Ешкімі жоқ кемпір жалғыз сиырын сауып, сүтінен май жасап, оны көрші дүкенге өткізіп күнелтеді екен

Адалдық туралы ғибрат

Ешкімі жоқ кемпір жалғыз сиырын сауып, сүтінен май жасап, оны көрші дүкенге өткізіп күнелтеді екен. Дүкенші кемпірдің адалдығына кәміл сенгендіктен, одан алған сары майды таразыға тартпастан қабылдай беретін.

Күмән туған күн

Алайда бір күні дүкеншінің көңіліне күмән ұялап, кемпір өткізген майды таразыға тартып көруді ұйғарады. Бұрын 1 келі деп алып жүрген майы 900 грамм болып шыққанда, қатты ашуланады.

Кемпір келесі жолы келгенде дүкенші қабағын түйіп: «Бұдан былай сізден сары май алмаймын» деп жазғыра сөйлейді.

Көңілі құлазыған кемпір сабырмен: «Тыныштық па, балам. Кәрілікпен алысып жүріп байқамай бірдеңені бүлдірген шығармын. Ағаттық жіберсем, кешіре ғой», дейді.

Сонда дүкенші: «Маған өткізген майыңыз 1 келі емес, 900 грамм болып шықты. Ұят емес пе мұныңыз?», деп кейиді.

Шындық ашылған сәт

Кемпір еш даурығып жатпастан: «Менде 1 келілік тас жоқ. Сондықтан сізден сатып алған 1 келі қантты таразыға өлшем қылып қолданып жүр едім», дейді.

Осы сөзден кейін дүкенші қызарып-бозарып, кірерге тесік таппай, абдырап қалады.

Түйін

Міне, «дүние кезек» деген — осы. Не ексең, соны орасың.

Адамдарға жасаған ісің міндетті түрде алдыңнан шығады. Әрдайым игі ісіміз көбейіп, көретін ізгілігіміз мол болсын.