Құмар Әсемгүл
Құмар Әсемгүл, 10-сынып, №3 орта мектебі, Жетіген ауылы
Жетекшісі: Жексетова Ә.С.
Тәуелсіздікке бастар жол: тарих тереңі
Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінен бастау алатын қазақ халқының тарихы тереңге жайылған. Егеулі найза қолға алып, атқа қонған батыр бабаларымыз осы бір ұлтарақтай жер үшін қан майданда қан кешіп, қасық қаны қалғанша тәуелсіздік жолында құрбан болды.
ХVI–XVII ғасырларда жоңғар қыспағынан ығысқан еңбекқор, аңғал қазақ елі көршілес Ресей мемлекетіне пана іздеп барды. Алайда сол кезеңде орыс билігі қазақ даласын біржола өз ықпалына алуды көздеп, мақсатына біртіндеп жетті. Содан бастап қазақ халқы екі ғасырға жуық тәуелсіздік аңсап, сол жолда талай боздақ қыршыннан қиылды.
Азаттық — қазақтың ежелгі арманы. Тарихтың сан бұрылысында ел тәуелсіздігі үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді, ат үстінде өткен ғасырлар аз болған жоқ.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары азаттық үшін күресте айрықша ерлік көрсетті. Ежелден-ақ ру-тайпаларымыз өз жерін еш жауға бастырмай, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге ұмтылды. Жауға қатал, досқа адал, жанын шүберекке түйген батырлық дәстүр — бүгінге жеткен аманат.
Ел басына күн туғанда халықты жаудан аман алып, еркіндік жолында жанын пида еткен жаужүрек батырлар елдің елдігін, ердің ерлігін сақтап қалды. Бабалардың қаны сіңген киелі топырақ бізге сол ержүрек перзенттердің арқасында жетті.
Қалам қуаты: ағартушылық пен ұлт санасының оянуы
Абай, Шәкәрім, Ыбырай дәуірі — қылыштан гөрі қаламға жақын кезең. ХХ ғасырдың бірінші жартысында тарих сахнасына қазақ зиялылары жарқырап көріне бастады.
Солардың бір бөлігі Алаш идеясына топтасып, жан-жақта шашырап жүрген қандастарды бір шаңырақ астына жинауды мақсат етті. Жеке мемлекет болуды армандаған ұлт зиялыларының қатарында Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов және өзге де көрнекті тұлғалар болды.
Қуғын-сүргін қасіреті
Қазақ елі автономиясын жариялаған тұста халық «жеке ел болдық» деп қуанды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Кеңес өкіметі Алаш туының астына біріккендерді біртіндеп жойды. Алғашқы құрбандардың бірі — Жүсіпбек Аймауытов.
1937–1938 жылдары қазақ зиялылары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Көпшілігінің «кінәсі» — өз ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы, көзі ашық болуы, білімді, елге тірек азамат болуы еді.
Ядролық сынақтың зардабы
Тағы бір ауыр кезең — 1949 жылдан басталған атом сынақтары. Қазақ даласы ядролық полигондардың алаңына айналды. ХХ ғасырда қазақ көрген азапты көрген ел аз: Қазақстан ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан мемлекеттердің бірі болды.
Негізгі ой
Ұлттың басынан өткен зұлматтарды еске алсақ, бабалардың тартқан тауқыметі көз алдымызға келіп, көзге жас үйірілері сөзсіз.
1991 жыл: арманның ақиқатқа айналған күні
1991 жыл. 16 желтоқсан. Бұл күн қазақ тарихының парақтарында алтын әріптермен жазылды. Дәл осы күні сан ғасыр бойы аңсаған бабалар арманы орындалып, Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін жариялады.
Туы талай рет тігіліп, талай рет қайта қисайған; талай мемлекеттің құрамында болып, талай рет мемлекетсіз қалған көне де жас қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, өзге елдермен иық тірестіре бастады.
ХХ ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған күйде аттаған Қазақстан өз болмысын, бай мәдениетін, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін және қилы тарихын әлемге танытуға бет алды. Еркіндік пен әділет үстем болған жаңа өмірді жаңғырту үшін ел жаңаша даму жолына қадам басты.
Бүгінгі Қазақстан: даму, бірлік, табиғат байлығы
Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттан құралған халқының ауызбірлігімен танылды.
Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, әлемдік мәселелерді талқылау мен шешуде ықпалды рөл атқаратын мемлекет. Тәуелсіздік жарияланғаннан бергі кезеңде елеулі табыстарға қол жетті. Бұл — ел ішіндегі тыныштық пен қауіпсіздіктің, қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың нәтижесі.
Табиғаты — тұнған байлық
- Аспанмен тілдескен мұзарт шыңдар
- Тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдер
- Ақ жал толқыны асау арғымақтай көкке шапшыған шалқар теңіз
- Күні от шашқан шөлейт пен кең дала
- Арналы өзендер мен ну ормандар
Қазақстан картасы бүгінде қазына картасындай: даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Бұл байлықтың бәрі қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі-ақ біледі.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы