Мәдениетті болу дегенді қалай түсінесің
Солтүстік Қазақстан облысы, Уалиханов ауданы
«Шағырсай негізгі мектебі»
Үшінші деңгейлі бастауыш сынып мұғалімі: Куйтенова Гульманат Рамазановна
Сабақтың тақырыбы
Адамгершілік — асыл қасиет
Мақсаты
Оқушылардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату; мейірімді, ақылды, шыншыл, қайырымды болуға ықпал ету және адамдық асыл құндылықтарды игерту.
Көрнекілігі
- Ән-күй
- Үлестірмелі материалдар
- Нақыл сөздер жазылған плакаттар
Кіріспе: ой қозғау
Тәрбие сағатының тақырыбы мен мақсаты таныстырылғаннан кейін, оқушылардың ой-пікірін анықтау үшін төмендегі сұрақтар ұсынылады.
Сұрақтар
- Адамгершілік дегенді қалай түсінесіңдер?
- Адамгершілікке қандай қасиеттерді жатқызуға болады?
Түйін
Адамның адамгершілігі — оның ең жоғары қасиеті. Оның негізгі белгілерінің бірі — тек өзі үшін ғана емес, ел мен қоғам үшін өмір сүру; адамдық ар-намысты ардақтау; әрдайым жақсылық жасауға дайын болу.
Нақылдар және негізгі ойлар
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың».
«Досыңа достық — қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол».
«Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық».
Асыл қасиеттер
Ақылды, мейірімді адам өзгенің жақсылығын бағалай біледі. Арлы адам — ардақты адам. Арымыз таза болса, тарихымыз да таза. Адалдық — өмірдегі ең қымбат асыл қасиеттердің бірі: ашық, шыншыл қарым-қатынасқа бастайды.
Жағымсыз қасиеттер
- Жалқаулық
- Өзімшілдік
- Күншілдік
- Сараңдық
- Қорқақтық
- Менмендік
- Қатыгездік
- Ашу, ызақорлық
Топтық жұмыс: Абайдың өсиеті
Сынып екі топқа бөлінеді. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» деген өлең жолдарының мәнін талқылау ұсынылады.
1-топ: Неден жирену керек?
- Өсек
- Өтірік
- Мақтаншақтық
- Еріншектік
- Бекер мал шашпақ
2-топ: Неге үйрену керек?
- Талап
- Еңбек
- Терең ой
- Қанағат
- Рақым
Келесі тапсырма
«Өз бойыңда қандай жақсы қасиеттер бар?» деген сұраққа әр оқушы ой жүгіртіп, нақты мысал келтіреді.
«Бұлттарды сейілту» жаттығулары
Жарқын күнді мейірім төгетін құдіретті анаға теңесек, оның жүрегіндегі көлеңкелі сезімдерді сейілту үшін «бұлттарды ашу» идеясы ұсынылады.
Бірінші бұлт: Жағымды ой
Жағымды ой ойлауға 1 минут уақыт беріледі. Әркім өз ойымен бөліседі.
Екінші бұлт: Сүйіспеншілік
Рухани-адамгершілік қасиеттің өзегі — сүйіспеншілік. Сүйіспеншілік дегенді қалай түсінесіңдер?
- Отанға, туған жерге сүйіспеншілік
- Ата-анаға сүйіспеншілік
- Досқа сүйіспеншілік
Үшінші бұлт: Жағдаяттық сұрақтар
- Сыныптағы бір оқушымен сенің досың ойнағысы, қарым-қатынас жасағысы келмейді. Тіпті оны мазақтауға үгіттейді. Сен не істер едің?
- Жан досың «Киноға барайық» деді, бірақ сенің уақытың болмай тұр. Не істер едің?
- Ата-анаң көретін телебағдарлама сен көретін бағдарлама уақытымен сәйкес келді делік. Екеуі екі арнадан беріледі. Қандай шешім қабылдар едің?
Төртінші бұлт: Мәдениеттілік
Мәдениетті болу — күнделікті әдептен басталады.
- Тамақ ішіп болған соң «Рахмет» айту.
- Телефонмен хабарласқанда «Рұқсат болса…» деп сыпайылық сақтау.
- Байқаусызда біреуді қағып кетсең «Кешіріңіз» деу.
Абай тағылымы: адамды кемітетін үш нәрсе
Үш қасиет
«Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
Қор қылатын үш нәрсе
Абай адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашу керек деп үйретеді: надандық, еріншектік, залымдық.
Надандық
Білім мен ғылымның жоқтығы; оларсыз дүниені танып-білу мүмкін емес.
Еріншектік
Өнердің дұшпаны; талапсыздық пен ұятсыздықтың бастауы.
Залымдық
Адам баласының дұшпаны; әділет пен мейірімді әлсіретеді.
Кемпірқосақ кеңесі: күнделікті ізгі дағдылар
Ашылған күннің соңындағы кемпірқосаққа назар аударайық. Әр түс — күнделікті өмірге арналған бір ізгі кеңес.
1-түс
Әр күнді жақсы оймен баста.
2-түс
Күні бойы айналаңдағы адамдар туралы сүйіспеншілікпен, ізгілікпен ойла.
3-түс
Ұйықтар алдында бүгін қанша адамды қуантқаныңды, жұбатқаныңды, күлдіргеніңді еске алуға бірнеше минут арна.
4-түс
Әнді жиірек тыңда.
5-түс
Басқаларға қажетің тиюге талпын.
6-түс
Тыныштық сақтай біл; нәзік үнмен, биязы сөйлеуге дағдылан.
7-түс
«Жақсылыққа жақсылық — әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық — ер кісінің ісі» деген сөз жаныңда жүрсін.
Қорытынды тілек
Көк аспан аясында күлімдеген күнімізді түнерген бұлттан қорғап, артынан жадырап кемпірқосақ керілгендей, біз де асыл қасиеттерге толы «Адамгершілік ағашын» өсірдік. Бұл әсем ағаш алдағы уақытта сіздерге сая болсын. Бір-біріңізге деген ықылас-ілтипат ешқашан жойылмасын.
Ізгі ниет
Үнемі қайырымды, мейірімді, адал, ақкөңіл, еңбекқор, әділ, ақылды, парасатты болыңыздар!
Осымен бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды. Сау болыңыздар!