Сүйем туған тілімді

Сабақ тақырыбы

Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!

Мақсаты

Балаларға ана тілінің қасиетін сезіндіру, мәртебесін көтеруге баулу, танымдық қабілетін арттыру және тілді құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Плакаттар, слайдтар.

Пәнаралық байланыс

Тіл дамыту, көркем әдебиет, ән-күй.

Әдіс-тәсілдер

Аралас, түсіндіру, сұрақ-жауап.

Сабақтың барысы

Кіріспе

Балалар әнмен екі-екіден болып топқа кіреді. Тәрбиеші балаларға бүгінгі күннің ерекше екенін, сабаққа қонақтар келгенін айтады да, бәрін амандасуға шақырады.

Амандасу өлеңі

Арайлап таң атты,

Алтын шуақ таратты.

Қайырлы таң, балалар!

Қайырлы таң, апайлар!

Тәрбиеші балалардың бір үйдің баласындай тату екенін атап өтіп, достықты нығайту үшін жылы тілектер айтуды ұсынады.

Балалардың тілектері

  • Күніміз жарық болсын.
  • Аспанымыз ашық болсын.
  • Деніміз сау болсын.
  • Еліміз тыныш болсын.
  • Досымыз көп болсын.
  • Балабақшамыз жайнап тұрсын.
  • Нанымыз көп болсын.

Осы жақсы көңіл-күймен балалар орындарына жайғасады. Тәрбиеші сабақ тақырыбын жариялап, мақсатымен таныстырады.

I бөлім — «Ғажайып сәт»

Есік қағылып, ішке шет мемлекеттен қонақ кіреді. Ол Қазақстанға ұшақпен келіпті және еліміз туралы көбірек білгісі келеді.

Сұрақ-жауап (қонақ пен балалар)

Бұл қай мемлекет?
Қазақстан Республикасы.
Бұл мемлекеттің бас қаласы қай қала?
Астана қаласы.
Қазақстан Республикасының Елбасы кім?
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қай тіл?
Қазақ тілі.

Музыкалық сәт

Балалар қонаққа Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.

Ана тілі туралы тақпақтар

Ділбек

Ана тіліңді біліп қой —

Еркіндігің, теңдігің.

Ана тіліңді біліп қой —

Мақтанышың, елдігің.

Севинч

Ана тілім —

Жүрегісің анамның.

Жүрек — ана,

Мен өзіңмен жаралдым.

Өсірген ой-білімді,

Сүйем туған тілімді.

Мақсат етем әр сөздің

Мәнін терең білуді.

Айнура

Ақыл-ойды, дананы

Ана тілден аламыз.

Ана тілім ардақты —

Ақ сүтіндей анамның.

Феруза

Ана тілім — қазақ тілім, туған тіл,

Қасиетті тілім жайлы бәрін біл.

Ана тілді құрметтеңдер, адамдар,

Заманға сай өзге тілдің бәрін біл.

Зилола

Қазақстан халқының

Қазақ тілі — тірегі.

Ана тілде айтылар —

Әнұраны жүрегі.

Қонақ балаларға алғыс айтып, олардың көп білетінін атап өтеді де, қоштасып шығып кетеді.

II бөлім — Мақал-мәтелдер

Тәрбиеші балаларды тіл өнеріне қатысты мақал-мәтелдер айтуға шақырады.

Ақилжон

Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.

Билол

Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.

Зилола

Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.

Жасур

Өнер алды — қызыл тіл.

Бехруз

Жақсы сөз — жарым ырыс.

III бөлім — Үш бидің тіл туралы тағылымы

Халқымыз тіл өнеріне, шешендікке ерекше мән берген. Атақты билер, ақындар мен жыраулар ойды ұйқастыра өлеңмен өрнектеген. Қазақ халқының атақты үш биі де тіл туралы тағылымды сөз қалдырған.

Төле би

Әр тілде сөйле — әлемді таң қылып,

Ана тілін білмеу қандай заңдылық?

Өсер бабаң, байтақ далаң тұрғанда,

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.

Қазыбек би

Жетер енді әркімге бір ермейік,

Қазақ болсаң құлашты бір сермейік.

Қанға сіңген ана тілін, халқым-ау,

Шұбарлауға ешқандай жол бермейік.

Әйтеке би

Қазақ, қазақ болғалы

Тіл үшін күрес көргені.

Көргені көп тілімнің —

Мүмкін емес өлмегі.

Сергіту сәті

Тәрбиеші балаларды орындарынан тұрғызып, қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуларын жасатады.

IV бөлім — Жұмбақтар

Балалар жұмбақтардың шешуін табады.

Тілден ұшып, құлаққа қонады.

Жауабы: Сөз

Қабат-қабат қаттама, ақылың болса — аттама.

Жауабы: Кітап

Жағалай-жағалай тас қойдым, жирен атты бос қойдым.

Жауабы: Тіл, тіс

Оттан да ыстық, ол не?

Жауабы: Отан

Көкпеңбек еді көктемде, қызарады күзге жеткенде.

Жауабы: Алма

Жерге тырс-тырс тамады, сайға қарай ағады. Шешуін кім табады?

Жауабы: Жаңбыр

Жазда жатсаң көлеңкесіне алады, қыста жақсаң жаның рахат табады.

Жауабы: Ағаш

V бөлім — Құрастыру ойыны

Балалар құрастыру ойыны арқылы сөздерді, ұғымдарды реттеп, тілге қатысты ойларын бекітеді.

Қорытынды сұрақ-жауап

Тәрбиеші балалардың сабаққа белсенді қатысқанын атап өтіп, алғыс айтады.

Қорытынды

Тәрбиеші Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін айтып, балаларға ана тілінің мәртебесін биіктететін білімді де тәрбиелі ұрпақ болуға тілек білдіреді.

Қоштасу өлеңі

Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.

Санат: Қазақша ашық сабақтар жинағы

Дереккөз: http:www4643-k.html