Туған өлке жырында

Ақпанның соңғы күнінде аудандық Мәдениет үйінің кіші залында келе жатқан көктемнің алғашқы лебіндей әсерлі де әдемі әдеби кеш өтті. Аудандық кітапхана ұжымының үлкен еңбегінің нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шара қазақ еліне танымал арқалы айтыскер, өлеңдері республикалық басылымдарда жиі жарияланып жүрген жазба ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойлық медалінің иегері, төрт жинақтың авторы Хасен Зәкәрияның шығармашылығына арналды.

Кеш басталар шақта-ақ кіші зал лық толды. Ақынның ақындығын жоғары бағалайтын алыс-жақындағы жырсүйер қауым осылайша көптеп жиналғанда, «үлкен залдың өзі тарлық етер ме еді?» деген ой еріксіз келеді.

Кештің ашылуы және алғашқы құттықтау

Кешті кітапхана қызметкерлері Гүлнар Даутова мен Роза Кенжеханова жүргізіп, шараның мақсатын қысқаша таныстырды. Кеш иесіне төрден құрметті орын ұсынылған соң, алғашқы құттықтау сөз Хасен Зәкәриямен көп жылдар қызметтес болған аға жолдасы — аудандық «Рауан» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кәдірбек Айдархановқа берілді.

Кәдірбек Айдарханұлы ақынды редакцияға қызметке шақырғанда қателеспегенін, Хасеннің бай сөздік қоры, тілді жетік меңгеруі және туа бітті еңбекқорлығы арқасында аз уақытта газет жұмысын игеріп, кәсіби журналист деңгейіне көтерілгенін әсерлі жеткізді. Сондай-ақ оның журналистика саласындағы биіктері әлі алда екеніне сенім білдірді.

Шығармашылық туралы баяндама: лирика, суреткерлік, азаматтық үн

Ақынның өнердегі басты бағыты — ақындық болмысын саралау, талдау арқылы көпшілікке ой салу мақсатында шығармашылығы туралы мазмұнды баяндама жасалды. Баяндамашы — білікті ұстаз, Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, «Астана» медалінің иегері, еңбек ардагері Нүрбила Шәкенова.

Нүрбила Шәкенова Хасен Зәкәрия өлеңдерінің тақырыптық аясы кең, жан-жақты екенін атап өтті. Ақын — ең алдымен лирик. Оның жырларынан көктемнің таңғы лебіндей жанды тазартар жылылық еседі, оқырман көңіліне нұр құяды. Жыр жинағын бір демде оқып шыққан адам «кітап неге тез бітті?» деп қимай, әлі де жалғасқанын қалардай әсер алады.

...Сап-сары нұрға шым батып

Сілтідей тұнып тұр әлем

Сағыныш жүрек сыздатып

Сыңсиды мұңды бір әуен...

«Күзгі бақта»

...Түн ауды, әлі көз ілмей

Отырмын жырға түйіп сыр

Үндесіп сыртта көңілмен

Сүп-суық жаңбыр құйып тұр...

«Жаңбырлы түнде»

Осы екі өлеңнің екі шумағы-ақ ақынның болмыс-бітімін айқын аңғартады. Хасен — суреткер ақын. Ол аз ғана сөзбен көпшілік күнде көрсе де, кейде аңғармай өтетін көріністі кестелеп береді.

...Әлдененің қызығына батқандай

Күншуақта шүпірлейді көп торғай

Қар суымен таңдайларын жібітіп

Мәз-мәйрам боп қуанысып жатқандай...

«Наурыз»

...Өршеленіп күні-түні, бұлт жинаған әрқайдан

Күзгі қара дауылдың өтті ызғары маңдайдан

Қимастықпен аяқтап бір маусымдық ғұмырын

Ұшып жатыр бір-бірлеп жапырақтар сарғайған...

«Күз»

Мұндай бір сәттік көріністен сұлу сөзбен сурет салу — кез келген ақынға бұйыра бермейтін қабілет. Дегенмен, осы нәзік лирик суреткер азаматтық биіктен де сөйлей алады. «Оралмандар» өлеңінде ел мүддесін толғаса, «Туған өлке» жырында туған жерге деген патриоттық сезімді айқын жеткізеді.

Ақын қай бағытта жыр түзсе де, «шын жүйрікке ылди да бір, өр де бір» екенін танытып келеді. Оның ерекшелігі — ауызекі суырыпсалмалық пен жазба поэзияны қатар алып жүруінде. Мұндай ақындар сирек: көбіне суырыпсалма ақын жазба өлеңде тосырқайды, ал жазба ақын айтысқа бара бермейді.

Хасен деген ақын бар, білесің бе,

Өлең мен жыр тел біткен бұл есімге.

Айтыстың бөгет бұзар нөпірі мен

Лириканың тұнығы — үлесінде...

Бір шындық бар — өзгелер біле ме осы:

Өлеңнің мызғымайтын тірегі — осы.

Ақын болып туады — дейді Хасен,

Бұл — Хасеннің өмірлік кредосы.

Өлеңнің жанрлық кеңдігі және әнге айналған жыр

Хасен өлеңдерінің жан-жақтылығы елдің күрделі мәселелерін қозғаудан бастап, дос-жаранға арналған әзілі жарасқан ұйқастарға, естелік-жырларға дейін кең өріс алады. Философиялық астары терең оқиғалы өлеңдері мен балладалары — өз алдына бір тақырып. Жақсылық пен жамандықтың тоғысы, қияметті тағдырлар, ел жағдайы, ішкі жанайқай «Қайта тоғыспаған жол», «Қайт ауылға, ағайын» тәрізді балладаларында өткір тілмен бедерленеді.

Ақын жырының оқырман жан дүниесіне жақындығы соншалық — көптеген өлеңдері әнге сұранып тұрады. Бүгінде Хасеннің сөзіне жазылған жиырма шақты ән республика сахналарында орындалып жүр. Соның ішінде «Достарға» әні ерекше бағалауға лайық: әнін Күршімнің талантты тумасы, өмірден ерте өткен Оралхан Көшеров жазып, туындыны сахнада кеңінен танытуға дарынды әнші Есен Мәженов көп еңбек сіңірді. Қазір бұл ән Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, Моңғолия қазақтарының арасында да кең танымал.

Әнге айналған белгілі шығармалар

  • «Балалық» (әні: О. Көшеров)
  • «Күршім вальсі» (әні: Б. Әшірбаев)
  • «Ардагерлерім» (әні: М. Шәкеров)
  • «Көрдің бе, сен, Күршімді?» (әні: Ғ. Досанов)

Шешендік сөз, әзіл-қалжың және баспасөздегі еңбегі

Хасен Зәкәрияның көркем әдебиеттегі тағы бір қыры — шешендік сөздер мен тапқыр әзіл-қалжыңды құрау және жинау. Бұл қазақ ауыз әдебиетінде ертеден бар үрдіс болғанымен, жазба әдебиетте кейінгі кезде көлеңкеде қалып келе жатқан жанрдың бір тармағы.

Өзі суырыпсалма ақын әрі шешен ретінде Хасен ел аузындағы күлдіргі әңгімелерді жинақтаудан да жалыққан емес. Нәтижесінде бұл бағыттағы еңбектері «Дидар» газетінде жаңа айдармен жарияланып, республикалық басылымдарда да тұрақты жарық көріп келеді. Оқырман сұрауы бойынша қалжың әңгімелерін жеке кітап етіп шығарғаны да айтылды.

Баяндама барысында Нүрбила Шәкенова өз пайымын ақынның өлең жолдарымен өрнектей отырып, шығармашылыққа терең талдау жасады. Әсіресе, кешке келген ұстаздар мен мектеп оқушылары үшін бұл еңбек поэзияны тануға, түсінуге, түйсінуге жетелейтін құнды бағыт-бағдар болғаны анық.

Ақынның ақындық жолы: айтыстан жазба поэзияға

Жүргізуші Гүлнар Даутованың сауалына жауап ретінде Хасен Зәкәрия өзінің ақындық жолының қалай басталғанын қысқаша әңгімеледі. Мектеп қабырға газетіне сықақ өлең жазудан басталған талпыныс әскер қатарында шыңдалып, айтыс өнері қайта жаңғырған кезеңде ол айтыс ақындарының алдыңғы легінде аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жүлде алғанын айтты. Кейін біржола жазба поэзияға бет бұрғанын да әсерлі жеткізді.

Сол кезеңдегі өнердегі азулы қарсыластары әрі бүгінге дейінгі өмірлік дос аға-інілері — Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Айтақын Бұлғақов сынды танымал айтыскерлермен өткен тартыстарынан қызықты естеліктер бөлісті.

Құттықтаулар, әндер және сахналық сәттер

Бұдан кейін құттықтау сөздер мен ақын сөзіне жазылған әндер алма-кезек жалғасты. Республикаға танымал әнші Есен Мәженов «Достарға» әнін орындаса, аудандық музыка мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Бауыржан Өтеулинов О. Көшеровтың «Аман жүр, інілерім» әнін домбырамен шебер жеткізді.

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Жайлаубек Оқасов ақынға ақ тілегін білдірді. Оралхан Көшеровтың қарындасы Индира ағасының Хасен сөзіне жазылған «Ақ тілек» әнін көпшілікке тарту етті. Ақынның жары Гүлжан жиналған қауымға алғысын айтып, ізгі ниетін жеткізді.

Хасеннің өмірдегі ағасы, өлеңдегі әріптесі Құмарбек Қалиев ақын құрметіне бірнеше өлең оқыды. Ал №1 Ю.А. Гагарин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары Жұмағұлова Мархабат пен Серікқызы Шұғыла ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Кештің есте қалған көріністері

  • «Ниеттестер тілектері» айдарымен Қабдолда Тұраров пен Құмарбек Қалиевтің арнаулары оқылды.
  • Туған ауылынан келген Әбішев Талғат пен Әреков Беглан домбыра мен гармонь сүйемелімен «Сәулетай» әнін қос дауыста орындап, халықтық ән салу дәстүрін жаңғыртқандай әсер қалдырды.
  • Кеш иесінің өтінішімен олар «Киелім» әнін де шырқады.

Қорытынды: мәдени өмірге серпін берген тағылымды кездесу

Кешті Күршім ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытқан Фазылұлы Өлмесеков қорытындылады. Ол ауданның мәдени өміріне қысқаша шолу жасап, бүгінгі кештен алған әсерін ортаға салды және алдағы жоспарланған шаралармен таныстырды.

Сондай-ақ Ғазез Досановтың Хасен Зәкәрияның сөзіне жазылған «Көрдің бе, сен, Күршімді?» әнінің шығуына өзінің де қатысы болғанын қызықты әңгімелеп, сөз соңында домбыра алып, әнді әуелете шырқап, залдың көңіл-күйін көтере түсті.

Кеш барысында ақын өмірінің түрлі кезеңін бейнелейтін слайдтар көрсетіліп, қосымша мәліметтер ұсынылды. Бұл кездесуге кітапхана қызметкерлері үлкен дайындықпен келгені анық байқалды. Соңғы кезде кітапхана ұжымы шаралар аясын кеңейтіп, тыңдарман аудиториясын ұлғайтып келе жатқанының бір дәлелі — тағылымдық та, танымдық та мәні зор осы әдеби кеш болды.

Құмарбек Қалиев