Аралар туралы мәлімет

Қостанай облысы, Рудный қаласы, №15 орта мектебі

Биология пәні мұғалімі: Өміржанова С. Е.

Сынып: 7

Аралар мен құмырсқалар – қоғамдық бунақденелілер

Бұл сабақта жарғаққанаттыларға жататын аралар мен құмырсқалардың қоғамдық тіршілігі, отбасын құру ерекшеліктері, мінез-құлқы мен түйсігі, сондай-ақ табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы қарастырылады.

Сабақтың мақсаты

  • Аралар мен құмырсқалардың тіршілігі, отбасы құруы, мінез-құлқы және түйсігі туралы білім алу.
  • Іздену, құрастыру және салыстыру тапсырмалары арқылы тақырыпқа қызығушылықты дамыту.
  • Олардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын түсіну, қолдана білуге үйрену және қорғауға тәрбиелену.

Құрал-жабдықтар

  • Бейнефильм
  • Жобалар
  • Суреттер
  • Тест парақтары

Сабақ форматы

Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Сабақтың түрі
Жобалау

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі (2 минут)

Оқушылардың сабаққа дайындығы тексеріліп, зейіні сабаққа бағытталады.

Психологиялық дайындық

  • Көңіл-күйім жақсы.
  • Тапсырмаларды жылдам орындаймын.
  • Сабақты жақсы оқимын.
  • Жазуым көркем.
  • Тәртібім жақсы.

II. Үй тапсырмасын тексеру (2 минут)

Сәйкестендіру тесті: зиянкестерді олардың әсер ететін нысанымен сәйкестендіріңіз.

Нысандар

  • A. Өсімдік
  • Б. Жануар
  • В. Адам

Зиянкестер тізімі

  1. Саяқ
  2. Тарақан
  3. Мамықжегі
  4. Қандала
  5. Бүрге
  6. Маса
  7. Жібеккөбелегі
  8. Бұзаубас
  9. Шіркей
  10. Сона

Жауабы

A: 1, 4, 7, 8

Б: 3, 5, 9, 10

В: 2, 4, 5, 6

III. Жаңа сабақ

A. Ой қозғау

Сұрақ

Мөлдір жарғақ тәрізді екі жұп қанаты бар жәндіктердің отряды қалай аталады? (Жауабы: жарғаққанаттылар)

Жұмбақтар

Тыру-тыру тырналар,

Тауға қарай жорғалар.

Жауабы: Ара

Екі басы жұдырықтай,

Ортасы қылдырықтай.

Жауабы: Құмырсқа

Нақтылау

Топтасып тіршілік етуіне байланысты мінез-құлқы күрделенген бунақденелілер қалай аталады? (Жауабы: қоғамдық)

Б. Мағынаны тану

Аралар туралы

  • «Бал арасы» (жоба)
  • «Бал туралы» (жоба)

Құмырсқалар туралы

  • «Құмырсқаның біз білмейтін сырлары» (жоба)
  • «Құмырсқа да сөйлейді» (мәлімет)

Сарапшы жұмысты талдап, қорытынды жасайды. Бақылаушы жұмысты бақылап, бағалайды: өте жақсы, жақсы, орташа.

Семантикалық карта (суретпен жұмыс)

Тұқым тобы дараларының ерекшеліктерін кестеге толтырыңыз.

Аралар

Даралар Құрылыс ерекшелігі Қызметі
Аналық Денесі ұзындау, қанаты қысқа. Көбею мүшесі жақсы жетілген. Ауыз қуысы кішкентай. Кәрездерге 3 түрлі жұмыртқа салады; жұмыртқаларды ара сүтімен қоректендіреді.
Аталық (трутень) Жұмысшы арадан сәл ірілеу. У безі мен шаншар инесі болмайды. Ауыз қуысы кішкентай. Аналықты ұрықтандырады да өледі.
Жұмысшы бал ара Денесі шағындау, түсі қаралау. Басы, кеудесі және жонында сұрғылт-сары нүктелері болады. Аузы ірі, бал жинауға ыңғайлы. У безі мен шаншар инесі бар. Шірне мен тозаң жинайды; жемсауда балға айналдырады; балауыздан 6 қырлы кәрездер жасап, бал мен шірнені толтырады; дернәсілдерді қоректендіреді.

Құмырсқалар

Даралар Құрылыс ерекшелігі Қызметі
Аналық Қанаты болады; ұрықтанғаннан кейін қанатын өзі жұлып тастайды. Денесі ірі. Жұмыртқа салады; қоныс аудару қызметін атқарады.
Аталық Қанаты болады; аналыққа қарағанда шағындау. Аналықты ұрықтандырады да өледі; қоныс аударуға қатысады.
Жұмысшы Қанаты жоқ; денесі шағын. Илеу салады; қорек тауып, аналық пен дернәсілдерді қоректендіреді.
Әскер Қанаты жоқ; денесі шағындау. Ұяны жаудан қорғайды; жиналған дәндерді жұмсартып, езіндіге айналдырады.

Бейнефильм бойынша тапсырма (3 минут)

Бейнефильмді көріп, қорек іздеу түйсігі мен мінез-құлық ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.

Топтасып тіршілік етуге байланысты мінез-құлық күрделене түседі. Бұл — орталық жүйке жүйесі арқылы басқарылатын күрделі құбылыс. Ол жемін табуға, қауіп-қатерден қашып құтылуға, ұрпақ қалдыруға және қолайсыз жағдайларға бейімделіп өмір сүруге бағытталады. Мұндай мінез-құлық белгілері көбіне тұқым қуалайды.

В. Ой толғаныс: жарғаққанаттылардың маңызы

Бал арасы

  • Өсімдіктерді тозаңдандырады.
  • Бал жинайды.
  • Балдың емдік қасиеті бар.

Құмырсқа

  • Топырақты қопсытады.
  • Орман ішін «тазартуға» көмектеседі.
  • Кейбір жәндіктерді қорғап, өзара байланыстар қалыптастырады.

Білгенің жөн: ара шаққанда алғашқы көмек

Қауіпсіздік

Егер ара шақса, калий перманганатының (марганцовка) ерітіндісі, мұз, түймедағы және ақжелкен көмектеседі. Төмендегі қадамдар алғашқы көмек ретінде ұсынылады.

  1. Бізгекті алу: пинцетпен немесе инемен жарада қалған бізгекті шығарыңыз (қажет болса, саусақпен де алуға болады). Алдын ала сумен немесе сутек тотығымен тазалаңыз.
  2. Өңдеу: мақтаны калий перманганатының қызыл-күлгін ерітіндісіне малып, шаққан жерді сүртіңіз. Балама: сутек тотығы немесе тұзды су.
  3. Ісінуді азайту: шаққан жерге мұз басыңыз. Егер белсендірілген көмір болса, 3 таблетканы ұнтақтап, 1 шай қасық сумен араластырып, жара бетіне жағып, дәкемен жабыңыз.
  4. Іштен қолдау: 1 шай қасық шайқурай (зверобой), қырмызыгүл (календула), түймедағы немесе шалфейді 1 стақан қайнаған суға демдеп (15–20 минут), сүзіп ішіңіз: жартысын бірден, қалғанын 1 сағаттан кейін.
  5. Қатты ісінсе: балғын ақжелкен жапырағын майдалап, үстіне қайнаған су құйып, суыған соң дәкені малып, жараға басыңыз.

Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, жүрек айнып, қызуыңыз көтерілсе немесе тыныс алуыңыз қиындаса, дереу дәрігерге жүгініңіз — бұл аллергия белгілері болуы мүмкін. Табиғат аясында демалғанда өткір иісті әтірлерді және тым жарқын киімдерді қолданбауға тырысыңыз: олар араны қызықтыруы ықтимал.

Әдеби үзінді: Ө. Тұрманжанов

«Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар» шығармасынан ықшамдалып берілді.

Ертеде бір орманда, өзі салған қорғанда, бір топ ара тұрыпты.

Бәрі еңбекқор жан екен, жегендері бал екен. Хан Ара той жасап, елін жинап:

«Қызымды лайықты жанға күйеуге беремін. Өнері асқанға беремін», – дейді.

Көбелек те, маса да, құмырсқа да жиналады.

Көбелек билеп, сән-салтанатын көрсетеді. Ханшайым: «Құр сауық қарын ашырар, өнерлі ұл елін асырар», – деп, сауыққойлықты құптамайды.

Масалар «батырмыз» деп мақтанады. Ханшайым: «Қан ғана ас болса, адал еңбек қайда?» – деп, олардың салтын сынайды.

Ең соңында құмырсқа: «Төгілгенді жинаймыз, шашылғанды табамыз. Еңбекпенен бағамыз. Еңбек — атамыз, еңбек — анамыз», – дейді.

Сонда хан: «Құдамыз болсын құмырсқа! Ынтымақты, бірлікті, өсіп-өнген ел екен», – деп разы болады. Сөйтіп, құмырсқа мен аралар қиыспас дос құдалар атанады.

IV. Үй тапсырмасы

  • Зиянкес бунақденелілермен күресу жолдары туралы мәлімет әкелу.
  • Бунақденелілерді қорғау туралы мәлімет әкелу.

V. Бағалау (2 минут)

Бағалау үй тапсырмасы, жұмбақтар, сұрақтар, жоба, кесте және тапсырмалар бойынша жиналған ұпайға негізделеді.

23–25 ұпай

«5»

20–22 ұпай

«4»

13–19 ұпай

«3»

12 ұпайдан төмен

«2»

VI. Рефлексия

  • Сабақ не туралы болды?
  • Бүгінгі сабақ саған ұнады ма?
  • Сабақ қаншалықты қиын болды?
  • Сабақ соңында қандай сезімде болдың?