Жаңашыл ұстаз
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылы
М. Әуезов атындағы орта мектептің ІІ деңгейлі, І санатты информатика пәні мұғалімі — Орынбекұлы Нұрлыбек
Жаңашыл ұстаз
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, ұстаз болу – адамның асылдығы», — деген Ғафу Қайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін.
Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз — мақтан тұтар, киелі әрі өте көне мамандық. Адамзат тарихында қоғам қанша өзгерсе де, өзектілігін жоғалтпайтын үлкен міндет бар: шыр етіп дүниеге келген баланы өмірге дайындау. Бұл — қиынның қиыны. Себебі әр адам — қайталанбас тұлға, әрқайсысының жан дүниесі — өзінше бір әлем. Ал ұстаз — сол әлемді танып, бағыт беретін, шартарапқа жетелейтін тұлға.
Ұстаздың миссиясы: тұлға қалыптастыру
Ұстаз — бала болмысына ықпал етуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі. Көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылық пен мейірімділікті қатар талап ететін мамандық — ұстаздық.
Мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тірелсе, екіншіден, шәкіртпен күнделікті қарым-қатынаста оның «білсем, үйренсем» деген арманын қолдап, өмірлік жолына жетекшілік ету жауапкершілігін жүктейді. Осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін жолды мен де таңдадым: ұстаз болу — бала кезімнен арманым еді.
Ұстазға құрмет: сабақтастық және үлгі
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер емес: шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстаз тұлғасына байланысты. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол — ұстазым Аристотель», — десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім Абайды ұстазым деп ерекше құрметтеген.
Менің өмірімдегі ұстаз
Менің табынатын ұстазым — математика пәнін терең меңгерткен, ұлағатты ұстаз Түсіпов Марклен мұғалім.
Бүгінгі білім кеңістігі және жаңашылдық
Кеше ғана ағартушылық қызмет көбіне балаға жазу-сызу, оқуды үйретумен шектелсе, бүгінгі білім беру саясаты мүлде басқа деңгейде. Қазіргі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны әлемдік білім, ақпарат және экономика кеңістігіне шығуға — қатаң бәсеке жағдайында өмір сүре алатын тұлға болып қалыптасуға тәрбиелеуі керек.
Бұл — нағыз ұстаздың қолынан келетін іс. Жаңашыл ұстаз өз кәсібінің майталманы болуға тиіс; мақсатқа жету үшін рухани күш-жігерін, парасат-қуатын аямай салады. Сонымен бірге ол күнделікті көпқырлы еңбекте туындайтын түрлі жағдайларды алдын ала сезіп, болжап, дұрыс шешімін табуға дайын тұруы қажет.
Үздіксіз даму
Өмір көшінен қалмау үшін білім мен біліктілікті үнемі жетілдіру, жаңа инновациялық технологияларды меңгеру қажет.
Тұлғалық көзқарас
Әр баланың жан дүниесін танып-біліп, оны жеке тұлға етіп қалыптастыру — ұстаз еңбегінің өзегі.
Ұстаздың екі қыры
«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар: бірі — белгілі бір пәннен сабақ беретін оқытушы, екіншісі — беделі жоғары, ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз — баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтейтін ақылшы.
Мейірімге толы жүрек шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Білім мен ақыл, ой қуаты талай тентекті жуасытып, еркені сабасына түсіреді; тәртіпке баулып, есейтіп, ер жеткізеді. Сондықтан әр шәкірт өзіне үлгі болған сүйікті мұғалімін «ұстазым» деп атайды.
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға.»
Абай
Еңбектің өтеуі және ұстаз борышы
Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, шәкірт ұстаздан озып жатса — төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе? Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы.
Нағыз ұстаз өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйеді. Іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны қиындыққа мойымай, батыл әрекет етуге жетелейді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.
Ұстаздың қадір-қасиеті — қоршаған ортаға, әрбір шәкіртке асқан сезімталдықпен әрі жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Оның қарапайым да сыпайы киімі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті мен білімі — шәкіртке де, ата-анаға да, көпшілікке де өнеге.
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады.»
Уильям Уорд
Қазіргі талап: кәсіби икемділік пен шығармашылық
Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызметті, өзін-өзі басқару және өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті талап етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің ертеңгі келбеті.
Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты — саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», — деген тұжырым жасаған.
Демек, бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогикалық шеберлік — туа біткен талант қана емес, үйрену мен үздіксіз ізденудің нәтижесі. «Мұғалім шеберлігі туралы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өзімізге байланысты», — дейді Дүйсенова Әлия апай.
Ұстазға тән қасиеттер
Біз, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды тәрбиелеп отырғанымызды сезінсек, мұғалім мұраты өзінен-өзі айқындалады. Осыған байланысты ұстазға тән мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады:
- Дүниетанымдық көзқарасы мен берік сенімі
- Қызметке бейімділігі
- Кәсіптік білімі мен біліктілігі
- Қамқор көзқарас пен сүйіспеншілік
- Ұйымдастырушылық қабілет
- Заманға сай жаңашылдық
Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені — өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін қашан таниды? Ол — алдындағы шәкірті қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтте таниды.
Ендеше, білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымызбен және жан-жақты берген тәрбиемізбен қол жеткіземіз.