Сендер мектепке жақсы дайындалыпсыңдар

Қарағанды облысы • Сәтбаев қаласы • №5 «Нұрбөбек» балабақшасы

І санатты тәрбиеші: Абдрахманова А.Х.

«Қош, балғын балалық шақ» — балабақша түлектерін мектеп табалдырығына шығарып салуға арналған әсерлі мерекелік кеш. Бұл кеште балалар ән айтып, би билеп, тақпақ оқып, ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдіреді.

Кештің басталуы

Балалар залға «Маленькая страна» әнінің ырғағымен кіреді.

Кемел: Құрметті қонақтар, армысыздар! Бәріңіз де есен-амансыздар ма? Арманға толы ойлар таусылмасын, достарым — қысылмай сөйлейік.

Балабақша есігін сәби болып ашқанбыз, балапандай мәпелеп өсірген бақшамыз.

Назерке: Ақ тілекті ақтарып бір тастайық, қоштасу кешімізді біз бастайық. Жүздеріңнен шаттық нұры арылмасын, осылай өтсін әр күнің, әр айың.

Балабақша — базарлы үй, көшедегі ажарлы үй. Шуақты шаттығы бар, өз үйіміз сияқты.

Темірлан: Тәрбие берген ұямыз, тәртіпті бала боламыз. Қоштасып балабақшамен — біріншіге барамыз.

Гүлжан: Балабақша — өз үйім. Апайлар — анамдай аялап, «бөбегім» деп аянбай өсірді.

Тәрбиешілердің тілегі

Бір ата, бір ананың тірегіміз. Қайда жүрсек те тілегіміз бір болсын. «Бірлік барда — тірлік бар» деген бабам, бірлікпен бірге соқсын жүрегіміз!

Ақ жол тілегі

Бүгінгі той құтты болсын! Дендерің сау, ғұмырларың ұзақ болсын! Мектеп есігі әрқашан ашық болсын, бірінші сыныпқа жасар қадамдарың құтты болсын!

Ән

«Біз мектепке барамыз»

Білім ханшайымымен кездесу

Білім ханшайымы: Сәлем, менің достарым! Қауышқаныма қуаныштымын. Мен сендерге қонаққа келдім. Мен — мейірімді әрі дана Білімпазбын. Барша балаға көмектесемін: оқуға, көркем жазуға баулимын.

Жүргізуші: Балалар — балабақшамыздың түлектері, болашақ оқушылар.

Білім ханшайымы: Мектепке дайынсыңдар ма? Ендеше білімдеріңді жұмбақпен тексерейін.

1) Бар білімнің бастауы, жас балаға нұр шашқан, қандай кітап тіл ашқан?

Жауабы: Әліппе

2) Қабат-қабат қатталған, ақыл сөзбен апталған, парағы бар сөйлейтін — ол қазына өлмейтін.

Жауабы: Кітап

3) Ілулі тұр кең алаң, керегімді мен одан жазып алам көшіріп, сүртем сосын өшіріп.

Жауабы: Тақта

Білім ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Енді «Иә — иә, Жоқ — жоқ» ойынын ойнайық.

Балаларға сұрақтар

  1. Мектепке біз барамыз ба?
  2. Кілең бестік аламыз ба?
  3. Айтқан тілді аламыз ба?
  4. Ақылды бала боламыз ба?
  5. Нан жеймін деп жылаймыз ба?
  6. Сабаққа ерте тұрамыз ба?
  7. Сабақта отырып ұйықтаймыз ба?
  8. Ойыншықтармен ойнаймыз ба?
  9. Екі алғанда жылаймыз ба?
  10. Оқушы біз боламыз ба?

Ата-аналарға сұрақтар

  1. Балаңызға әрқашан тірек боласыз ба?
  2. Сабақ оқуға, есеп шығаруға көмектесесіз бе?
  3. Тамағын уақытында бересіз бе?
  4. Төзімділік таныта аласыз ба?
  5. Сериал көріп отырасыз ба?
  6. Ұрып-ұрысып үйретуге барасыз ба?
  7. «Оқыту — мұғалімнің жұмысы» деп кері тартасыз ба?
  8. «Мен шаршадым» деп ұрысуға дайынсыз ба?
  9. Балаңыз үшін басқа балалармен керісуге барасыз ба?
  10. Бала үшін асулардан аса аласыз ба?

Ойын

«Сандағы қоңыздар»

Білім ханшайымы: Сендермен кездескеніме қуаныштымын. Рақмет! (Қонақтармен қоштасып шығып кетеді.)

Би, өлең және ортаңғы топтың сыйы

Жүргізуші: Айналайын балалар, алда — мектеп-ана. Өздеріңнен өседі өнерпаздар, даналар!

Би

«Көңілді би»

Көрініс

Ортаңғы топ балаларының құттықтауы

Шыңғыс: Баулып, баптап өсірген, бұзықтық етсек кешірген — ұмытпаймыз өзіңді, ұмытпаймыз сөзіңді.

Исмат: Кітап та бар, қалам да бар. Бұрын менде жоқ еді — апам әкелді. Басымды жуып, кекілімді тарап, лезде Болат ағам секілді болдым.

Алихан: Қуанамыз, сыйлаймыз қуаныштың мың гүлін. Бақшамызды қимай біз, қоштасатын күн бүгін.

Сыйлық би

«Ойыншықтар биі»

Буратино және «алтын кілт»

Музыка әуенімен ортаға Буратино жүгіріп келеді.

Буратино: Сәлеметсіздер ме, ұлдар! Сәлеметсіздер ме, қыздар! Сәлеметсіздер ме, қонақтар! Мені таныдыңдар ма? Мен — көңілді Буратино. Айдаршығым қысқа, мұрным ұзын. Жер беті мен суастынан алтын кілт іздеп жүрмін!

Жүргізуші: Сабыр ет, Буратино. Сен балабақшаға келдің. Біздің балалар балабақшамен қоштасқалы жатыр.

Буратино: Артымнан мысық Базило мен түлкі Алиса қуып келеді. Қалтамдағы тиындарымды алмақ. Бірақ мен санай алмай тұрмын…

Жүргізуші: Балалар, санауға көмектесейік! (Балалар бірге санайды.)

Ән

«Сәлем, саған мектебім»

Ойын

«Көршісін тап» (сан таңбаларын бекіту)

Кейіпкерлер кірісі

Мысық Базило мен түлкі Алиса пайда болады.

Мысық Базило: Сәлем, Буратино!

Түлкі Алиса: Сәлем, біздің сүйікті ұлымыз! Артыңда не бар, қолыңда не бар?

Буратино: Қолымда — жаңа үй. Аузы құлыптаулы. Ол үйде кітап, қалам, қарындаш тұрады. Мен ақылды, білімді болғым келеді!

Түлкі Алиса: Бірақ бір кеңес: асықпа. Мектепте не бар дейсің? (Портфелін жұлып алып, лақтырып жібереді.) Одан да бізбен бірге бір «тамаша» елге жүр.

Мысық Базило: Ол — «Ақымақтар елі». Онда ешкім жұмыс істемейді, есеп-қисаппен бас ауыртпайды.

Буратино: Папа Карло керісінше айтады: оқу керек, ақылды болу керек.

Жүргізуші: Жоқ, жоқ! Балалар, қалай ойлайсыңдар: білім елі ме, әлде ақымақтар елі ме?

Ойын

«Мектепке дайындалайық»

Ән

«Әліппе әні»

Жүргізуші: Буратино, міне сен көптен іздеген білімнің кілті.

Буратино: Алақай! Білімнің кілті менде! (Қуанып, залды екі рет жүгіріп өтеді.)

Түлкі Алиса: Кілтіңді бере тұр! Мен де мұрныма қойып жүгіріп көрсем… (Кілт түсіп қалады.)

Жүргізуші: Ай, қу түлкі! Қулығың іске аспады. Енді қой ол әдетіңді.

Мерекелік өнер нөмірлері

Би

«Блюз»

Тақпақ

Назеркенің ағылшынша тақпағы

Ән

«Первоклашка» (Балжан, Шыңғыс)

Ақниет: Жеті жасқа толамыз, әдепті бала боламыз. Қуантып ата-ананы, мектепке кетіп барамыз. Балабақшам, қош енді — әркез аман бол!

Кәусар: Мектепке ертең барамыз: оқимыз, сауық құрамыз. Қашық емес арамыз — бақшаға келіп тұрамыз. Оқып, білім аламыз, болашақ жолын саламыз.

Жанайым: Бұл — екінші үйіміз, бір туғанбыз бәріміз. Біз осы үйдің гүліміз, біз осы үйдің сәніміз. Ойыншықты жинаймыз, бөбектерге сыйлаймыз. Өнер-білім үйреткен бақшамызды қимаймыз.

Ән

«Тәрбиеші»

Алғыс және құттықтау сөздер

Жүргізуші: Балабақша — бесігім… Қабыл алшы гүлімді, сіздерге сыйлап кетейін. Енді балаларымыздың құттықтау сөздерін тыңдайық.

Әкімшілік пен ұстаздарға алғыс

Мунира: Әліппеден әріп танып, алғаш рет оқимын. Тәрбиеден тәлім алып, санамызға тоқимыз.

Балжан: Орын берген бақшадан — директор Жамалқия Қабденқызы. Жақсы адам, біз үшін орны бөлек.

Бақдәулет: Әдіскерлер Жанар Арқабайқызы, Ақмаржан Ғабитқызы — алғыс айтып, қимай барамыз. Әрқашан аман жүріңіздер.

Қызметкерлерге алғыс

С. Дарын: Ойыншық та, кесе де, шанышқы мен тәрелке, орындық, шкаф, төсектің бәрі өзінен-өзі келмейді. Соның бәрін тап-таза етіп, шаршамай күліп, зыр жүгіріп жүретін Гүлшат апайға мың алғыс!

Еңілік: Денемізді тік ұстап, сұлу болып өстік. Лаззат апайға мың алғыс!

Мұханбет: Тойымызға сән беріп, би де билей аламыз. Лена Федоровна мен Айнаш Жалаубекқызына мың алғыс!

Ақкүміс: Витамин беріп, бізді күткен медбике Анарға алғыс айтамыз.

Тәрбиешілерге мың алғыс

Ерислам: Баулап-баптап өсірдіңіз, бұзықтық етсек кешірдіңіз. Ұмытпаймыз сөзіңізді, ұмытпаймыз өзіңізді. Тәрбиешілеріміз Алтынай Хамариденқызы мен Балгүл Сайлауқызы — еңбектеріңізді ақтаймыз. Мың алғыс!

Қоштасу сәті

Қ. Дарын: Қош, «Нұрбөбек» бақшамыз — естен кетпес есімің. Қош, балдырған бақшамыз — алғаш ашқан есігім. Білім әлем көгінде қанат қағып ұшамыз.

Айғаным: Қуанамыз, сыйлаймыз қуаныштың мың гүлін. Бақшамызбен қимай біз — қоштасатын күн бүгін.

Би

Шығыс биі (Әбділда, Гүлжан)

Қоштасу биі

«Қоштасу вальсі»

Ресми бөлім

Құттықтау сөз балабақша директоры Ж. Қабденқызына беріледі. Одан кейін грамоталар табысталады.

Қорытынды ән

«Қызыл гүлім-ай» (Жанайым)

Жабылу сөзі

Жүргізуші: Айналайын, балғындар, алға бағыт алдыңдар. Ертең өсіп толыңдар, ел мақтаны болыңдар! Орындалсын ойларың, ашық болсын жолдарың. Қош, балалар, сәт сапар! Үлгілі болып, жақсы оқып, әрқашан тек «5» алып жүріңдер!

Осылайша «Қош, балғын балалық шақ» атты мерекелік кеш жабық деп жарияланады.