Ауылым - дала ажары, Тек сенде көңіл қалауы
Ауылдың аңқыған ауасы, қалаға сыймайтын жүрек
Шіркін, ауылдың қыстауы мен жазғы жайлауын айтсаңшы. Қаладағы машиналар мен зауыттардың будақтаған түтіні тұншықтырған ауадан гөрі, жусан иісі аңқыған ауылым әлдеқайда артық. Мен ауылдың таза ауасын, ағарғанның шипасын, сылдырап аққан бұлағын, жағасында жайқалған құрағын, қырда жорта қашқан қу түлкісін, әпкелерім мен жеңгелерімнің күміс күлкісін, әке мен ағаның қадір-қасиетін сезініп, бар жақсылығын бойыма жиып өстім.
Апамның сөзінен басталған ой
Әлі есімде: апам қалаға барып келген сайын: «Жүрегім қысылып келді, ауасы басымды ауыртты», — дейтін. Ал мен болсам түсінбейтінмін. Неге апам ылғи қалаға барып шаршап-шалдығып келеді деп ойлайтынмын.
Қаламен алғашқы жүздесу
Бірде сәті түсіп, апам мені қаладағы ағамның үйіне жіберді. Автобусқа мінген сәттен-ақ ауылға деген қимас сезімім оянып, жүрегім бір түрлі алаңдай бастады. Қалаға жеткенде-ақ айырмашылық айқын көрінді: қала тұрмысы мен дала тіршілігінің арасында үлкен алшақтық бар екен.
Қаладағы көріністер
- Көпқабатты үй, ауылдағыдай жер үй емес.
- Шағын аквариумдағы түрлі-түсті балықтар.
- Темір торда шиқылдаған шымшық.
- Үлкен құмырадағы алуан гүлдер — иісі өзгеше.
- Көшеде төрт түлік даусы емес, машиналардың гүрілі мен сигнал.
Ішкі сезім
Бірнеше күн қалада болған соң, ауылға асығып қайттым. Өзіме бала кезімнен таныс қара топыраққа табаным тиген сәтте-ақ ауылдың мен үшін қаншалық ыстық екенін терең ұқтым.
Кейде туған жерді сағындыру үшін алысқа кетудің өзі жеткілікті екен.
Ауылға оралған сәт
Міне, анау — менің өзенім: балықтары өз еркімен жүзген. Мынау — менің алма бағым: құстары тамылжытып әнімен әлдилеген. Мен теретін гүлдер — құмырада емес, қыр кілеміндей жайқалған қызғалдақтар мен сарғалдақтар. Әне, жеңгелерім мен құрбыларым әпкіштерін иықтарына іліп, бұлаққа қарай жүгіріп барады. Қыз-келіншектердің күлкісіне жарыса сылдыр қаққан мөлдір бұлағым қандай ғажап!
Көшенің сыбыры, апамның шуағы
Алдымда ирек-ирек созылған өз көшем жатыр. Жағалай қонған зәулім теректердің жапырақтары сыбдырлап, менімен сәлемдесіп, құшағын ашып тұрғандай. Шарбақ есіктен кіре бергенде күн нұрына шағылған апамның қолындағы білезіктер жарқылы көзіме түсті: әдеттегідей жез құман қолында, тәй-тәй басқан немересін жетектеп жүр.
Ауылға деген алып-ұшқан сағынышым апамның тізесінде отырып аталы сөзін тыңдағанда, қою күрең шайына шыжық қосылған ыстық таба нанды жегенде ғана басылғандай болды.
Балалықтың байлығы
Әне-міне дегенше өрістен жамырай шуласқан төрт түлік те келіп қалды. Солармен жарыса, әдетінше, ақсүйек ойнауға шақырып құрдастарым жетті. Әрине, мен де сағынып жеткен құрбыларыммен қауышып, қырға қарай тарттым. Сол сәтте өзімді ең бақытты жан сезіндім: бар байлық менің дәл көз алдымда, мен баға жетпес қазынаның ортасында қызықты да тәтті балалық шағымды өткізіп жүр екенмін.
Таңдау уақыты
С. Торайғыров айтқандай:
Мен жігіт — он бес-отыз арасында,
Бұл жаста көп бересі-аласым да.
Алдымда толған мақсат, толған таңдау —
Алайын мынасын ба, анасын ба?
Дәл осы кезеңнен бастап, мен де болашаққа бастайтын үлкен мақсаттар мен таңдаулар жолына қадам бастым.
«Ауылым — дала ажары, тек сенде көңіл қалауы. Өзіңде өткен балдәурен қол бұлғап әне барады», — деп, бүгін мен биік арманның бастауында тұрғанымды сезінемін. Кішкентай ауылдан тартылған жол сорабы — мені үлкен өмірге бастайтын алғашқы соқпағым.
Бимырзаева Әсел Маханбетқызы, ОҚО Түркістан қаласы, №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.