Бәкеңе шын жүректен Мәшекең үшін атқарған ізгілікті ісіңізге рахмет

Бірер сөз

Көзінің тірісінде-ақ аты алты алашқа аңыз болып тараған Сарыарқаның саңлақ ақыны, тарихшысы, ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары тоқырау жылдарының өзінде әр кезеңде там-тұмдап жарық көріп отырды. «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» секілді жинақтар шыққанымен, оның елден ерек дара қасиеті мен әулиелігін кеңінен толғаған кесек дүниелер ғана емес, ауызекі айтылатын аңыз-әңгімелердің өзі де бірте-бірте көмескіленіп, ұмыт бола бастағандай еді.

Бұған 1952 жылы Мәшекеңнің бейітінің құлатылуы, сол кездегі партиялық идеологияның ақынның аруағын қорлап, жұрттың үрейін ұшыруға негізделген солақай саясаттың салқыны әсер етпей қалған жоқ. Дегенмен бір ғажабы — идеологтар қанша тырысып, талаптанса да, Мәшекеңді халық санасынан өшіре алмады. Оның рухы жылдар өткен сайын асқақтай түсті.

Ең өкініштісі: кезінде Мәшекеңмен дәмдес, тұздас болып, оның дара қасиетін көзімен көріп, көңіліне тоқыған адамдардың қатары сиреді. Көбінің жадындағы небір сыр өздерімен бірге кеткен болар — кім білсін?

Әйтсе де, Мәшекеңнің көмескіленіп бара жатқан ізін қайта жаңғыртуға ұмтылғандар аз болған жоқ. Олардың еңбегін зерделеу, зерттеу, сөз қозғау — келешектің ісі.

Сүйіндік Көпеевтің еңбегі

Солардың бірі — ақынның немересі Сүйіндік Көпеев. Ол 1932 жылы туған. Ауыл механизаторы, трактор бригадасының бригадирі бола жүріп, газет-журналдарға штаттан тыс тілші ретінде атсалысып келді.

Сонымен қатар ұрпақ парызын өзінше түсініп, бағалаған ол ұлы адамның өмір кезеңдері мен дара қасиетіне қатысты ел аузындағы там-тұм әңгімелерді шамасы келгенше қағазға түсіріп отырған. Қайта құру мен жариялылық рухы қанаттандырған тұста сол жазбалардың бірқатарын облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жариялатып та жүрді.

Негізгі өзек

Мәшһүр Жүсіп туралы ауызша тараған деректер жоғалып кетпей тұрғанда, оларды қағазға түсіру — ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Журналдағы олқылық және тапсырма

Өткен жылы «Сарыарқа» журналының бесінші саны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 100 жыл толуына орай Баянауыл ауданына арналды. Онда Сұлтанмахмұт, Қаныш, Шәкен, Зейін және өзге де алты алаштың арыстары, исі қазақтың біртуар азаматтары мен Ғабит Мүсірепов, Евней Букетов сынды ұлы тұлғалар туралы естеліктер беріліп, азды-көпті сыр шертілді.

Алайда сол санда Мәшһүр Жүсіп Көпеев әулие туралы ештеңе болмады. Біз ол жөніндегі материалды Сүйіндіктен күткен едік. Кейін анықталғандай, оған жіберген хабарымыз дер кезінде жетпеген. Ал қайта хабарласуға, тосуға журналдың уақыты көтермеді. «Қап» деп өкінгеннен басқа амал қалмады.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген осы.

Сұлтанмахмұттың жүз жылдық мерейтойына Ақмола делегациясының құрамында келген белгілі жазушы, ақын, халқының өткенін зерделей зерттеуші, жоқшысы, бұл күнде мыңдаған оқырманның сүйікті басылымына айналған «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Оразов ағамыз Мәшһүр Жүсіп әулиенің өзі атындағы шаруашылықтағы Ескелді елді мекеніндегі мазарына арнайы барып, тәуап қылды.

Сол жолы қаламдас бауырым Тілеубек Ғалымұлы екеуімізге журналға Мәшекең туралы материал ұйымдастырып жіберуді арнайы тапсырды. Біз уәде бердік.

Уәде мен жауапкершілік

Содан… уәде беру оңай, ал оны орындау соншалықты қиын боларын кім білген. Тағы да сарыла Сүйіндік ағадан, бейіт басында бірге болған ақынның тағы бір немересі Қажыманнан хабар күттік. Күн өткен сайын әлгі хабар келеді деген үмітіміз де азая берді.

Сондай күндердің бірінде есіме Мәшекеңе ағайын, аудандағы белгілі азаматтардың бірі, аудандық салық инспекциясының бастығы Балға Шайхин аға түсе кетті. Бәкеңе жолығып, жайды айттым. Айтып-айтып не керек, апталар бойы тостырған материал Бәкеңнің араласуымен бір-екі күннің ішінде қолымызға тиді.

Алғыс

Бәкеңе шын жүректен: «Мәшекең үшін атқарған ізгілікті ісіңізге рахмет. Сізге бабаңыздың аруағы жар болсын», — дедік.

Осылайша Мәшекең туралы Сүйіндік жазған «Осындай әңгімелер бар» атты дүниені «Сарыарқа» журналына үлкен үмітпен, толқу үстінде ұсындық.

Сүлеймен Баязитов