Жарқыраған кешкі шапақ
Тілді сезіну: сөздің жанды бейнесі
Меніңше, орыс тілін толық игеру және оны сезінуді жоғалтпау үшін тек қарапайым орыс адамдарымен ұдайы араласу аздық етеді. Сол тіл өмір сүретін дүниені де көріп, біліп, тыңдап жүру керек: егін аңыздарын, орман-тоғайды, жер-суды, кәрі талдарды, құстардың алма-кезек сайрауын, орман жаңғағы бұтасының астынан басын изеп тұратын әрбір гүлді.
Әр адамның өз «жаңалығын ашатын» киелі күндері болатын шығар. Кіндік Ресейдің орманды да шалғынды өңірінде мен үшін сондай жаз өтті: күркіреген күндер мен кемпірқосаққа толы, қарағайлы орманның гүлі мен тырналардың тыраулаған үні, ит тұмсығы өтпейтін тобылғы тоғайының бұрқыған хош иісі, қораздардың қоқилана шақыруы, батқан күннің шапағы қыз жанарын нұрландырар мезет, алғашқы тұман иірімі шүңейт үстіне тарамдалып түсе бастаған шақ, кешкі көкорай шалғында шырқай салған қыздар әні — бәрі де бір деммен өтіп кеткендей.
Сол жазда мен бұрыннан таныс, бірақ бір түрлі алыстау көрінетін көптеген сөздерді жаңадан «сипап ұстағандай» болдым: дәмін татып, иісін түйсінгендей. Бұрын олар үйреншікті, жүдеу-жадау қалпында еді. Кейін ойласам, әрбір сөздің жанды бейнесі түпсіз тұңғиықтан да көп екен.
«Ақылмен білу» мен «бастан өткеру»
Сөздің жандануын түсіну үшін «жаңбырлы» деген сөзден бастаған ыңғайлы. Мен, әлбетте, жаңбырдың талай түрін білетінмін: сіркіреме, соқыр жауын, бірнеше күнге созылатын ақ жауын, саңырауқұлақ өсіретін жауын, жедел жаңбыр, бір алқапты қуалай жауатын алқапты жаңбыр, шелектеп құятын қуатты жаңбыр, ақырында — нөсер.
Бірақ мұны ақылмен білу — бір басқа; сол жаңбырдың астында қалып, оны өз басыңнан өткеру — мүлде бөлек. Әр жаңбырдың өзі өлең екенін, әрқайсысының екіншісіне ұқсамайтын айрықша белгісі барын тек сонда ғана танисың. Сонда ғана бұл сөздердің бәрі жанданып, әлденіп, бедерлі-бейнелі күшке ие болады.
Нақты әсер
Сөзді бейжай айта салмайсың: әр сөздің тасасында не тұрғанын көріп, сезінгендей боласың.
Бейнелілік
Кәдімгі сөздің өзі көз алдыңа көрініс әкеліп, дыбыс пен иісті бірге жетелейді.
Тілдің дәлдігі
Тікелей әсер сөзді орнымен қолдануға көмектеседі: дәл атау — дәл сезіну.
Жазушының заңы: оқырман нені көреді?
Жазушы сөзінің оқырманға әсер ететін бір заңы бар: егер жазушы жұмыс үстінде өзі не туралы жазып отырғанын анық көрмесе, оқырман да сөздердің тасасындағыны көрмейді. Ал жазушы бейнені айқын көрсе, ең қарапайым, тіпті қара дүрсін сөздердің өзі жаңаша құлпырып, оқырманға дәл әсер етеді. Сонда жазушының айтпақ ойы мен сезімі, көңіл күйі оқырманға да бірден танылады.
Жаңбырдың белгісі және алғашқы тамшы
Жауын-шашынның нышандары
- Күн сұрғылт бұлттан шықпай қояды.
- Түтін жер бауырлап тарайды.
- Қарлығаштар төмендеп самғайды.
- Аула-ауладағы әтештер беймезгіл шақыра бастайды.
- Ала бұлттар аспан-көкте тұмандана шұбатылып созылады.
Жаңбыр жауардан сәл бұрынырақ қара бұлт әлі тұтасып кетпесе де, ауадан ылғалдың жұмсақ тынысы сезіледі. Оны, сірә, жаңбыр құйып өткен жақтан жел жеткізетін болар. Міне, енді алғашқы тамшылар тысырлап түсе бастайды. «Тысырлау» — халық тілінің дәлдігі: сирек тамшылар шаңды жолдар мен шатырларда қара дақ қалдырып, жаңбырдың басталғанын көзге көрсетеді.
Сосын жаңбыр күшейеді. Дәл осы кезде жаңбырмен шыланған жердің ғажайып иісі аңқып қоя береді, бірақ ол ұзаққа созылмайды: оны дымқыл шөптің, әсіресе қалақайдың иісі басып кетеді. Қандай жаңбыр болса да, халық оны еркелетіп: «Жаңбыр — құдайдың ризығы, нәрі» деп қуанады. «Жаңбырша жауғалы тұр», «жаңбыр сіркіреді», «жаңбыр шөпті жуып жатыр» дейді мейірленіп.
Жаңбырдың түрлері: сөз қалай дәлденеді?
Жедел жаңбыр («спорый»)
«Спорый» — жедел, жылдам деген ұғым. Жедел жаңбыр тіп-тік болып сабалап жауады; ол сатырлап «жүгіре» жауып, жақындай береді. Әсіресе өзен үстінде әдемі: әрбір тамшы су бетін ойып түсіп, дөңгелек шұқанақ — титімдей су-оймақ жасайды. Тамшы одан секіріп шығып, қайта құлайды; сол сәтте су-оймақ түбінен мөлдіреп бір көрінеді. Тамшы інжудей жәудіреп қалады.
Сол кезде өзен үстін қуалай әйнек әуез әндетіп тұрады. Әуездің биіктеуіне не бәсеңдеуіне қарап, жауынның күшейгенін немесе толастай бастағанын аңғаруға болады.
Саңырауқұлақ өсіретін уақ жаңбыр
Бұл жаңбыр ұйқысырап, төмендеп, пәс түскен бұлттардан себелеп тұрады. Шалшықтары жылы. Ол әуездетпейді — сыбырлап, кісіні ұйқыға шақырады; бұта арасында сыбдырлап, жұмсақ алақанымен әр жапырақты алма-кезек сипап жүргендей елестейді.
Орманның қарашірігі мен мүгі оны асықпай бойына сіңіріп, айызы қанады. Содан кейін іле-шала алуан түрлі саңырауқұлақтар қаптап кетеді: жабысқақ зәйтүндер, сары түлкішектер, оқ жаңғырықтар, қызғылт жиреншелер, нәр түбірлер және қыруар улы саңырауқұлақтар.
Саңырауқұлақ жаңбыры кезінде ауадан түтін иісі шығады, әрі аса сақ, қуақай балықтың өзі торға, қармаққа қапқыш болып кетеді.
Соқыр жаңбыр
Күн жарқырап тұрғанда жауатын соқыр жаңбыр туралы ел: «Ханшайым жылап жатыр» дейді. Күн шуақта жәудіреп көрінетін тамшы домаланған көз жасына ұқсайды. Расында да, мөлдіреген шұғылалы көз жасын ертектегі хас сұлу ханшайым төкпегенде, кім төгеді?
Жаңбырлы күндері жарықтың құбылмалы ойынын ұзақ бақылауға, алуан түрлі әуен-әуездерді тыңдауға болады: тақтай шатырды бір қалыппен тырс-тырс қағатын үннен бастап, су ағатын құбырдың әлсіз сырылына, шелектеп құйғандай гуілге дейін. Мұның бәрі — жаңбыр туралы айтуға болатын сөздердің титімдей ғана бөлігі.
Табиғатқа «өлі» деп қарау — сөзді жұтаңдату
Бір жазушының қабағын түйіп: «Сіздің кісі шаршататын өлі табиғатыңыздан гөрі, мен жанды көшелер мен үйлерді тәуір көремін. Жаңбыр ел-жұртқа қолайсыздықтан басқа не әкеледі? Сіз қияли адамсыз!» — дегеніне кейімей көр.
Орыс тілінде аспан-көк құбылыстарына арналған қаншама ғажайып сөз бар. Жазғы күн жер үстінен күркіреп өтіп, көкжиектің ар жағына «аунап түседі». Халық «қара бұлт жөңкіп өтті» демей, «жантайып жата кетті» дегенді ұнатады.
Найзағай кейде қара жерді құлаштап тұрып тікелей бір соғады, кейде түнерген бұлт арасында түбірімен қопара жұлып алынған бұтақты алтын ағаштай лапылдап жатады. Кемпірқосақ — дымқыл шалғай үстінде буалдыр шұғыла болып жарқылдайды. Күркіреген күн аунақшып, зіркілдеп, күңкілдеп, гүрілдеп, жерді сілкіп-сілкіп алады.
Жуырда ауылда бір шынтақтай бала маған келіп, шаттықтан бақырайып кеткен көзі алаңдап: «Жүріңіз, күннің күркірегендерін көрелік!» — деді. Ол бұл сөзді көпше түрде өте дәл айтты: аспан тұтас ақ жауын еді, күн бір мезгілде төрт тараптан күркіреп тұрған.
Самала, «заря» және түн тыныштығы
Самала көбіне шілдеде, егін пісер кезде болады. Сондықтан халық «самала егінге жарығын шашады» деп ұғады: түнемелікте егінді жарығына шомылдырып, дәнді толыстырып, тез пісіреді дейді. Калуга облысында самаланы «егін жарық» деп атайды.
Орыс тілінің таңғажайып сөздерінің бірі — «заря» («таң шапағы»). Бұл сөзді ешқашан айқайлап айтпайсың; айқайлауға болады деген ойдың өзі қиялға сыймайды. Өйткені ол — деревня бауының қалың тоғайы үстіндегі аспан тап-таза болып, көгіс тарта бастағанға дейін тамылжып тынып тұратын түн тыныштығымен туыс.
«Ала көбең» шақ
Тәуліктің сол бір мезетін халық «ала көбең» дейді. Таң шапағында жер бетіне жақындап, таң шолпаны жанып тұрады. Ауа бұлақ суындай тап-таза. Таңның атуында қызға тән бейкүнә биязылық бар.
Таңсәріде шөпті шық жуады, ал деревнялардан жаңа сауылған жылы сүт иісі аңқып шығады. Ауыл-ауыл шетінде ұйыған тұман арасынан қойшы сыбызғысының әндеткен үні бір үзілмейді. Бір мезетте дүние әудемде жап-жарық болып кетеді.
Күзгі таң
Күздің таңсәрісі өзгеше: асықпай, тұнжырап атады. Күннің оянғысы келмейді — бәрібір тоңған жерді жылыта алмайсың, әлсіреп бара жатқан сәулені қайтара алмайсың. Дүние қалжырайды, бірақ адам бұған берілмейді.
Таң атысымен үйлердің пештерінде от гуілдеп жанады; түтін село үстін кезіп, жер бауырлап жайылады. Ал ерте жауған жаңбыр тершіген терезе әйнектерін тырсылдатып шерте бастайды.
Кешкі шапақ және ақ түндер
Шапақ тек ертеңгілік емес, кеште де болады. Біз көбіне күннің батуын кешкі шапақпен шатастырып жүреміз. Кешкі шапақ күн жер шетіне барып ұясына қонғаннан кейін басталады. Сол мезетте ол сөніп бара жатқан аспанды игеріп алып, оған қыруар бояуды — сары алтыннан көгілдір ақық тасқа дейінгі реңктерді төгеді де, баяу мамырлап ымыртқа, түн түнегіне ұласады.
Бұталар арасында шәукілдек қышқырады, бөденелер бытпылдыққа басады, оқпақ гуілдейді, алғашқы жұлдыздар жымың қағады. Ал шалғай қиырлар мен тұман үстінде лаулаған қызыл шапақ көпке дейін сөнбей, әлсіреп барып өшеді.
Солтүстіктің ақ түндері, Ленинградтың жазғы түндері — үзілмейтін кешкі шапақ, бәлкім, таң шапағы мен кешкі шапақтың бірлесуі шығар. Бұл туралы қайран қаларлық дәлдікпен Пушкиннен артық ешкім айтпаған болар.
Сүйем шәрі, Петр орнатқан,
Сүйем сынды сәулетіңді,
Нева өзенін шалқып аққан,
Жағаға өрген граниттің;
Сүйем шойын өрнегіңді,
Сүйем ойлы түндеріңді
Әсем жарық іңіріңді
Айсыз жарқын іреңіңді!
Жақпаса да бөлмеге шам
Оқимын да жазамын мен,
Көшелер бос дамылдаған
Зәулім үйлерді айқын көрем.
Жарық тарта, бейне инедей,
Тұр шаншылып Адмиралтей.
Жарқыраған кешкі шапақ
Жанастырмай түнді көкке,
Араға сап жарты сағат
Таңға ұласар көкжиекте.
Бұл жолдар — поэзияның биігі ғана емес. Мұнда дәлдік те бар, жан әсемдігі мен тыныштық та бар. Ең бастысы — орыс сөзінің сиқыры бар. Егер орыс поэзиясы, тіпті орыс тілінің өзі ғайып болып, тек осы бірнеше жол ғана қалды деп көз алдыңа елестетсең, сонда да тіліміздің байлығы мен әншілік күші айқын көрінер еді: Пушкин өлеңінде сөздің төтенше сапа-қасиеті дуалы кристалдай жинақталған.
Аударған: Әбілміжін Жұмабаев