Бедірейіп тұр әншейін

Шопанның әңгімесі

Осы бір сыздаған аяғым түн бойы қақсап, көз ілдірмеді. Бұл жарақатты жігіттік күрес сайысында не көкпар тартысында мертіктіргенім жоқ. Бұл кемістік — кешегі Германия соғысынан жабысқан пәле.

Мал бағып, ат үстінде жүретін адамға протез — аса қажет нәрсе. Бірақ жасанды аяғым тозып, соңғы кезде ит қорлықты көріп жүрдім. Әй, өз аяғыңа қайдан жетсін!

Жолға шығу

Үш ай бұрын қаладағы протез зауытына тапсырыс берген едім, аяқ орнына қол салып жіберіпті. «Өзім бармасам іс бітпес» дедім.

Бір отар қойды бәйбішем мен балама тапсырдым да, ала қоржынымды арқалап жолға шықтым. Үлкен жолдың үстінде қарақшыдай қақшиып тұрмын. Бұл маңда автобус жүрмейді. Оқта-текте зу-зу етіп жүк машиналары ғана өте шығады.

Қол бұлғағаның түк пайдасы жоқ: аяқ көтерсең де тоқтайтын емес. Көксоқыр шоферлардың көңілі кейде көл, кейде шөл. Бүгін тіпті ашулы сияқты — бәрі қатайып алған, бұрылып та қарамайды.

Қаншама уақытым босқа өлді! «Ала кетсе машинасының майы таусылатын шығар» деп, мына шіріктердің бәлсінуіне күйіп-пістім.

Бөтелкенің «құдіреті»

Бір машина келе жатты. Қоржынымнан насыбай салынған бөтелкені суырып алдым да, «тоқтамасаң, осымен соғамын» дегендей айбар көрсетіп, бөтелкені төбемнен асыра сермедім. Сол-ақ екен, машина тоқтай қалды.

Тырмысып жүріп кузовына әрең шықтым. Құрғақ шөптің үстіне мықшиып отыра кеттім. Түс ауа қалаға кірдік. Машинаны оқтатып, жерге түстім де, шоферға бір сом ақша ұсындым.

Бірақ ол қыңырайып, еш рақметке елең етер емес. Бедірейіп тұр. Мен аң-таңмын. Біраздан кейін ғана:

— Манағыңды бер!

— О не зат? — дедім түсінбей.

— Ана бөтелкеңді айтамын.

— Жаным-ау, ол насыбай ғой. Міне!

Шофер мені мықтап бір сыбап, қолын бір сілтеп жүріп кетті. Сөйтсем, жолда бөтелке мегзегенімнің «пайдасы» осы екен: қу шофер арақ деп ойлапты. Тоқтаған себебі де сол болып шықты. Әй, қу құлқын-ай!

Зауыттағы «жеделдік»

Төртінші трамвайға мініп, протез зауытына бардым. Мастер тоңмойындау кісі екен: «әне кел, міне кел» деп, бір аптадай уақытымды алды. Тағы да бірер аптаға созылар ма еді — егер мына бір қызық оқиға болмаса.

Бір күні барсам, әлгі мастердің ажары әп-сәтте жарқырап тұр. Сөзімді ықыласпен тыңдайды, лып-лып етеді. «Әйелі ұл туды ма екен?» деп те ойлап қоямын. Ісімнің беті түзелгеніне қуанып, өзім де жалпылдап алғысымды жаудырып жатырмын.

— Айналайын, береке тапқыр-ай, сөйтші… Бір отар қойымды әйеліме тастап кетіп едім, әлдене болып қалды ма деп, көңілім алаң. Ертең кел дейсіз ғой?

— Иә, ақсақал. Ертең сағат онда келсеңіз, протезіңізді қолма-қол аласыз. Дайын болуына өзім кепілмін. Қам жемеңіз.

Ол мені қолтықтап, бір қараңғылау бөлмеге кіргізді. Үстел үстінде тістелген көк қияр мен консервінің қаңылтыр қорабы жатыр. Үйдің ауасы бұзылған, темекінің ащы түтіні кішкентай желдеткіштен әлі толық шығып үлгермепті.

Мастер маған бұрылып: — Ал, жаңағыңның аузын аш! — деді.

— Ненің аузын? — дедім мен, мәселенің жөн-жосығына түсінбей.

— Қалтаңдағы бөтелкені айтам, — деп ол стаканды оңтайлай бастады. — Басым ауырып тұр еді, жақсы болды ғой. Жылдамырақ құйып жіберші…

— Бауырым-ау, ол насыбай сауыт қой. Атсаң мә, берейін.

«Балықшы балықшыны алыстан көреді» деген рас екен: қалтамнан қылтиып көрінген бөтелкені көріп, бұл сорлы да «арақ» деп дәмеленген. Алла-ай, енді қайттім? Неде болса, бір жартыбайды «құрбандыққа шалуға» тура келді. Әйтпесе протезімнің бітпей қалуы да мүмкін ғой.

Уәде бойынша ертеңіне барсам, айтқандай-ақ протезім дайын тұр. Мұншама қуанбаспын! Шіркін, бөтелкенің «құдіреті-ай»!

Қорытынды

Осы оқиғалардан кейін насыбай салған бөтелкемді қалтамнан тастамайтын болдым.