Барымыз да, нарымыз да, ең құнды асылымыз бала - шағамыз
Барымыз да, нарымыз да — ең құнды асылымыз бала-шағамыз. Бала дүниеге келгеннен кейін бұрын маңызды көрінген талай нәрсе екінші орынға ығысады. Әр қадамымызды солар үшін басып, олар үшін көп нәрседен бас тартамыз. «Біз аш қалсақ та, олар аш қалмасын; біз көрмесек те, олар көрсін» деп әрекет етеміз.
Бірақ бір сұрақ ойландырмай қоймайды: осылай көздің қарашығындай қорғап, әлпештеген балапандарымызды шын мәнінде дұрыс дамыта алып жүрміз бе?
«Ең жақсысын қалаймын» деп жүріп, қай жерде қателесеміз?
Әр ата-ана баласы үшін ең жақсыны қалайды. Алайда «ең жақсы» деп жүріп, байқаусызда қателесіп кетуіміз мүмкін. Кейде қорғау мен қамқорлық шектен асып, баланың болашақта әлсіз, өзіне сенімсіз, ойын ашық жеткізе алмайтын адам болып қалыптасуына әсер етеді. Мұндай бала әр қадамын ата-анасының мақұлдауымен ғана жасауға үйреніп, нәтижесінде өмірге бейімделуі қиындауы ықтимал.
Ендеше, олардың табысты болуына қалай ықпал етеміз? Жауап әр балаға, әр отбасыға қарай өзгергенімен, ортақ қағидалар бар. Соның ең негізгісі — баланы өзіне сенімді тұлға етіп тәрбиелеу.
Баланың өзіне сенімсіз болып өсуіне не әсер етеді?
Отбасы баласының қандай болып өсуін қаласа, сол бағытта қарым-қатынас құруы керек. Егер ата-ана тым қорғаштағыш, тым қатал, қысым көрсететін немесе барлық нәрседе мінсіздікті талап ететін болса, баланың өзіне сенімсіз болып өсу ықтималдығы артады.
Тым қорғаштау
«Өзі істей алмайды», «дұрыс шешім қабылдай алмайды» деген оймен әр қадамын бақылау балаға «менің қолымнан келмейді» деген сезімді сіңіреді.
Қысым және қаталдық
«Олай істеме», «сындырасың», «істей алмайсың» сияқты сөздер баланың бастамасын өшіріп, тәуекел етуін азайтады.
Мінсіздік талабын қою
Қателесуге орын қалмаған ортада бала қателіктен қорқып, әрекет етуді кейінге ысырады. Бұл өзіне сенімділікті әлсіретеді.
Өзіне сенімсіздіктің мінез-құлықтағы белгілері
Үнемі тежеліп, сенімі сарқылған бала уақыт өте әлеуметтік икемі төмен болуы мүмкін: көпшілік алдында сөйлеуден қашады, өзін қыса береді, дауысы бәсең шығады, тұйықталып, именшек мінез қалыптастырады. Сұрақтарға қысқа ғана жауап береді; сөйлегенде көзге тік қарамай, жерге немесе жан-жағына қарап тұруы, денесін еріксіз тербетіп, қолын артық қимылдатуы да жиі кездеседі.
Мұндай қиындықтар уақыт өте қоғамға сіңісуді күрделендіріп, жалғыздық сезімін күшейтуі мүмкін. Сондықтан алдын алу — ең тиімді жол.
Өзіне сенімді баланы қалай тәрбиелеуге болады?
1) Үй ішіндегі атмосфера: махаббат пен мейірім
Тұйық мінездің алдын алудың өзегі — отбасындағы өзара жылылық. Бала именшек болып бара жатқанын байқасаңыз, қысым жасауды тоқтатып, еркіндік беріңіз.
2) Қателікті «үйренудің мүмкіндігі» деп қабылдау
Баланың қателігін сынақ емес, тәжірибе ретінде қараңыз. «Бұл қателік — қалыпты жағдай. Енді мұны бірге түзетейік» деп жеке отырып, сабырмен түсіндіріңіз.
«Үнемі бүлдіресің!», «Сен адам болмайсың!» сияқты ауыр сөздер баланың сағын сындырып, қателесуден қорқытатынын ұмытпаңыз.
3) Қызығушылықты қолдау, бастаманы өшірмеу
Бала жаңа нәрсеге қызығып, бір істі бастағысы келсе, қолдау көрсетіңіз. Қолдау — мінсіз нәтиже талап ету емес, әрекетті бағалау.
4) Жасына сай жауапкершілік беру
Кішкентай міндеттер мен тапсырмалар баланың «қолымнан келеді» деген ішкі сенімін қалыптастырады. Орындаған кезде қуанышыңызды білдіріп, алғыс айтып, мақтап отырыңыз.
Өзі істесін: күнделікті дағдылар
Жасына сай істерді баланың өзіне істетуді әдетке айналдырыңыз. Мысалы, 5 жасқа келсе де тамағын аузына салып отыру — дұрыс емес. Өзі жеуді үйретіңіз: бастапқыда төгіп алуы мүмкін, бірақ үйренеді.
Сол сияқты аяқ киімінің бауын байлау, киімін реттеу секілді әрекеттерді өз бетінше жасауына мүмкіндік беріңіз.
«Сен істей алмайсың» дегенді азайту
«Төгесің», «сындырасың», «жарақат аласың» деп баланың орнына қайта-қайта өзіңіз жасап берсеңіз, бала біртіндеп сырттан көмекті күтіп отыратын болады.
Бала пікірін тыңдау
Бала бір мәселеге пікір айтса, сөзін бөлмей тыңдаңыз. Қате болса — жылы түрде түзетіңіз; орынды болса — «айтқаның дұрыс» деп мойындап, алғыс білдіріңіз.
Тіпті «бос сөз» сияқты көрінсе де, тыңдай білу — бала үшін бағалы белгі: «менің ойым маңызды».
Сөйлеу дағдысы мен ой-өрісті дамыту: қарапайым, бірақ әсерлі тәсілдер
Тақпақ жаттау және көпшілік алдында айту
Мектепке дейінгі балаларға қысқа тақпақтарды жаттату өте пайдалы. Жаттағанын күн сайын айтқызып, соңында мақтаңыз. Қонақ келгенде немесе қонаққа барғанда тақпақ айтқызу — көпшілік алдында сөйлеуге үйретіп, өзін еркін ұстауына көмектеседі.
Бұл әдіс есте сақтау қабілетін күшейтіп, сөз қорын байытады.
Ертегі оқу және бірге талқылау
Балаға ертегі айтып беру, бірге оқу және оқығанын өзіне қайта айтқызып тыңдау — тілін де, ойлауын да дамытады.
«Сенімен бірге кітап оқығанды жақсы көремін» немесе «сен әдемі оқисың» деген сияқты сөздер баланы оқуға ынталандырады.
Кітап оқу білімді арттырып қана қоймай, баланың өзіне сенімділігін де нығайтады.
Қосымша үйірмелер мен спорт
Баланың қызығушылығын ескеріп, қосымша курстарға немесе спорт секцияларына беру пайдалы. Бұл әрі денсаулыққа, әрі өзін-өзі бағалау мен сенімділікке жақсы әсер етеді.
Қорытынды
Отбасы мен айналасындағы адамдар тарапынан сүйіспеншілік пен мейірім көрген, пікірі еленген, сенім артылған, жасына сай жауапкершілік берілген, жақсы ісі үшін марапатталған, қателігіне түсіністікпен қаралған және бар болмысымен қабылданған баланың өзіне сенімділігі жоғары болып қалыптасуы ықтимал.