Менің ауылымның табиғаты өте көркем, сұлу
Қыс мезгілі. Қатты аяздан терезе әйнектері әдемі ою-өрнек болып қырауланыпты — нағыз суретшінің қолтаңбасындай. Әйнектен көз алмай біраз отырдым. Санамды шырмаған ойлар еріксіз ақ қағаз бен қаламға жетеледі. Ақ параққа жүрегімнен шыққан сөздер маржандай төгілді.
Алқаағаш — алтын бесігім
Ол — қысы суық, жазы ыстық, менің туған жерім, алтын бесігім — Алқаағаш ауылы туралы сыр. Ауыл табиғаты өте көркем, сұлу. Ауылым шағын болғанымен, жері құнарлы: өсіп шыққан шүйгін шөбі жайқалып, сап-сары алтындай бидайы қаулап өседі. Қатар-қатар тізілген ағаштардың арасында жануарлар шапқылап жүреді, ал көкте еркін қалықтаған аққу мен қазды да кездестіруге болады. Мұның бәрі — баға жетпес сұлулық.
Балалық шақтың ізі қалған мекен
Балдырған шағымның қызықты да көңілді күндері осы туған өлкемде өтті. Мен осы ауылда көбелек қуып, асыр салып өстім. Сондықтан өз жерім маған ерекше ыстық.
Ой түйін
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөз бекер айтылмаған.
Әр адамға кіндік қаны тамған, бақытты балалық шағы өткен мекен қымбат. «Туған жердің ауасы — шипа, жусаны — жұпар» дегенді үлкендер жиі айтатын. Оның қадірін әсіресе алыста жүргенде тереңірек түсінесің. Сол сөздер осы сәтте есіме түсті.
Туған жерге қызмет — ортақ парыз
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында отаншылдық ең алдымен туған жерге, өскен ауылға деген сүйіспеншіліктен басталатыны нақты айтылған. Соңғы кезде осы бағытта өнегелі өмірімен көпке үлгі болған азаматтар туралы мақалалардың жиі жазылып жүруі — қуанышты жайт.
Өйткені туған жерге туын қадап, оның көркейіп, дамуына үлес қосып жүрген жандар бар. Солардың бірі — осы мектептің түлектері: Жұмабаевтар, Қыдырминдер, Дауленовтар, Ерсаиновтар әулеті. Олар мектепке түрлі-түсті принтер, волейбол торы және доптар сыйлады.
Қадір — алыстағанда білінеді
Қызмет бабымен туған жерден жырақта жүргендердің ішінде елін аңсамайтыны кемде-кем. Әр нәрсенің өз қадірі бар. Адам баласы туған елінің бағасын түсінеді. Сол сияқты елге үлгі боларлық жаны жайсаң адамдар әрдайым табылады.
Жүректе өшпейтін сағыныш
Кітап оқыған сайын көптеген жазушылардың шығармаларында туған жерін ерекше ілтипатпен суреттейтінін байқаймын. Жазушы болсын, әлемге аты әйгілі тұлға болсын — бәрінің де туған жеріне деген ыстық сезімі ешқашан таусылмайды.
Рухани жаңғыру — ұлт болашағы
Рухани жаңғыру — ұлт болашағы, халықтың ертеңі. Ал халықтың ертеңін жас ұрпақ қалыптастырады. Сондықтан мен оқуымды жақсы аяқтап, ер жеткенде өз елімнің гүлденуіне үлес қосуға талпынамын.