Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі

Тарихи тұлға • Түркістан • Қаратау

Домалақ ана (Нұрила): ел ұранына айналған абыз ана

Домалақ ана, шын есімі Нұрила, 1378 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол — есімі халық жадында сақталып, ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. 1456 жылғы 28 мамырда Қаратау өңіріндегі Балабөген өзенінің жағасында қайтыс болып, өз тілегі бойынша сол жерде жерленген.

Тегі мен ортасы

Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесі — Әли Сылан, анасы — Нұрбике. Нағашы ағасы Уәйіс хан Моғолстан ханы болған.

Ғұмыр белестері

1397 жылы, 19 жасында, атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Соңғы жылдары Ташкентте өмір сүріп, кейін Қаратауға көш жолында дүние салады.

Балалық шағы және тәрбиесі

Ел аузындағы деректерде Домалақ ананың әкесі Әмір Темірдің әскері құрамында қызмет атқарып, көп уақыт түзде жүргені айтылады. Анасы ерте қайтыс болған соң, Нұрила жетім қалып, атасы Мақтым Ағзам қожаның қолында тәрбиеленеді. Кейін Бәйдібек бидің шақыруымен Мақтым Ағзамның отбасы Қаратау маңына қоныс аударып, сол жерде тұрақтайды.

Жаңа қоныста Мақтым Ағзам мектеп-медресе ашып, мешіт салдырады. Нұрила дәл осы ортада бой жетіп, білім мен тәлімге жақын болып өседі.

Бәйдібек бимен некесі және ел ішіндегі абыройы

Домалақ ананың ақылдылығы, даналығы, тазалығы мен көрегендігі осы кезеңнен бастап кең таныла бастайды. Халық арасында оның әулиелігі, тапқырлығы туралы әңгімелер тараған. Ол даулы мәселелерге араласып, бітімгерлікпен шешім табуға ықпал еткен.

«Домалақ ана» атауының мәні

Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар есімді кісі қойған. «Дихнат мама» — парсы сөзі, қазақша мағынасы «Әулие ана». Уақыт өте келе тіл заңдылықтарына сай дыбыстық өзгеріске ұшырап, бұл атау «Домалақ ана» түріне айналған.

Ұрпақтарының ел басқарудағы орны

Домалақ анадан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, парасатымен ерекшеленіп, ел басқару ісіне араласқан. Солардың бірі — Жарықшақ атты ұлы. Ол әуелі Ташкент әмірлігінде кеңесші болып, кейін Жетісу өңірінің ұлысбегі дәрежесіне дейін көтеріледі. Бұл жолда оған нағашы жұрты тарапынан, Моғолстан ханы Уәйіс ханның қолдауы болғаны айтылады.

1429 жылы Уәйіс хан қайтыс болып, орнына ұлы Есенбұға хан таққа отырады. Осы кезден бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады.

Соңғы сапары және дүниеден өтуі

Домалақ ананың өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ел аузындағы дерек бойынша, ері Бәйдібек би түсінде аян көріп, отбасы бұрынғы қонысы Қаратауға қайта көшіп баруға қамданады.

1456 жылдың 28 мамыры күні көш Балабөген өзенінің жағасына жеткенде, Домалақ ана сол жерде намаз үстінде көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша сол жазыққа жерленеді.

Кесене тарихы және бүгінгі зиярат орны

Домалақ ананың немересі, ұлысбегі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдыртып, 1456 жылы Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене тұрғызады. Уақыт өте кесене бірнеше рет бұзылып, қайта жаңғыртылған.

  • 1957 жылы кесене қайта жөнделеді, бірақ ол нұсқа ұзақ сақталмайды.

  • 1996 жылы Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ тастан 12 метр биіктікте, сегіз жапырақты өрнекпен жаңадан салынып, үстіне күмбез орнатылады.

Бүгінде Домалақ ананың күмбез-зират кесенесі — халық арнайы келіп зиярат ететін, тағзым жасап, тәу ететін қасиетті орындардың бірі.

Санат: KZ портал • Қазақша рефераттар жинағы