Тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер
Тәрбие сағатының тақырыбы
Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан
Мақсаты
- 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының бодандыққа қарсы бейбіт наразылығы мен ерлігін оқушылар жүрегіне ұялату.
- Оқушылардың тіл байлығын арттырып, сөйлеу мәдениетін дамыту.
- Адамгершілікке, Отанды сүюге, сыйластыққа және ұлттық рухқа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Мультимедиа, Желтоқсанға шыққан жастардың фотосуреттері бар буклеттер, шарлар.
Жүру барысы
Сахналық қойылым, жүргізушілер сөзі, дерек пен еске алу, өлеңдер мен ән арқылы құрылған тәрбие сағаты.
Кіріспе өлең (Салауат)
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Құшақ жая таныстым сан тіліммен.
«Жаман үйді қонағы билейді» деп,
Қала жаздап айырылып өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайық,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын бұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп қырға шықтым.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім, мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
Ұлы аманат етейін еркіндікті:
Ел құлдықты білмесін жер кіндікте.
Аңсаймын мен, сенемін: туады ертең,
Қазақ болу — зор бақыт күндер тіпті.
І жүргізуші — Шынарай
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын алғаш көтерген 1986 жылғы Желтоқсанға арналған «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз. Қош келдіңіздер!
ІІ жүргізуші — Расул
16 желтоқсан — ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн. Бұл күн Қайрат, Қайыркелді, Түгелбай, Сәбира, Ербол, Ләззат сынды жүздеген, мыңдаған қыршындардың тағдырын қиған өктемдік пен озбырлықтың таңбасы болып қалды.
Тарихи дерек
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаев зейнетке шығуына байланысты бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Пленум небәрі 18 минутта аяқталды.
Асығыс қабылданған шешім қазақ халқымен санаспау еді. Халық жүрегінде наразылық ұшқыны тұтанып, жастар әділетті талап етуге шықты.
Көрініс 1: Екі студенттің диалогы
Айгүл
Мақсат, естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамызды орнынан алыпты дейді.
Мақсат
Қойшы, рас па? Кімнен естідің?
Айгүл
Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңына көп адам жиналады екен.
Мақсат
Неге? Неліктен?
Айгүл
Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай «бармаңдар» деп ескертті.
Мақсат
Біздің мұнда тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр, барайық. Тез!
Алаң: бейбіт үн, қатал күш
Аңғал сеніммен алаңға шыққан қыз-жігіттер контрреволюционер емес еді. Олардың ойы — халықтың құқығы мен мәселесі туралы айту болатын. Алайда оларды қалқаны мен шоқпары бар, сақадай сай қарулы жасақ қарсы алды. Бейбіт тілек бір сәтте быт-шыт болып, қақтығыс күшейді.
Транспаранттар
- «Каждому народу — своего вождя»
- «Ленин идеясы жасасын»
- «Қазақстан — қазақтардікі»
- «Ресейге қайт»
Үндер
«Қонаевты шақырыңдар! Жағдайды түсіндірсін!»
«Қазақстаннан адам табылмады ма?»
«Талап-тілегімізді айтамыз, басшылар шықсын!»
Ән
Осы сәтте «Менің Қазақстаным» әні орындалып, жастар оны ерекше шабытпен айтты.
Қақтығыс сәті (диалог)
Прокурор: Балалар! Тараңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Ұят болды! Күш қолданамын!
Әскери адам: Первая рота! Слушайте мою команду. Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота, за мной! Ура!
Қарулы жасақ жастарды ұрып-соғып, жаралыларды сүйреп әкете бастайды. Жаралы қыздардың бірі халыққа үн қатқанда, шоқпар тиіп, есінен танып құлайды.
Осылайша Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова секілді талай жастың тағдырына қара таңба басылды. Кейін тексерістер оның да алаңда болғанын растады.
Хор
«Желтоқсан желі»
Қайрат — рух пен намыстың символы
Бану
Қайраттың балаң үнінен Махамбеттің арынын, Шәкәрімнің қайғысын, Мағжанның махаббатын, Мұқағалидың арман-сағынышын сезгендей боласың. Қайрат — бүкіл адамзатқа жүрек шашқан қайсар рух. Ол кім еді?
Әділ
Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Әкесі Ноғайбай — бақташы, анасы Дәметкен — сауыншы. Ол Шу қаласына жақын Новотроицк (Новотащик) ауылындағы мектеп-интернатта оқыды, комсомол ұйымының хатшысы болды, қабырға газеттерін шығарып, мақалалар жазуға әуестенді.
Қайраттың монологы
Күнәдан таза арым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең, атыңдар!
Фатима
Бұл — қылмыскерге бағытталған оқ емес, тығырыққа тірелген қоғамның шындығын өзгеше түсінгендерге атылған оқ еді. Қайрат болмаса да, алаңда ұсталған кез келген жігіттің «ұлтшыл» атанып, осы тағдырды киюі мүмкін болатын.
Жәнібек
Рухани езілген, үміті күйреген балаң жігіттің қайсарлығы жыр болып қалды:
Жел кірді көңіліме жиырма бірде,
Айдады ерікке қоймай сол несібе.
Желпілдеп желдім екен несіне,
Түседі адасқаным енді есіме.
Өкінішке қарай, 1988 жылы Семей түрмесінде Қайрат Рысқұлбеков қаза болды. Қанаты қайырылып, жарық дүниемен қоштасты.
Әсемгүл
Кінәлі ме ақын Қайрат, ер Қайрат,
Ауа жетпей атып шыққан алаңға?
Қылғындырған қиянатқа көнбеді ол,
Тапталғысы келмеді оның табанға.
Әсте естен шығармайды жыр мұңы,
Айтады ылғи домбыраның күмбірі.
Аты аталса күрсіндірер, жылатар
Желтоқсандық азамат пен құрбыны.
Жатыр бүгін Мойынқұмның бауырында
Қара өлеңнің ерте солған бір гүлі.
Айналайын, ағайындар ақ жүрек,
Жолың түссе, басына бар, тағзым ет.
Иммат
Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді... Қайрат, жыр әлеміндегі ерте солған гүл едің. Мына жолдарға құлақ түрейік:
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді қаралап,
Кесір болды-ау біз секілді масылдар.
Айналайын, қарындасым, қарағым,
Сені ойласам үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Кетіп барам мен айдауға, құлыным.
Тағзым және сабақ
Балауса
Тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен азаматтардың рухына тағзым ету — ұлттық парыз. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды Желтоқсан батырларының ерлігі ұмытылмайды.
Негізгі ой
Тәуелсіздік — сыйлық емес, ғасырларға созылған күрестің заңды жалғасы.
Оралбек
Уақыт алыстатқанымен, жүректерде мәңгі өшпейтін қасиетті нәрсе бар: сол үш күндегі қазақ қыздары мен жігіттерінің рухы мен ерлігіне тағзым. Армандары бүгін орындалды. Тек бір өкініш — азаттық үшін алысып өткен боздақтардың бәрі бұл бақытты күндерді көре алмады.
Айгерім
Қазақстан! Туды алтын дәуірің,
Алғандайсың жұлдыздардың жарығын.
Алтын заңың құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Армандарды жақындатқан тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ел ертеңі,
О, халайық, құтты болсын қуаныш!
Әдеби байланыс
- М. Шаханов — «Мұзға жаққан алау».
- Қ. Әбілдақызы — «Желтоқсан — оқиға емес, өлең» (оқылым).
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстан тәуелсіздігін алды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз — кездейсоқ құбылыс емес. Бұл — ата-баба арманының, ғасырларға созылған күрестің заңды жалғасы.
Желтоқсан оқиғалары — тарихымыздағы ең ауыр, ең қайғылы беттердің бірі. Екі ғасыр бойы езіп келген империялық құрсауды бұзуға ұмтылған жастардың көз жасы мен қаны зая кеткен жоқ.
Түйін
- Желтоқсан — ерліктің тарихы.
- Халық рухының жеңісі.
- Демократияға жол ашқан қадам.
- Тәуелсіздіктің алғашқы беті.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды. Сондай-ақ 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау жөніндегі жарлық шықты, 17 желтоқсан демократиялық жаңару күні ретінде аталды.
Қорытынды (Расул)
Осымен 8-сынып оқушылары дайындаған тәрбие сағаты аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет. Сау болыңыздар!