Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі
Малайсары Тархан қоғамдық қоры құрылып, облыстық әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркелді. 2015 жылдың 21 қаңтарында қордың бас құрылтайшысы болуға есімі қазақ еліне кеңінен мәлім, тәуелсіздікті табандылықпен қорғаған, елдік істерімен танылған Тито Уақапұлы Сыздықов келісім берді. Ол бұған дейін де ел тарихындағы ірі тұлғаларға жүрегінің төрінен орын беріп, олардың есімін ұлықтауға бағытталған бастамалардың алдыңғы қатарынан табылатын.
Бастаманың тірегі
Қор мүшелері қатарында талай игі істің басы-қасында болып, бастамаларды басқарған Қуат Есімханов және өзге де азаматтардың болуы көптің сенімін нығайтты.
Ортақ жоспар
Қоғамдық қор мүшелерінің ұсыныс-тілектері мен ортақ ұйғарымдары негізінде жұмыс жоспары жасалып, бекітілді.
Бұл туралы қордың атқарушы директоры Ермат Байғұрманов еске алады.
Қоғамдық үн
Игілікті істердің көпшілігі баспасөз бен зиялы қауымның белсенді қолдауымен кең өріс алды.
«Ел мұраты, ердің ісі»: ой тоғысқан алаң
Ермат Байғұрмановтың айтуынша, облыстық «Сарыарқа самалы» газеті (сол кездегі бас редакторы Асыл Әбішев) «Ел мұраты, ердің ісі» атты дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Шараға қоғамдық қордың президенті Тито Сыздықов, мүшелері А. Меңдібеков, Б. Сағындықұлы, Е. Байғұрманов және зиялы қауым өкілдері — ақын А. Қани, тарих ғылымдарының кандидаты Е. Жүсіп, ұлттық руханият жанашыры, кәсіпкер С. Байболатов және басқалар қатысты.
Түйін: тарих, бірлік, тәрбие
Дөңгелек үстелдегі пікірлерді саралап, ой қорытып жазған газет қызметкері Сая Молдайып Малайсары Тарханның есімін ұлықтауға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. Оның түйіні бір арнаға тоғысты: бәрі де қазақ тарихы, ел бірлігі, жастар тәрбиесі және ұлттық-патриоттық сезімді ояту туралы.
Балалар шығармашылығы — ұрпаққа жол
«Сарыарқа самалы» газетінде Сая Молдайып үйлестіретін «Айналайын» қосымшасы байқау ұйымдастырды. Байқау қорытындысы 2015 жылдың 11 шілдесінде жарияланып, балалар жазған өлеңдер, ертегілер мен әңгімелер жарық көрді.
- Қатысқан өңірлер: Лебяжі, Май, Ақтоғай, Шарбақты аудандары
- Қалалар: Екібастұз, Павлодар
- Мектеп: Кенжекөл орта мектебінің талапты оқушылары жүлдегер атанды
«Айналайын» қосымшасын балалармен бірге ата-аналардың да қызыға оқитынын ескерсек, бұл бастаманың қуанышы одан сайын арта түседі.
Таным кеңейді: Малайсары кім?
Осы жұмыстардың нәтижесінде Малайсары батыр жайында толық біле бермейтін талай адам — бала да, үлкен де — оның жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрестегі ірі тұлғалардың бірі, жаужүрек батыр, елге қорған болған жерлесіміз екенін айқынырақ тани бастады.
Көшпелі конференциялар
Май мен Ақтоғай аудандарында көшпелі ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Жергілікті ғалымдар Б. Сағындықұлы, Айман Зейнуллина, Қ. Батталов, Б. Мұзафаров, Б. Қожахметов баяндамалар жасады.
Қиын кезеңнің көлеңкесі: есімді мойындату күресі
Бір кездері ұлттық тұлғаларды ұлықтауға қатысты бастамаларға кедергі көп болғаны жасырын емес. Дегенмен журналистер оқырман хаттарын жариялап, тарихи әділеттілікті сақтауды азаматтық парыз санады. Ал қарсы пікір тудырғысы келгендер кейде ардагерлер мен «озат депутаттардың» атынан мақала жаздырып, дау туғызуға тырысатын.
Негізгі дау
Малайсарының ерлігін жоққа шығару, тіпті «жерлесіміз емес» деуге дейін бару — жұрттың жанын ауыртқан әрекеттердің бірі еді.
Мұндайда «атам қазақ» деген ұғымның өзегі — ел басына күн туған шақта руға бөлінбей, бір тудың астына жиналу екенін естен шығаруға болмайды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентиін Малайсары секілді батырлар жауды тойтару үшін ханның жарлығын күтіп отырмағанына тарих куә.
Малайсарыға көше немесе аудан атауын беру бастамасы көтерілсе, қарсылық білдіріп, шу шығарушылар да табылатын. Ақын Арман Қанидың жанайқайы да жоғары жақты селт еткізе қоймаған кездер болды. Кейде «ертең басамыз, бүрсігүні басамыз» деген сылтаумен уақыт созылып, ақыры «жоғарыдағылар бұл тақырыпты жабыңдар деп жатыр» деген сөз де естілетін.
Үміт үзілмеді
Осындай сәттерде Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әніндегі «көрер ем... күнім туса» деген бір ауыз сөз көңілді демейтін. Сол күннің туатынына сенім — үкілі үмітке айналды.
Тәуелсіздік және тарихи жадының жаңғыруы
Ақыры, ел президенті Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Осы жылдардағы айтулы оқиғалар жұртшылықтың біртұтастығын нығайтып, ұлттық сенімді күшейтті. Аймақта тарихи тұлғаларды ұлықтау бағытындағы нақты қадамдар да көбейді: облыс орталығында Баян батырға ескерткіш орнатылды, Лебяжіде хакім Абайға бюст қойылды.
Баянауылдың үлгісі
Тас тарихымызды түгендеуде Баянауыл ауданы көш бастады: аудан орталығында актер, режиссер Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылды. Бұдан бұрын қазақ тарихында аты қалған Шоң Шорманға ескерткіш орнатылған еді.
Рухани мұраға құрмет
Әнші Жарылғапберді мен Үкібай бидің мазарлары қалпына келтіріліп, ескерткіш тақталар орнатылды. Бұл іске ұйытқы болған Баянауыл ауданының құрметті азаматы, ел ақсақалы Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметовтің еңбегін атап өткен жөн.
Бір кездері «қазақ тарихы ауызша шежіреде ғана сақталған, тасқа түспеген» деген сөз айтылып жүретін. Осындай игі шаралар сол пікірге нақты тойтарыс болды.
Ескерткіш ашылған күн: ел жүрегінің дүрсілі
Сол күні Баянтау ойын-сауық орталығы алдындағы көшеге жиналған халық қарасы өте көп болды. Бейнелеп айтсақ, еңбектеген бала да, еңкейген қарт та, көктемдей көрікті қыздар мен айбарлы жігіттер де осында. Алыс-жақын аудан-қалалардан ғана емес, шет елдерден арнайы келген қонақтар да жетерлік еді.
Салтанатты сәт
Облыс әкімі Болат Бақауов пен қоғам қайраткері, Малайсары-Тархан қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов ескерткішті салтанатты түрде ашты. Сол мезеттегі ұзақ шапалақ үні аспанға бір мезетте көтерілген мың сан көгершіннің қанат қағысын елестеткендей болды.
Бұл — араға үш жүз жыл салып туған еліне рухымен оралған Малайсарыдай біртуар ұлға деген қалың елдің шаттыққа толы жүрек дүрсілі еді. Сондай-ақ елдің ерін ұмытпай, ұлықтау дәстүрін сақтай білген азаматтарға қолдау көрсеткен әкімдікке, қор демеушілеріне арналған риясыз алғыс болатын.
Немере сұрағы және ертеңге сенім
Ескерткіштің ашылуына немерем Нұрфарабиді ертіп бардым. Ол тас тұғырдағы бейнеге таңырқай қарап: «Ата, бұл кім?» — деп сұрады.
Қысқа диалог, терең мағына
— Бұл батыр бабамыз — Малайсары.
— Менің бе?
— Тек сенің ғана емес, бүкіл қазақ баласының батыр бабасы.
Сол сәтте ескерткішке қарай беттеп бара жатқан Тоқтар Әубәкіровті көзі шалып қалған немерем: «Ата, ата, космонавт Тоқтар ата!» — деп жымың қақты. Осы көрініс Тәуелсіздіктің арқасында ұрпақтарымыз өз тарихын, ел қорғаны болған хандар мен билерді, батырларды, діни тұлғаларды танып-біліп өсетініне деген сенімді күшейте түсті.
Сүлеймен Баязитов — Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.