Әзірбаевтың есімі

Тұлға / Өнер және тарих

Кенен Әзірбаев (1884–1976) — халық өнерінің тірі шежіресі

Кенен Әзірбаев (8 мамыр 1884, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Мәтібұлақ өңірі — 12 сәуір 1976) — қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор, әнші-жыршы. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Негізгі деректер

Туған жері
Мәтібұлақ, Қордай
Қызметі
Ақын, композитор
Мұрасы
100+ ән, 200-дей толғау
Қоғамдық мәні
Дәуір үнін жырға қосты

Өмір жолы және тарихи кезең

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен Әзірбаев қазақ қоғамының тағдырын түбегейлі өзгерткен ірі тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Оның дәуіріне маусым жарлығы мен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, Қазан төңкерісі, ұжымдастыру, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыс науқандары тұспа-тұс келді.

Ол бұл құбылыстарды сырттай бақылаған жоқ. Керісінше, қоғамдағы өзгерістерге сергек үн қосып, азаматтық ұстанымын буырқанған дарыны арқылы дәлелдеп отырды. Сондықтан Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі көп арналы шығармаларын өзінің заманының жанды шежіресі деуге толық негіз бар.

Шығармашылық мұрасы

Ән мен орындаушылық

Кенен өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, олардың өлеңін де өзі жазған. Әндерін жоғары шеберлікпен өзі орындап, халыққа кең таратқан біртуар дарын иесі болды.

Поэзия және эпикалық репертуар

Ақынның екі жүзге жуық лирикалық әрі дидактикалық арнаулары мен толғаулары бар. Репертуарында ондаған эпикалық жыр-дастан болып, оларды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырған.

Кенен — Жетісудың ғана емес, күллі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең меңгерген өнер тарланы. Оның дарын қуаты қазақ ән өнерін әуендік-интонациялық тұрғыдан байытып, әннің бітімін жаңа биікке көтерді. Ең бастысы — тақырып өрісіне тарихи-әлеуметтік мазмұн дарытып, тың соқпақ ашты.

Таңдамалы әндер және идеялық өзек

  • Бозторғай
  • Көкшолақ
  • Ой, бұлбұл
  • Он алтыншы жыл

Бұл әндер әуендік жаңалығымен ғана емес, құрылымы мен тақырыбы тұрғысынан да төл сипатымен дараланады. Олардың астарында уақыт тынысы мен Кененнің тарихи түйсік-зердесі, жалтақсыз болмысы айқын сезіледі.

«Ой, бұлбұл» — саяси ахуалды таныған зерде

1916 жылғы дүрбелеңнен бұрын туған бұл туындыда ақын бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген ойға барады. Мұндай сөзді айту үшін ыза-кекпен бірге сол дәуірдің іріп-шіріген саяси ахуалын ұғынған көреген сана қажет еді.

Соғыс жылдары — сенім мен оптимизм үні

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы — ерге тән жалтақсыз сенімнің, ақынға тән оптимизмнің, ақылгөйге тән көрегендіктің айғағы.

Есте қалдыру және құрмет

Атаулар

  • Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне есімі берілген.
  • Алматы қаласында бір көше Кенен Әзірбаев атымен аталады.
  • Жамбыл қаласындағы кинотеатрға есімі берілген.

Стипендия

Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы мен бұрынғы Шымкент мәдениет институтының үздік студенттеріне Кенен Әзірбаев атындағы стипендия тағайындалған.

Кенен ауылы және музей

Жамбыл облысында ақын ұзақ жылдар тұрған елді мекен Кенен ауылы деп аталады. Онда Кенен Әзірбаев музейі жұмыс істейді.

Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырды. Ол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірмен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз. Ақынның өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.

Марапаттары

  • 1974 Ленин ордені
  • Еңбек Қызыл Ту ордені
  • 1945 «Құрмет белгісі» ордені (2 рет) және медальдар

Дереккөздер

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия. Бас редактор Ә. Нысанбаев. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. ISBN 5-89800-123-9.
  2. Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым (мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған). Құрастырушы: Тоғысбаев Б., Сужикова А. Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2009. ISBN 978-601-01-0268-2.
  3. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2005. ISBN 9965-26-095-8.