Себепсіз салдар жоқ, қоғамдағы сан қилы жағдаяттар газет сипатының өзгеруіне мүмкіндік жасады

Қоғамдық өзгеріс және газет тағдыры

Себепсіз салдар жоқ: қоғамдағы сан қилы жағдаяттар газет сипатының өзгеруіне жол ашты. Бұған дейін «Алға» мен «Вперед» газеттерін қаржыландырып тұрған Екібастұз ауданының бюджеті нашарлай бастады.

Дәл осы кезеңде Аманкелді Қаңтарбайұлы көпшілік әлі ойға ала қоймаған тың қадамға барды: «Вперед» газетін жауып, «Алғаның» негізінде қала мен ауданға бірдей тарайтын қазақ тіліндегі басылым ашуды қолға алды.

Қарсылық, қолдау және шешім

Редактордың бұл ұсынысын сол кезеңдегі беделді, ұлтжанды азаматтар мен ақсақалдар — Адам Мұхамеджанұлы, Көбен Төлепбергенұлы, Серік Жақсыбаев, Нұржан Тишпаев, Іргебай Сатанов — құптап, қолдау көрсеткенімен, бұл ниет басшылар тарапынан елеулі қарсылыққа ұшырады.

Алайда сол жылдардағы саяси оқиғалар, Одақ көлемінде, оның ішінде Қазақстанда Компартияның таратылуы басшы қызметте отырғандардың ұстанымына әсер етті. Нәтижесінде әділдік салтанат құрып, аудандық және қалалық кеңестер қазақ газеті ашылсын деген шешім қабылдады.

«Отарқа» атауының мәні

Өлкетанушы, белгілі қаламгер, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Имантайұлы Жақсыбаев жаңа ашылғалы отырған газетке тарихи мәні бар «Отарқа» атауын ұсынды.

Тарихи ишара

Аңызға сай, бірде Бұқар жырау Абылай ханға: «Ордаңды уақытша басқа жерге көшір», — дейді. Сарыарқаны, әсіресе Көкшетауды қимаған хан бұл сөзге салқын қарайды. Сол тұста Қытаймен арадағы жағдай ушығып тұрған болса керек, жырау соны ескерткен. Оның: «Бұрынғыдай бай ел деп, Отарқада қалмаңыз, Шүршіт келсе жарамас, Ай-түйіңе қарамас» дегені — сақтыққа шақырған сөз.

Ұлы жыраудың Сарыарқаны Отарқа атауы тегін емес. Серік Имантайұлы бұл атауды өңірдің табиғи-өндірістік болмысымен де байланыстырды: Сарыарқа аймағы тас көмірдің үстінде тұр, тас көмір — от; екі бірдей алып электр стансасы да осы қуат көзінің үстіне құрылған. Сондықтан газетті «Отарқа» деп атау қисынды деген уәжі қолдау тапты.

Ақыры 1991 жылдың желтоқсан айының соңында басылым Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркеліп, тәуелсіз елдің алғашқы қарлығаштарының бірі іспетті болып, Екібастұздың тұңғыш «Отарқа» газеті дүниеге келді.

Сая Молдайып