Жәдиев Ақниет ағай
Фото: архив
Бұл естелік 80-жылдардағы №25 мектептің бір топ ұстазын оқушы көзімен суреттейді. Ол жылдары бізге сабақ берген мұғалімдер әр пәнді ғана емес, мінезді, тәртіпті, талғамды да үйретті. Төмендегі тұлғалар — сол кезеңнің ұмытылмайтын бейнелері.
I. Байманова Айнаш апай
Мамандығы: математика пәні мұғалімі
№25 мектепте 4-сыныптан 10-сыныпқа дейін сабақ берген.
Айнаш апайды білетін орта оны ұлағатты жан ретінде танитын. Алдыңғы буын шәкірттері туралы көп айтылатын. Бірде сол шәкірттері — бүгінде есейген жігіттер — ұстазын мектепке іздеп келді. Айнаш апай олардың ықыласын жерге тастамай, сабағына қатысуына мүмкіндік берді: үлкен жігіттерді осы сыныптағы інілерінің қасына отырғызып, бәрін бірдей есеп шығаруға жұмылдырды.
Айнаш апай тақтамен жұмыс істегенде, саусақтары аппақ борға малынып тұратын. Сол сәттерде қара тақта мен ақ бордың қарапайым тіркесі үлкен еңбек пен үлкен жауапкершіліктің символындай көрінетін.
Болашаққа артып барлық сенімін,
Олар текке өткерген жоқ өмірін.
Мектебімен бірге жылдар жасасып,
Құрметін көрген талай елінің.
Жандар емес босқа уақыт өткерген,
Бар өмірі бала, шәкірт деп келген.
Олар кеше жасай алған ұлылық —
Білім беріп қара тақта, ақ бормен.
Тәрбие сағаттарын өткізгенде Айнаш апай өте әсерлі, мәнді сөйлейтін. Көрнекті педагогтердің еңбектерін көп оқитын секілді: әңгіме арасында сол шығармалардан мысал келтіріп, ойды дәл, нақты жеткізетін.
Есеп шығарып тұрған балаға «төбеден Лобачевский қарап тұрғандай» болатын. Бірде тақтадағы оқушыға: «Мен саған айтып жатырмын, ал сен Лобачевскийге қарап тұрсың ғой. Саған Лобачевский емес, математиканы үйрететін — мен ғой», — деп әзіл-шыны аралас ескерткені есімізде.
90-жылдары бұл кабинетте София Ковалевскаяның әйгілі сөзі ілулі тұратын: «Ақынжанды болмаған адам математик те бола алмайды».
90-жылдары Айнаш апай №25 мектепте сабақ бермеді: отбасы Бозкөл ауылына қоныс аударды. Себебі отағасы Энгельс шаруашылығындағы жұмысшылар комитеті төрағалығынан Бозкөлдің кеңес төрағалығы қызметіне ауысқан еді.
II. Жәниетов Өтеген ағай
Мамандығы: математика пәні мұғалімі
Қызылорда пединститутының математика факультетінің түлегі. 80-жылдардағы №25 мектептің жас ұстазы.
Өтеген ағай сыныпқа тұрақты түрде сабақ бермейтін. Әдетте Айнаш апай келе алмаған күндері сабаққа кіретін. Айнаш апай әріптесін жоғары бағалап, оны балаларға ашық айтатын: «Ертең мен сабақта болмауым мүмкін, сендерге сабақты Өтеген ағайларың жүргізеді. Өтеген ағайларың — білімді математик», — деп ескертіп кететін.
Өтеген ағай тақтамен жұмыс істегенде бордың «тық-тық» еткен дыбысы анық естілетін. Есепті сарт-сұрт еткізіп шығарып тастайды да, қолындағы бордың ізін сүрткішпен қағып, журналға көз тастап: «Ал енді өзіміз осы бойынша есептер шығарып көрейік», — дейтін.
Мектеп өміріндегі рөлі
Өтеген ағай мектепте комсомол жетекшісі болды. Жиналысты нақты, тәртіппен жүргізетін. Дауыс беру кезінде жиі айтылатын сөзі: «Азшылық көпшілікке бағынады». Ол мұны демократиялық талап ретінде түсіндіретін.
90-жылдары Өтеген ағай №25 мектепте сабақ бермеді: Қазалы аудандық білім бөліміне қарасты өзге мектептерге директор болып ауысты.
III. Жәдиев Ақниет ағай
Мамандығы: әскери дайындық пәнінің мұғалімі
Ұстаздар әулетінің өкілі.
Ақниет ағай арнайы форма кимесе де, жүріс-тұрысы, жинақылығы, дағдысы әскери адамдай әсер қалдыратын. Спортқа жақын еді, кейде дене шынықтырудан да сабақ беретін. Дегенмен негізгі қызметі — әскери дайындық пәні. Ол пәнді шебер жүргізіп қана қоймай, білікті, сауатты педагог ретінде танылды.
Үздік шәкірт
Әр пәннің өз «үздігі» болатыны белгілі. Ақниет ағайдың пәніндегі сондай шәкірттердің бірі — Ілиясов Жантас. Кейін ол мерзімді әскери қызметін әскери-теңіз флотында өтеп, Севастополь қаласындағы әскери бөлімге түскен.
Ұстаздар әулеті туралы дерек
Бұл әулет туралы 1999 жылы Қазалы ауданы білім бөлімінің тапсырмасымен мақала жазылған. Ол кезде облыс ұстаздарының «Сыр мектебі» газетінде арнайы бет берілетін. Мақала «Бәйтерек жайып жапырақ...» аталып, кейін белгілі журналист Шәкізат Дәрмағамбетов жылы пікір білдірген.
Мақалада Құрмет белгісі орденінің иегері және басқа да марапат иелері бар, бір әулетке тиесілі жиырмаға жуық ұстаздың есімі аталды. Кейінгі жылдары бұл қатар жаңа толқынмен толыққаны анық.
Басшылық қызметтер
- Жәдиев Жандәулет — №190 мектеп директоры.
- Жәдиев Шынтас — №102 мектеп директоры.
- Жәдиев Жанғазы — №97 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
- Жәдиев Жәниет — №25 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары (Қазақ КСР-інің оқу үздігі).
Әулеттің жалғасуы
- Жәдиев Өмірзақ — №97 мектеп ұстазы.
- Жәдиев Ақниет — №25 мектеп ұстазы.
- 2008 жылы әулет туралы ғылыми жоба қорғалып, облыстық сайыстан Алғыс хат алған (жетекші: Самал Сәрсен, шәкірт: Жәниет Нұргүл).
90-жылдары Ақниет ағай №25 мектепте сабақ бермеді: зейнет демалысына шыққан еді. Дегенмен ұстаздар мерекесінде мектепке келіп тұратын. Бұл кезеңде пәнді Ілиясов Сахитжан мен Дәрмаханов Кәдірбек жалғастырды — бұл Қазақстанның төл әскерінің құрылған тұсы болатын.
IV. Файзекеева Рахима апай
Мамандығы: тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі
Рухани бай, қоғамдық іске жақын, сабақты зерделі түсіндіретін білікті ұстаз.
Рахима апайдың ұстаздық болмысы туралы №25 мектептің мұғалімі Самал Сәрсен (Рахима апайдың туған сіңлісі) жиі айтатын: «Егер менің бойымда рухани іске жақындық және ұстаздық жұмысқа бейімділік бар болса, оның ішінде Рахимадан алған тәрбиенің де үлесі мол. Алматыда оқып жүргенімде Рахиманың тәрбиесін көп көрдім», — дейтін.
Рахима апай 90-жылдары №25 мектепте сабақ бермеді: отбасымен Алматыға қоныс аударып, Алматы су шаруашылығы техникумында (1997 жылдан бастап колледж) оқытушы болды.
Мерейтойға арналған тілек (2016)
2016 жылдың қараша айында Рахима Файзекеева мерейтойлық жасқа көтерілгенде, Самал Сәрсен арнау сөзінде ұстаздық жолдың Қазалыдан басталып, Алматы—Үшқоңыр өңірінде жалғасқанын, еңбектің бағаланғанын, отбасының берекесін жыр тілімен өрнектеді.
Сол жылы Самал Сәрсен облыстық кезеңнен I орын алып, Павлодар қаласында өткен, Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына арналған «Білім берудегі инновациялар мен тәжірибе: уақыт талабы» тақырыбындағы ІІ республикалық педагогикалық оқуларға қатысқан. Мамандығы — бастауыш сынып мұғалімі.
V. Есетов Аманбай ағай
Мамандығы: тарих пәні мұғалімі
80-жылдары №25 мектепте сабақ берген білікті тарихшы ұстаз.
Аманбай ағай сабақ үстінде тарихи оқиғаны жай баяндамайтын: көрініс қылып, дауыстың мәнері мен ырғағын оқиғаға сай құбылтып, тыңдаушыны еріксіз еліктіретін. Мәселен, «300 жылдай патша болған Романовтар әулеті!..» дегенде даусы саңқ ете түсіп, сыныпты селт еткізетін. Сөйлем аяқталғанда үнін бәсеңдетіп: «...бір-ақ күнде жермен-жексен құлады.» — дейтін де, сыныпқа тыныштық орнайтын.
Ауыл мектебінде 1917 жылғы оқиғалар айтылып жатқанымен, ұстаздың сөз саптауы соны дәл көз алдыңа әкелетін. Сол әсердің күші — арада жылдар өтсе де, бір сөйлемнің өзі жадыңда сақталып қалатын.
Аманбай ағай қоғамдағы жаңалыққа сергек қарап, саяси өзгерістерді талдап, оқушыға түсінікті етіп жеткізетін.
Мектептегі сабақтастық
Есетов Аманбай ағай — сол жылдары мектеп директоры болған, математика пәнінің мұғалімі Есетов Амангелді ағайдың інісі. Оқушылар арасында «Амангелді ағай сабақты өте мықты береді» деген сөз жиі айтылатын.
90-жылдары Аманбай ағай №25 мектепте сабақ бермеді: өзге мектепке директор болып ауысты. Бұл кезеңде тарих пәнін ЖОО-ның жас түлектері — Күлайша Кәрібаева, Айгүл Қаржаубаева, Гүлбағида Қосбармақова сынды мұғалімдер жүргізе бастады. Ол уақыт ұлттық таным мен тарихи сананы жаңғырту дәуірі еді.
Қадыр Мырзалиевтің «Біздің тарих — қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа» деген ойы жиі еске түсетін.
1996 жылғы тарихи кеш
1996 жылы ауыл сахнасында Қазақ хандығының 540 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығы, Тәуелсіздіктің 5 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 80 жылдығына арналған «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты тарихи кеш өтті.
Кешке мектептің жас ұстаздары, кітапханашылары, мәдениет үйінің қызметкерлері, ауыл жастары, жоғары сынып оқушылары және ауыл кітапханасы жұмылды. Дайындық барысын Аранды ауылдық округінің әкімі Рахманберген Жұмағамбетов пен мектеп директоры Алмас Темірбаев қадағалады. Жүргізушілері — Кемеңгер Өтеп пен Самал Сәрсен. Ал тарихи кезеңдерге бөліп, дерекке толы баяндамаларды №25 мектептің тарихшы мұғалім қыздары әзірледі.
Естеліктің түйіні
Байманова Айнаш апай, Жәниетов Өтеген ағай, Жәдиев Ақниет ағай, Файзекеева Рахима апай, Есетов Аманбай ағай — бұлар 80-жылдары бізге сабақ берген ұстаздардың бір легі ғана. Әрине, бұл тізім мұнымен шектелмейді.
1998 жылы жазылып, ауыл мәдениет үйінің сахнасында 10-сынып оқушысы Серік Өтепбергенов домбырамен орындаған, кейін 1999 жылы белгілі мектеп түлектерімен өткен кездесулерде Нұргүл Шайықова сынды термеші-өнерпаздар айтқан мектеп термесінде мынадай жолдар бар еді:
Мақтаулы ұстаз көп еді,
Ісіменен нандырар.
Айта берсең барлығын,
Жыршың таңды таңға ұрар.
Біліміне шөліркеп,
Қашаннан-ақ жан құмар.
Шәкірттер шықты алдынан,
Айызыңды қандырар.
Мектеп тарихында айыз қандырар шәкірттерді тәрбиелеген, еңбегімен ел есінде қалған ұстаздар аз емес. Осы естелік — сол мол шежіренің бір үзігі.