Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысу үшін Ғарыш атты рөлдік ойын ойнаттым
Жаңартылған білім – заман талабы
Тасжанова Назира Алтынбековна
•№56 орта мектеп
Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты тірегі – ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын жүйелеп, сапасын арттыруды мақсат етеді. Осыған орай 2016–2017 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептері білім берудің жаңартылған жүйесіне көшті.
Орта білім кеңістігінде болып жатқан бұл жаңалық мені де бейжай қалдырмады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – даярлық сыныбынан бастап баланың білімді спиральді қағида бойынша меңгеруі. Бір тақырып әртүрлі деңгейде қайта оралып, келесі сатыда бұрынғыдан тереңдетіліп, күрделеніп отырады. Мұны естігенде ішкі дүниемде қуаныш пайда болды. «Қайталау – білім анасы» деген сөз бекер емес: бала жыл сайын білімін бекітіп, тапсырмалар біртіндеп күрделенсе, оқу үдерісі оған ауыр тимейді. Спиральді оқыту арқылы баланың табиғи қабілеті мен дарынын ашуға да мүмкіндік молаяды.
Әр баланың жеке қабілетін танып, сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заманына сай икемдеп, өз дәуірінің озық өнегесін санасына сіңіре білу, оны шығармашылық тұрғыдан жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.
Төрт дағды арқылы функционалдық сауаттылыққа бастау
Жаңартылған білім мазмұны бойынша сертификат алып, қыркүйек айынан бастап мектеп табалдырығын аттаған 22 оқушының сынып жетекшісі ретінде алғашқы қадамымды бастадым. Негізгі мақсатым – жаңартылған бағдарламаның тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын жүйелі қалыптастыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығының негізін қалау, білім алуға ынталы тұлғаны дамыту.
Алғашқы кезеңнен бастап тыңдалым мен айтылымға ерекше назар аударылды. Бұл тұста мұғалімге көмек ретінде әзірленген сауат ашу пәніне арналған аудио материалдары (диск) көп пайдасын тигізді: оқушы мәтінді тыңдап, ой елегінен өткізіп, кейін өз пайымымен сұрақтарға жауап беруге дағдыланды.
Бірінші мақсат
Балалардың бірін-бірі тыңдай білуін қалыптастыру. Тыңдалым дағдысы – сыныптағы мәдени қарым-қатынастың негізі.
Айтылымның құндылығы
Тіл мәдениеті, сөздік қор, сауатты сөйлеу – баланы жарқын жолға бастайтын маңызды қабілеттердің бірі.
«Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, оқушының сөзге, сөйлемге зер салуы – ертеңгі болашағына салынған іргетас. Күнделікті сабақта тыңдалым және айтылым бойынша тұрақты жұмыс жүргізілген соң, балалар бірін-бірі сабырмен тыңдауға, өзгенің пікірін құрметтеуге біртіндеп дағдыланды.
Әрине, бастапқыда әлі әріп танымайтын, мектепке енді келген баламен жұмыс істеу оңай болмады. Бастауыш сыныпта 18 жыл еңбек етіп, ұзақ уақыт дәстүрлі әліппемен жұмыс істегендіктен, алғашқы кезеңде қиындықтар кездесті. Бірақ уақыт өте келе менің де, оқушыларымның да сабаққа қызығушылығы арта түсті.
Ұсыныс
- Сауат ашу пәніндегі оқылым мәтіндері оқушының жас ерекшелігіне сай, тыңдалым мәтіндерімен деңгейлес әрі анық іріктелсе.
- Бастауышқа жаңадан енгізілген жаратылыстану пәніне де тыңдалым дағдысын қалыптастыруға арналған арнайы аудио материалдар (диск/ресурс) ұсынылса.
Критериалды бағалау: кері байланыс мәдениеті
Бағалау жүйесіне келсек, критериалды бағалау оқыту, оқу және бағалаудың өзара байланысына негізделеді. Оның нәтижелері білім беру үдерісін тиімді жоспарлау мен ұйымдастыруға қызмет етеді. Критериалды бағалау қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан тұрады. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіліп, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және оқу үдерісін дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.
Қалыптастырушы тапсырмалар арқылы берілетін мадақ, нақты ой-пікір мен ұсыныстар оқушыны жігерлендіріп, өз қатесін түзетуге ынталандырады. Дәстүрлі жүйедегі кейбір бағаның баланың талпынысын төмендетуі мүмкін екенін ескерсек, сапалы кері байланыс оқушының қызығушылығын сақтауға көмектеседі.
Сабақ тәжірибесінен: «Ғарыш дегеніміз не?»
Оқушының жаңа тақырыпты меңгеруінде мұғалім қолданатын әдіс-тәсілдердің орны ерекше. Топтық жұмыс кезінде оқушылар бір-бірінің білімімен бөлісіп, сұрақ-жауап арқылы түсініктерін кеңейтеді. Жаңартылған бағдарламада бастауышта қолданылатын тәсілдердің басым бөлігі зерттеуге негізделген оқуға сүйенеді.
Сабақтың бастауы
Тақтаға күн, ай, жұлдыз суреттерін шығарып, «Бұл нысандарды қайдан және қашан көруге болады?» деген сұрақтан бастадым. Оқушылар «түнде, аспаннан» деп жауап берді.
Топқа бөлу
Сыныпты қима қағаз арқылы 3 топқа бөлдім: «Күн», «Ай», «Жұлдыз».
Тыңдалым: бейнеролик
Бейнеролик арқылы оқушылар бұрын естімеген жаңа ақпаратпен танысып, ой бөлісті.
Топтық жұмыс нәтижелері
- I топ «Күн»: ермексаздан ғарыш тақырыбына мүсін жасады.
- II топ «Ай»: «Ғарыш туралы не білесің?» тақырыбында қағазға ойларын түсірді.
- III топ «Жұлдыз»: телескоп макетін құрастырды.
Белсенді қатысу: рөлдік ойын
Ақпаратты енжар қабылдамай, белсенді қатысу үшін «Ғарыш» атты рөлдік ойын ұйымдастырдым. Оқушылар ғарыштық денелер рөлінде ойнады.
Пиктограмма әдісі арқылы кері байланыс
Сабақ соңында жаңа тақырыптың қаншалықты меңгерілгенін анықтау үшін қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын бердім. Пиктограмма әдісі бойынша: толық түсінсе – күнді, жартылай түсінсе – жұлдызды, түсінбесе – айды жапсырады.
Күн
13
59%
Жұлдыз
9
41%
Ай
0
0%
Әр бөлім аяқталғаннан кейін бекітілген жоспарға сай жиынтық тапсырмаларды алып отырдым. Әр сабақ соңындағы қалыптастырушы тапсырмалар арқылы дер кезінде түзету енгізудің пайдасы жиынтық тапсырмалар кезінде анық байқалды.
Мұғалім – оқушы – ата-ана ынтымақтастығы
Оқушылардың әр бөлім бойынша жиынтық тапсырма нәтижелерін ата-аналарға жіберіп, таныстырып отырдым. Соның арқасында ата-ана баласының қай пәннен және қандай тұстан қиналатынын біліп, үйде қосымша тапсырмалармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік алды. Осылайша мұғалім–оқушы–ата-ана бірлестігі нығайып, мектеппен байланыс күшейді, ата-аналардың өзара ынтымақтастығы да арта түсті.
Егер спиральді қағидамен оқытып, әр баланың жұмысын талқылап, жетістігі мен қателігін дер кезінде түзетіп отырсақ, баланың неге бейім екенін ерте анықтап, табиғи талантының ашылуына жол береміз. Бұл алдағы мамандық таңдауда да қателеспеуге ықпал етуі мүмкін.
Бағдарламаның түпкі мақсаты
Бағдарламаның негізгі мақсаты – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың орта мектепте алған білімін өмірде қолдана алуы: кез келген істің түйінін шешіп, мәселенің мәнін түсініп, бағасын беріп, нәтижесін тәжірибеде пайдалану.
Оқушылардың балдық жүйедегі нәтижелері электрондық журналға енгізіліп, тоқсандық спецификация негізінде тоқсан соңындағы балл автоматты түрде бағаға айналады.
Ой түйін
Жүсіпбек Аймауытов: «Баланы оңай үйретуге талпынба, ол әр кезде нәтижеге ойлану арқылы жету керек» деген. Егер ЖАДА қағидасы бойынша қабілеті жоғары оқушы үлгерімі төмен оқушыға «көпір» бола алса, яғни бір-біріне үйрете алса, онда білімді меңгеру деңгейі арта түседі. Баланың ойлануына мүмкіндік беру – айтылым мен жазылым дағдыларының сапалы қалыптасуына да негіз болады.
Дағдылар өзара тығыз байланысты: айтылым оқылымға, жазылым тыңдалым мен ойлауға сүйенеді. Бұл – біртұтас, біріктірілген болашақтың білім жүйесі.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, әрбір ұстаз жаңа технологияларды тиімді қолдана алатын, мақсатын айқын қоя білетін, шығармашыл тұлға қалыптастыратын кәсіби шебер болуы керек. К.Д. Ушинскийдің «Мұғалім жас бала үшін ешбір теңдесі жоқ күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген сөзін үнемі жадымызда ұстайық.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші басылым.
- Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш мектепке арналған оқу бағдарламасы. Астана, 2016.
- Интернет ресурстары.