Барыс ату батырлық қой
Кекілік, суық су және кенеттен оянған күдік
Суға құлаған кекілікті ұстап алған Ораз оның ұйпалақтанған мамығын біраз сипап тұрды. Қорғасын бытыраның екі-үшеуі оң қанаттың түбін ала, топшыдан тиіпті. Еш жазығы жоқ ала қанат құс енді міне, адам асына айналғалы тұр. Семіз екен: бөтекесі томпайып, жансыз денесі былқ-сылқ етеді. Жаңағы екеуі де қоразы еді, мынауы да сол. Демек, нысанадан жаңылған.
Ораз іштей: «Апыр-ау, атарын атып алып, енді мұным не?» — деп ойлады. Кекілікті алғашқы екеуінің жанына байлай беріп еді, кенет әлденеге қынжылып, жалма-жан оларды да шешіп, жерге тастай салды. «Сенің жазығың жоқ, біздің азығымыз жоқ... Демдеуші ме еді, мал сойғанда қазақтар? Иә, солай...» — деп өз-өзін жұбатқысы келді.
Суықтың ызғары
Ол кекілікті ұстаймын деп тізесінен су болды. Отыра қалып етігін шешіп, ішіндегі суды төкті. Шұлғауын сықты. Аз да болса дегдісін деп, көген бойындай жерде тырбиып, аласа өскен тобылғының үстіне екі шұлғауын да жайып қойды. Балтырын түріп суға барып аяғын жуды.
Су сүйектеніп қалыпты. Қоңыр күз түгіл, жазда да шекеңнен шығатын тастай су етін қарып өтті. Ауа сирек болғаннан ба, әлде тауда күн тым өткір болғандықтан ба — сәске түс болып қалыпты. «Қайтса да жарар. Жайлап ауылға жеткенше де түс болады», — деп ойлады.
Он бесінші жылдың күзі де келді. Қарды қара Айғайдың басын шалып қалған. Ол бір сәт қалтасын сипалап, газетін алып, бір қойтасқа отырып, үңіле бастады.
Тауда қайта кездескен екі қыз
Сол кезде «Ойбай!» деген әйел даусынан басын көтеріп еді: желке жағынан келіп қалған аттылы екі қыздың бірінің аты үркіп, тізгінге ие бола алмай жүр екен. Тағы да — түнеугі күнгі екі қыз.
Ораз аздап тіксініп қалды. Неге ылғи осы екеуі оңаша тауда кездесе береді? Әлде гимназистерді аңдып жүретін Поротиковтың тыңшылары ма екен? «Жандосов, сен бұзықсың», — дегені есіне түсті. Бірақ қазақтың паң қыздары ондай ұсақ тірлікке бара ма? Оның үстіне, бұратана халықтың қызына патша чиновниктері сене қоя ма?
Дегенмен күдік — іштей тіміскілейтін нәрсе. «Не деп болмайды...» — деді ол өзіне.
Еске түскен оқиға: ұлар деп ойлағаны — барыс
Бір жарым ай бұрын, тамыздың аяғы — оқуға кететін уақыт таяғанда, Ораз ұлар аулауға Қасқасудың басына шыққан. Ештеме таба алмаған соң дорбасындағы уатылған қаратікен тұзды алып, ұлар көп мекендейтін Қоңырдың желкесіне сеуіп, қыбайда жалғыз отырған қоңторғайлау біреудің үйіне қонған.
Ертеңіне сахардан тұрып, ұрымтал жартасты қиялап, тектұрына шығып жасырынып жатты. Ұлар болып ысқырды да, бытырамен оқталған, құндағы мүжіле бастаған қара мылтығын кезеніп, жым-жырт қалды. Әлден уақытта ала шұбар бір «ұлар» өзіне қарай беттеп келеді.
«Неге ұлар шұбар? Еліктің арқасында да теңбіл бар, барыс та ала... Тастың шұбарлығына қарай жаратылған ба?» — деген ойы бір-ақ сәтте үзіліп кетті. Қараса — ұлар емес, әлдеқандай жыртқыш хайуан. Жүрегі тас төбесіне шықты.
Ол дереу оқшонтайдан жалғыз оқпен оқталған жезді алып, мылтықтың құңғысына тығып жіберді де, шүріппені бос ұстап, қатып қалды. Жыртқыш құнжыңдап, бауырлап келеді. Желі бойындай қалғанда құйрығын көтерді — бұл шабуға бекінгені.
Нақ сол сәтте Ораз шүріппені басты. Мылтық даусымен таз тау, жартас жаңғырып, төңірек даң-дүң болды. Сол даң-дүңмен бірге арылдап-гүрілдеп жыртқыш та сай табанына құлап түсті. Тұзға жиналған ұларлар парылдап, шиқылдап ұшып жөнелді.
Ораз жүгіріп жеткенде, құйрығы шұбалған жыртқыш мертігіп жатыр екен. Өлмепті. Басын сәл көтеріп, «мені жоғарыдан табанға атып түсірген сен бе?» дегендей, езуін ырситып, тісін сақситып ырылдады. Мылтықтың дүмімен ұрмақ болып жақындағанда, арс ете түсті, бірақ жылжуға шамасы келмеді.
Ораз мылтықты аямай қидалай да алмады, өзін де жазым еткісі келмеді. Екінші оқты шығындауға да қимады. Қос жұдырықтай тас алып, басынан періп жіберді — тимей, мойнына тиді. Қайта ұрды. Басына тиді — бәрібір өлмеді. Сонан соң тәуекел деп, мылтықтың дүмімен барысты қара тұмсығынан қойып қалды. Сылқ етті. Қайта жақындап тағы ұрды.
Әбден өлгенін білген соң, Ораз аударып көрді: таутаны емес — барыс екен. Сүйрете көтеріп, жалғыз аяқ жолға шыққанда, ат үстінде тұрған осы екі қыздың өзіне қадала қарап тұрғанын көрген.
Сол күнгі сөз
— Мерген де, батыр да екенсіз, — деді қыздың бірі.
— Қойшы, Күлтан, біреу ала мысық атып алды деп есің кетті ғой, жүр кеттік, — деп тік қабақ, ақсұр қыз атын тебінді.
Сөйтіп олар тез көзден ғайып болған. Ораз барыстың терісін сыпырып, құйрығын шұбалтып ауылға қайтқан. Ал бүгін — солар тағы тұтқиылдан кезікті.
Газет, бір ауыз сөз және күдіктің қоюлануы
Ораз газетті тастай салып, аты бой бермей тұрған қызға жетті. Еркектің қарулы қолы тізгінге тигенде-ақ ат бұлқынуын қойды.
— Кейде өстіп жалт беретіні бар. Сіздің қолыңыздағы қағазды көріп, — деді қыз желбіршегі көп, қос етек көйлегінің етегін қымтай беріп.
— Ала екен деп қалған ғой, — деді Ораз, түнеугі күнгі тәкаппарлықты есіне түсіріп.
Қыздың беті ду ете қалды. Осы кезде жуас торы ат мінген екінші қыз аттан түсіп, жатқан кекілікті көрген болып, газеттің атауын да ежелеп оқып үлгерді: Semirechinskaya vedomost.
Газетке үңілгенін байқап қалған Ораздың есіне бір нәрсе орала кетті. Ол екіұдай күйге түсті. Қыздарға қалай жұғысарын білмеді: қазақ қыздары жігіттің тым жалпылдап, көп сөйлегенін ұнатпайды. Оның үстіне, барыс атқан күні оқып көруге біреуден сұрап алған Форботе деген неміс журналын жоғалтып еді. Сол жоғалған дүние енді мына көріністен кейін күдікке айналды.
— Аттан түссеңші, Мәлике, — деді жердегі қыз жалмаңдап. — Мына батыр жігіттің олжасын байланбаймыз ба?
Ораз ішінен: «Мәликедей данышпан болсаң жақсы-ақ... Бірақ қыз күнінде қыздың бәрі жақсы ғой», — деп түйді. Күлтан ашық жарқын көрінгенмен, көкейдегі күдік оны «мүдәйі-айлакер шығар» деген ойға қайта-қайта әкеліп тірейтін.
Олжа мен дәптер
— Немене, үндемейсіз? Әлде кекілігіңізді қимай тұрсыз ба? Қызға қимаған кекілікті ит жесе болмас па? — деді Күлтан.
Ораздың аузынан еріксіз: «Егер қыз көңілден шықса, кекілік түгіл жанымды да қияр едім. Бірақ оған кез жетіп тұр ма?» — деген сөз шықты.
Мәлике бұл кезде аттан түсіп, қапсырмалы жеңіл жібек бешпентін бір қойтасқа жайып, үн-түнсіз отырды. Қос етек көгілдір шәйі көйлектің етегі тасты түгел жапқан. Бірақ ол әнеугі күнгідей емес: қарақаттай, жаудыраған нәркес көзін Ораздан алмайды.
— Олжаңызды байлаңыз, — деді Күлтан.
— Алыңыз, алыңыз, — деп Ораз қалтасына қолын салып, бәкісін алды. Бәкімен бірге орыс ақындарының өзі ұнататын өлеңдерін көшіріп жазған кішкентай дәптері де ілесе шығып, жерге түсіп кетті. Ол оны алуға асықпады.
Ораз кекілікті байлаған жіпті кесіп, екеуін екі қызға ұсынды. Бірін Мәликеге беріп жатып, көз қиығын Күлтанға тастап еді: оның ойы кекілікте емес, жерде жатқан дәптерде екенін қадалған жанарынан аңғарды.
— Рахмет, — деді Мәлике. Сөзді созбай, іреусіз күмістей сым саусақтарының ұшымен кекілікті алды. Әлі де маңғаз: көкірегін кере сөйлеп, аққудың сұңғағындай мойнын сәл ғана игеді, бірақ иіліп-жайылып кеткен жоқ. Алғанымен, кекілікті не істерін білмей тұрды.
Күлтан болса сөзді шұбыртты: — Рахмет, қанжығаңыз қанды болсын! Барлық жерде осылай жолыңыз бола берсе, жаман болмассыз. Жолыңыздың болғаны емес пе — үнемі сізге қыз кездеседі. Мәлике, маған бер, — деп, сым саусақ шымшып қана ұстап тұрған кекілікті жұлып алды.
Дала асханасы: таста қақталған кекілік
Ораз үшінші кекілікті алып, бодыратып жүнін жұла бастады. Құс жүнін әпсәтте жұлып, шөпшек теріп қайта оралғанда, жаңағы дәптер жатқан жерінде жоқ еді.
Ол үш тасты қалап, ошақ жасады да, жалма-жан салған қу бұтақтарды шөпшекпен тұтатып жақты. Үсті тегіс, ортасы ойықтау тасты жуып, үстіне бір уыс су құйды. Оған қаратікен тұзды езіп, мамығы жұлынған кекілікті бір-екі аунақшытты да қақтай бастады. Тұзды суды бірнеше мәрте шашып, бірнеше мәрте аударып, қайта қақтады. Сәлден соң кекілік қауаптанып пісіп, дайын болды.
Ораз газетті төсеп, кекілікті қолын қол, бұтын бұт етіп мүшелеп, қыздардың алдына қойды. Мәлике саусақтарының ұшымен бір түйір етті алып, ауыз тиді де қайта қол созбады. Ал Күлтан кекілікті Ораздың ескі танысындай жеп, сүйегін мұжып тастады — қаймақтай ерніне, екі езудің күлді-күйелі болғанына да қараған жоқ.
Жұдырықтай етті тез тауысқан соң, екі қыз жөндеріне кетті. Ораз дәптерді әдейі жоқтамады.
Ақиқаттың шеті: бақылау ма, әлде жай сәйкестік пе?
Ораз отас өртеп, әк жасап жатқан жердегі үйіне жеткенде, оны нағашысы Иманалы мен Сара Малышева асыға күтіп отыр екен.
— Сен аттылы екі қызды көрдің бе? — деп сұрады Иманалы.
— Иә. Оларға кекіліктің етін қақтап, қауап жасап бердім, — деді Ораз.
— Ендеше, — деді Иманалы, — оның бірі Сәт болыстың, екіншісі белгілі жандайшап Бейсенбай Шалбаржановтың қызы. Сараның айтуына қарағанда, кеше Поротиков Андрейдің үйіне келіп қонып, сені бақылауға әдейі осыларды жіберген...
Ораз сол күні кештетіп гимназияға жетіп, қатты ұйықтап қалды. Таңертең «Поротиков шақырады» дегенде де саса қойған жоқ: оның жауабы әзір еді.