Одағай Леп белгісіне сүйеніп, орнынан тұрып жатып
Сөйлем мүшелерінің алғашқы мәжілісі «Абай жолы» романының ... бетінде шақырылды. Мұнда шешуші дауыспен қатысып отырғандар: Бастауыш, Баяндауыш, Толықтауыш, Анықтауыш және Пысықтауыш. Бұлар — мәжілістің толық құқықты мүшелері.
«Қатынасамыз» дегендерге есік ашық деп хабарланған соң, бүгінгі отырысқа грамматика майданының өзге саласында еңбек етіп жүрген талаптылардың да өкілдері келіпті. Сөз таптары атынан Сан есім қатысады; сөйлеммен грамматикалық байланысы болмаса да Қыстырма, Қаратпа, Одағай сөздер де осы арада.
Мәжіліс басталды
Бірінші сөз: Бастауыш
Бірінші болып, Бастауыш сөйледі:
— Мен Бастауышпын. Сөйлемде менің мойныма ұшан-теңіз жауапкершілік жүктеледі. Мен сөйлемдегі ойдың иесімін. Менсіз сөйлем басы жоқ теке тәрізді. «Кім?», «Не?» деп сұрай келген жан болса, атау тұлғада тұрған мені қиналмай-ақ бірден табады. Рас, кейде көзге түспей, жасырынып та қаламын. Бірақ ол — менің кінәм емес.
Бастауыш осы сарында қыза желпініп, ұзақ сөйледі. Даусынан бұрқырап шаң көтерілгендей болды.
Екінші сөз: Баяндауыш
Екінші болып, Баяндауыш сөз алды:
— Бәкен, тамаша сөйледі, — деп, сөзін ол Бастауышқа жағынудан бастады. — Бір ауыз артық сөзі болған жоқ. Ал енді мен өзім жайында айтайын. Мен Баяндауышпын. Қызметім — сөйлемде айтылған ой иесінің, яғни Бәкеңнің, іс-қимылын, күй-жайын білдіру. Бәкен жайын білгісі келген жұрт: «Не істеді?», «Не істеп жатыр?», «Не болды?», «Хал-тұрмысы қалай?» — деп сұрайды. Осылардың бәріне тиісті жауабын беріп, ойды мен тиянақтаймын.
— Бәкен екеумізсіз сөйлем басы мен аяғы жоқ дене тәрізді. Міне, сондықтан да бізді ғалымдар тұрлаулы мүшелер деп атайды.
Қарсы пікір: Пысықтауыш
— Лепіріп, шалқып, дандайсып — бұл не өзі?! — деп, кенеттен Баяндауыштың сөзін Пысықтауыш бөліп жіберді. — «Мен! Мен!» деп кеуде қағуды қашан қоясыңдар? «Тұрлаулы мүшелеріміз» деп бөлектенуді қашан доғарасыңдар?
— Бастауыш пен Баяндауыш, бізсіз — сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінсіз — сендер күрделі ойды бере аласыңдар ма? Бере алмайсыңдар. Ал мен болсам, Баяндауыш, сенің мағынаңды айқындап, суреттей түсем. Олай болса, сен мені неге мойындағың келмейді, ә?
Пысықтауыштың шанқ-шанқ еткен, ашынған үні парақтың арғы бетіндегілерге дейін естіліп жатты.
Толықтауыштың уәжі
Бұдан кейін Толықтауыш сөз алды. Ол Пысықтауышқа тиісті:
— Біреулерді сынай отырып, өзің неге лепіресің? Баяндауыштың мағынасын айқындайтын сен ғана ма едің?! Етістіктен болған баяндауыштарды қолдап-жебеп, көркейту — ол менің ісім емес пе? Менің бұл еңбегімді сөйлем мүшелерінің қайсысы жоққа шығара алады?!
Осылайша гүж-гүж етіп, жуан денелі Толықтауыш та біраз сөйлеп алды.
Анықтауыштың пафосы
Манадан бері бір қуарып, бір қызарып құбыла тыңдап отырған Анықтауыш сөз алды:
— Кімнің қандай қызмет атқарып жүргенін, жолдастар, өмір көрсетеді. Өмірге, шындыққа жүгініп сөйлеген жөн. Біз, Анықтауыштар, өздеріңізге мәлім, есім сөздерді анықтаймыз. Одан басқа да сөз таптарымен байланысып, белгісін, сыр-сипатын білдіретін кездеріміз болады.
Алдындағы сиясауыттан сияны қылқ еткізіп жұтып қойғандай, ол лепіре сөйлей түсті:
— Біз, Анықтауыштар, есім сөздердің ғана емес, бүкіл сөйлемнің көркі мен бояуымыз. Неше түрлі ділмәр шешен бізді — Анықтауыштарды — тіліне тиек етпей сөз сөйлемейді. Өмірдегі әдемілік пен сұлулықтың, асқақтықтың бірде-бірі бізсіз сипатталмайды. Жамандық пен жауыздықтың небір лас бояуын да біз келтіреміз... Біз... Біз...
Анықтауыш қақалып-шашалып, түр-түсі құп-қу болып барып сөзін бітірді.
Үзіліске шақыру
— Шіркінің бөседі-ақ екен! — деп, босаға жақтан Шылаудың бірі естірте күбір етті.
Парақ бетіндегі сөздер тыңдаудан жалығып, қақырынып, жөтеліп, қозғалақтап кетіпті.
— Жолдастар, үзіліс жасасақ қайтеді? — деп, Қаратпа сөз ұсыныс енгізді.
Екі үтірге шынтақтап, шаршап отырған Қыстырма сөз: — Үзіліс жасау, әрине, дұрыс болады, — деп қостады.
— Тым болмаса бес минут, — деді Сан есім.
Мәжілісті басқарып отырған Бастауыш үзіліс жариялады.
— Уһ! — деді Одағай, леп белгісіне сүйеніп орнынан тұра беріп.
Назар аударатын тұстар
- Тұрлаулы мүшелер (Бастауыш, Баяндауыш) ойдың өзегін құрайды, сөйлемді тиянақтайды.
- Тұрлаусыз мүшелер (Пысықтауыш, Толықтауыш, Анықтауыш) ойды кеңейтіп, дәлдеп, бояуын қалыңдатады.
- Қыстырма, Қаратпа, Одағай сөйлемге ерекше рең беріп, сөйлеушінің қатынасын, үнін танытады.