Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Соғыс — күйретуші күш. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршіліктің бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске салатын газет-журнал материалдары, радио-телехабарлар мен кинолар бізге аталар ерлігін мақтанышпен жеткізді. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылған жоқ.
Ұлы Отан соғысы — кеңес халқының ержүректілігі мен төзімін паш еткен, тарихта мәңгі қалатын кезең. Бұл күнді соғыстың алғы шебінде қайсарлықпен шайқасып, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер атап өтеді.
Қариялар азайып барады
Мұқағали жүрекке жақын мұңын былай толғайды:
Неменеңе жетістің, бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр…
Бұл жолдарда ұрпақаралық қимастық пен сыйластықтың мөлдір сезімі бар. Әсіресе Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қатары жыл санап сиреп бара жатқаны жүректі ауыртады. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен келген күн — Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, халқы үшін туғаны қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл — Ұлы мереке.
Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагерлердің өзі қорғап қалған елдің еңсесін тіктеген Жеңіс күнін біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Бұл — өмір заңы.
Жеңіске жеткізген күш — бірлік
Ұлы Жеңіске біз теңдессіз рухани күшпен жеттік. Ол күш — бірлік. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күшін бір арнаға тоғыстырды. Ұлы Жеңіс — одақтас болған он бес мемлекеттің ортақ мерейтойы.
Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз.
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін.
Саған қауіп төнгенде,
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз.
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз…
Қазақ халқының майдандағы үлесі
Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өз үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.
Қазақ — ел басына күн туса, толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Соғыс тарихының қатпарлы парақтарына үңілсек, қазақтардың қанды қырғыннан қаймықпай шайқасқаны айқын көрінеді. Соның бір дәлелі — айқас алаңдарында өшпес ерлік көрсеткен бес жүз қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны.
Бауыржан Момышұлы — мәңгілік өнеге
Биыл Кеңес Одағының Батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлы атамыздың жүз жылдық мерейтойы Жеңістің алпыс бес жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін айрықша.
Найзағайдай жарқылдаған отты ой, қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол мінез, өз мүддесінен бұрын ұрпақ мүддесін ойлау, қара қылды қақ жаратын әділдік — Бауыржан тұлғасының биігін танытады. Оның есімі мен ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді.
«Ер есімі — ел есінде». Бізге жарқын болашақ, бейбіт ғұмыр сыйлаған аталар мен апалардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың қасиетті рухы бүгінгі тыныш тірлігімізге мәңгі шуағын шашсын.
Ұлы Жеңіс құтты болсын, ардақты халқым!
Санат: Қазақша шығармалар жинағы
Дереккөз: http://www.shygarma.50-1-otan_9_mamyr.html