Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін Мәшекеңнің бейітінің ойдағыдай бітуіне тілектес болды десем артық айтқандық болмас
Кеңшар тағдыры: өсу, сынақ, төзім
Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы кеңшар ХХ ғасырдың екінші жартысында еңсе көтеріп, іргелі ел қатарына қосылды. 1961 жылы сол кездегі Шадыра совхозынан бөлініп, жеке шаруашылық болып шаңырақ көтерді. Ол кезде бұл елді мекен Жаңажол совхозы аталды. Аудандағы орта деңгейлі шаруашылықтардың бірі еді.
Өткен отыз екі-отыз үш жылда бұл шаруашылық өз қалпынан көп ауытқыған жоқ. Рас, бір кезеңде Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов директор болған тұста әр сала бойынша аудан, тіпті облыс көлемінде жеңімпаз атанып, ауыспалы Қызыл туларды да иеленген шақтар болды. Алайда мұндай жұлдызды сәттер ұзаққа созылмады.
Өмірлік өлшем
Шаруашылықтың іргетасы берік болғанымен, «шаруасы шалқыған ел еді» деп кесіп айту қиын. Бір сөзбен, оза шауып бәйге алмаса да, ұлан бәйгеде шаңға көміліп, мүлде артта қалып қойған жоқ: ел қатарлы тірлік кешіп жатты.
Дегенмен, Одақтағы көптеген кәсіпорын мен шаруашылықтың шаңырағын шайқаған қайта құру кезеңінің тепкіні бұл аядай кеңшардың да қабырғасын қақыратып жіберді. Бұл ауыртпалықты тек Мәшһүр Жүсіп атындағы кеңшар ғана емес, шаруасы жүріп тұрған талай мекеме де анық сезінді. Көпшілігі тұралап тынды. Береке кете бастаған соң елдің экономикалық жағдайы да тығырыққа тірелгендей болды.
Нарық желі және тәуелсіздікке жол
«Бір жұмақтың бір тозағы бар» дегендей, нарықтық қатынас кезеңінде ішкі байланыстар үзіліп, есеп айырысу жүйесі кідіріп, баға шарықтап, ақша құнсызданды. Қатқыл нарық заманы жекелеген адамдардың да қалтасын қақты. Бірақ осы аумалы-төкпелі шақ Одақты мекендеген ұлттар мен ұлыстардың егемендігі мен тәуелсіздігіне жол ашқандай еді.
Ұлт рухының қайта оянуы
Бұл — соңғы жетпіс жылдан астам кеңестік дәуірде тілі мен дінінен, ата дәстүрі мен салт-санасынан ажырауға шақ қалған, ұлттық сезіміне селкеу түсіп, намысы тапталған қазақ халқы үшін Жаратқанның мейірімімен пара-пар қуаныш еді.
Ақ түйенің қарны жарылып, тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі — Ата Заң қабылданды. Көк байрағымыз көкке шаншыла желбіреп, шетқақпай қалған тіліміз мәртебелі мінбелерден бұлақ суындай сылдырай төгілді. Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Әз Жәнібек сынды ел қорғаны батырлар, қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би, Абылайдың ақылшысы Көмекей әулие Бұқар жырау — бәрі де ғасырлар қойнауынан тіл қатып, рухы туған халқымен сағыныса қауышқандай болды.
Сол тарихи кезең халық санасын сілкіп қана қоймай, ұлттық намыс отын үрлей түсті. Халықтың өшкенін жандыру, өлгенін тірілту үрдісі Баян жерінде де өз жалғасын тапты.
1993 жыл: мұражай есігі айқара ашылған күн
1993 жылдың 20 қазанында Мәшекеңнің есімімен аталатын кеңшарда ақын, тарихшы, көріпкел әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған, осы заманғы сәулет талаптарына сай салынған мұражай айқара есік ашты.
Ол күні Арқа төсінде қарашаның қара суығы жер-дүниені қалтыратып тұрғандай еді. Соған қарамастан мұражайдың ашылу салтанатына келген адамдардан көз тұнады. Аудандағы он бір шаруашылық пен аудан орталығынан келгендерді айтпағанда, Семейден, көршілес Екібастұз қаласынан да қонақтар көп болды.
Мұражай ішіндегі әсер
Мұражайға кірген сәттен-ақ қойылған экспонаттар ақынның өмірінен мол хабар беретінін аңғарасың. Қарсы алдымызда ақ қағазға ой түсіріп, бір кірісіп кеткендей күйде бейнеленген Мәшекеңнің бюсті тұр.
Оны көрген ақ жаулықты аналардың бірі: «Жарықтық-ай…» деп көзіне жас алды. Сол сәтте көпшіліктің қол орамалдарын жанарларына жақындата бастағаны байқалды. Бұл — талай жыл аңсай күткен асылдың, ардақтың туған еліне арнаған өлшеусіз еңбегі енді халық игілігіне айналарына сенген ұрпақтың сарғайған сағыныштан туған, әрі қуаныштан шыққан көз жасы еді.
Кейбір ақсақалдар «Алла, өзің кешіре гөр» деп күбірлесті. Бәлкім, олар тарихтың, Мәшекеңнің алдында кінәсі болмаса да, сонау бір сұрапыл жылдардағы өкінішті істер үшін Алладан, әрі аруақтан кешірім сұраған болар.
Есімдер мен еңбектер: бір істің артындағы азаматтар
Экспонаттарды асықпай аралап жүргендердің арасынан Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов көзіме түсті. Сол сәтте жаңа ғана мұражайдың ашылуына байланысты баяндама жасаған ақынның немересі, ғалым, жазушы Қуандық Пазылұлы Мәшһүрдің сөзі есіме оралды. Ол Мәшекең еңбегін әр жылдары зерттеп, пікір айтқан М. Әуезов, С. Мұқанов, Д. Әбілев, Ә. Қоңыратбаев, М. Бөжеев, С. Дәуітовтерді атап, сонымен қатар Мәшекеңнің бейітін қалпына келтіріп, мұражайын ұйымдастыруға кіріскен азаматтардың еңбегін мақтанышпен айтып, Мұрат Дүйсенбайұлына азаматтық алғысын білдірген еді.
«Бұл 1976 жылы еді…»
Кейінірек Мұрат Дүйсенбайұлы әңгімесін былай өрбітті: 1976 жылы Жаңажол совхозына директор болып тағайындалған. Сол жылы ақынның келіні Нүрила апай Кеңес Одағының Батыры, халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Махмет Қайырбаевқа арнайы барып, Мәшекеңнің бейітін көтеріп, қалпына келтіруге рұқсат алып келеді.
Махмет Қайырбаевтың көмегімен Екібастұз қалалық атқару комитеті іске араласып, құрылыс материалдарын жеткізе бастайды. Бірақ материал да, адам күші де жеткіліксіз еді. Нүрила апай бұл жайды түсіндіріп, құрылысшылар керегін, қолғабыс қажеттігін айтады. Ол кісі Ескелдідегі Мәшекең бейітінің басына жеңіл-желпі көшіп те алған екен.
«Көмектесеміз, апа, қолдан келген көмекті аямаймыз», — деген уәде орындалады. 1977 жылы бейіт құрылысы аяқталып, сол күні бейіт басына жиналған халықтың қуанышы ерекше болады.
Сұрақ: «Арыз жазып жібермеді ме?»
Сол жылдары құрылыс материалы да, адам күші де оңайлықпен табылмайтын. Біреудің қорасы құлап, біреудің үйі тамшылап тұрса, ауыл адамдары материал сұрап, тап болса жөндеуші табуды талап етіп, кеңсе табалдырығын тоздыратын. Кейде бұл жағдай арыз-шағымға да ұласатын.
Сондықтан қойылған сұрақ та заңды еді: «Ақынның бейітін көтерген кезде сіздің үстіңізден әлдекім жоғары жаққа жазып жіберген жоқ па?»
Мұрат Дүйсенбайұлының жауабы нық болды: ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін бейіттің ойдағыдай бітуіне тілектес еді; «неге көтеріп жатырсыңдар?» деп бір де бірі сөз қозғаған жоқ. Қайта қаржы керек болса көмектесейік деушілер аз болмаған.
Алғашқы мұражай: мектеп бөлмесінен басталған бастама
Мұражай салу керектігін ауыл адамдары алғаш болып ауызға алған. Солардың бірі — қазақ өнерінің белгілі тарландары Қуат пен Суаттың әкесі Әуезбек Әбусейітов ақсақал. Ол Мәшекеңнің немересі Төлеубай ақсақалдың болашақ мұражайға деп жинаған экспонаттары бар екенін айтып, сол негізді пайдаланып, мұражай ашуды ұсынады.
Төлеубай ақсақал жинаған дүниелер
Экспонаттардың ішінде киіз үйдің, арбаның, бесіктің, алтыбақанның, келінің макеттері бар еді. Бұл макеттерді Төлеубай ақсақалдың өзі қолымен жасаған көрінеді.
«Мәшекеңнің киім-кешегі, пайдаланған заттары бар ма?» деген сұраққа: көз әйнегі, киімдері, шай самаурыны және өзге де бұйымдар бар екені айтылады. Сонымен бірге ел ішінде тарап кеткен заттар да жетерлік екенін, оларды іздестіріп жинастыратынын жеткізеді.
Уәде және тәуекел
Келер жылы ауыл ортасынан шаруашылық тәсілмен екі қабатты клуб үйі салынып, оның екінші қабаты мұражай ретінде пайдаланылатыны уәде етіледі. Бірақ аудандық партия комитетіндегі кейбір адамдар: «әлдекім үстіңнен арыз жазып жіберсе, сөгіс алуың анық» дегенді сездіреді.
Ол жылдары сөгістің өзі алға басқан қадамды кейін шегіндіретін. Сонда да ауыл адамдарының үмітке толы жүздері, Әуезбек ақсақалдың әуезді әні, әрі «уәде — құдай аты» деген ұғым тәуекелге жетелейді. Ақыры ешкім бұл жайды жоғарыға да, төменге де жеткізуге асықпайды.
Жүйелі қолдау: мұражайдың кәсіби жабдықталуы
Мәдениет үйінің қабырғасы көтеріліп, ішкі өңдеу жұмыстары аяқталған соң, Мұрат Дүйсенбайұлы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Балтабай Сейсенбековке жолығып, мұражайды жабдықтауға қол ұшын беруді өтінеді. Көп ұзамай Павлодардағы өлкетану мұражайының қызметкерлері келіп, істі қолға алады.
Бұл уақытта болашақ мұражайдың экспонаттарын бір жарым жылдың ішінде Аманкелді Омаров жинастырып үлгерген еді. Кейін Қ. Сәтбаевтың 90 жылдығын тойлауға келген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков Мәшекеңнің басына соғып, «бейітін мавзолей етіп салыңдар, музей үйін жеке салыңдар» деп нұсқау береді де, қаржы бөлдіртеді. Соңғы мұражай сол кісінің нұсқауымен жоспарланған.
«Тағы қандай сауалыңыз бар?»
Әңгіме соңында Мұрат Дүйсенбайұлы: «Міне, мұражайдың халқына қызмет етіп тұрғанына да екінші жыл. Тағы қандай сауалыңыз бар?» деп назарын тіктейді.
Есте қалатын бір сәт: шапанның салмағы
Қуаныштың да адам жадында мәңгі қалатын ерекше сәттері болады. Мәдениет үйіндегі мұражай ашылғанда Ақбәйбіше әулетінен, Сүйіндіктің анасы Зейнеп көзі тірі еді. Сол кісі өз үстіндегі шапанын шешіп алып, Мұрат Дүйсенбайұлының иығына іледі.
Қарт ананың кеңдігі
«Сол сәтте қатты толқыдым. Қарт ананың жан дүниесінің дархандығына сүйсіндім», — дейді ол. Кейін шапанды Ақбәйбішенің өзіне қайтарады. «Қазір де Сүйіндіктің үйінде тұр», — деген еді.
Сүлеймен Баязитов