татырлар.
Бұл далада өседі екен қасқайып,
Сексеуіл мен батырлар!
Қадыр Мырза Әлі
Тәуелсіздікке бастар соңғы күрес: Желтоқсан рухы
Арман болған азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — қазақ халқының ұлттық тәуелсіздік жолындағы ең соңғы, ең шешуші күрестерінің бірі. Бұл оқиға қазақ жастарының еркіндікке, әділеттілікке, демократиялық құндылықтарға ұмтылысының айқын белгісі болды.
Ұлан-байтақ жерді ат үстінен түспей қорғаған бабалар ерлігі мен ХХ ғасыр басындағы алаш жастарының қайрат-жігері Желтоқсанға қатысқан жастардың бойынан көрінді.
Ерлік сөзі
Тәуелсіздік жаршысы, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков:
«Еркек тоқты — құрбандық, атам десең, атыңдар!»
— деп қасқая қарсы тұрып, ар-намысын қорғады.
Осындай ерлердің арқасында Қазақстан бүгін ата-бабамыз армандаған қасиетті ұғым — Тәуелсіздікке ие болып отыр. Тәуелсіз Қазақстанды әлем елдерінің басым бөлігі мойындады.
Мемлекет құру және даму бағдары
Тәуелсіз еліміздің алғашқы Президенті Н.Ә. Назарбаев — білім-тәжірибесімен де, табиғат берген дарынымен де халық сеніміне ие болған тұлға ретінде тарихта қалды. Ел дамуының ұзақ мерзімді бағдары ретінде ұсынылған «Қазақстан–2030» стратегиясы қоғамның мақсат-мұратын айқындауға бағытталды.
Көпұлтты Қазақстанда жүрегі бір, тілегі бір азаматтар бейбітшілік пен келісімді қадір тұтады. Тұрақтылықтың нығаюы, халықаралық байланыстардың кеңеюі, ядролық қарусыздану бағытындағы бастамалар — ел беделін көтерген маңызды қадамдар. Бұл тұрғыда Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті де халықаралық сенімнің бір көрінісі ретінде аталады.
Тұлғалық өлшем
Жүсіп Баласағұн «Құтты білікте» ел басқаратын адамның әділ, парасатты, сабырлы, жомарт, кешірімді болуы керектігін айтып, басшының басты міндеті — халыққа құт-береке әкелу, әділ заң орнату, әл-ауқатты арттыру екенін атап өтеді.
Тәуелсіз Қазақстанның туы күннен-күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Тарихымыз бай, бүгініміз баянды, ертеңіміз жарқын боларына сенім мол.
Ұрпақ аманаты: тіл, жер, жауапкершілік
Ең басты міндет — қолға қонған бақты үркітіп алмай, бірлікпен әрекет ету. Бүгінгі бейбіт заманда аға ұрпақтың ерлік істерін жадымызда сақтап, Отан деген қасиетті мекенді, ата-бабамыз көздің қарашығындай қорғап, кейінгіге аманат еткен кең байтақ жерімізді қастерлеу — әр перзенттің парызы.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі беделін арттыру, елдің дамыған мемлекеттермен терезесін тең ету, өркендеуге үлес қосу — мұның бәрі, ең алдымен, жас ұрпақтың қолында.
Автор туралы
ОЖББ №4 мектептің 9 «В» сынып оқушысы — Нұрлан Айсұлу.