Жып - жылы сөйлеген сөздерімен, Жіберетін бойымды жылындырып

Ұстаз — мектептің жүрегі

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі», — дейді Ыбырай Алтынсарин. Ал Мұхтар Әуезов: «Ұстаз — ұлы есім», — деп ұлағат айтады.

Шынында да, «ұстаз» сөзінің астарында тұтас бір әлем бар: білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім мен мейірбандық, талапшылдық пен турашылдық. Әр баланың тұлға болып қалыптасуына, әр мамандық иесінің болашаққа қанаттануына себепкер болатын жанашыр, ізденімпаз жан — ұстаз.

Әр шәкірттің жүрегіне жақын ұстазы болады

Менің ойымша, әр шәкірттің жанына жақын келетін, ең сүйіктісіне айналатын, өмірлік ұстанымдарының жаршысына айналатын бір ұстазы болады. Менің де сүйікті ұстазым бар.

Ол кісінің ғибратты әрбір сөзі, кескін-келбеті — мен үшін үлгі. Абай хакімнің «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» дегеніндей, ұстазымды алғаш көріп-білгеннен бастап, оған деген құрметім де, сабаққа деген зейінім де артты.

Күзбен бірге келген өзгеріс

Мен төрт мезгілдің ішінде жазды ерекше жақсы көретінмін. Күз келгенде, жарқырағанның бәрі қуарып, жайнағанның бәрі тұманданатындай көрінетін. Ал биылғы күз менің өмірімде айрықша орын алды: ол мені пір тұтатын бір жанмен қауыштырды.

Дарын мектебіне ауысар сәтте қабылданғаныма қуансам да, бір жағынан қобалжығаным рас. Алайда сынып жетекшіммен алғаш танысқаннан-ақ, қорқынышым су сепкендей басылды. Керісінше, мейірімге толы жүзі мен мәдениеті мені баурап алды.

Анам қандай қадірлі болса, ұстазым да мен үшін сондай қымбат жанға айналды.

Бір мақтаудың қуаты

Бірде қазақ әдебиеті сабағында үй тапсырмасы бойынша өлеңді мәнерлеп оқып шықтым. Сол сәтте ұстазым маған бұрылып, өлеңді түсініп, жатқа оқығанымды, мәнерімнің өте жақсы екенін, тапсырманы үнемі тиянақты орындайтынымды айтып, ризашылығын білдірді.

Кеудемді ерекше қуаныш билеп, сыныптастарымның арасында өзімді еркін сезіне бастадым. Сол сезім үйге келген соң өлең жолдарына айналды.

Өлең

Қоятұғын бағалап әр бесіңмен,
Ажарлы ұстаз, кетпейсің мәңгі есімнен.
Мен сен үшін бір түйір дәндей болсам,
Ал, сен маған диқансың дәнді өсірген.

Қазбалаймын оқудың кенін әр таң,
Өзің берген білімге сенім артам.
Өлең оқып, жыр жазып жүргенім бұл,
Ардақты ұстаз, білемін сенің арқаң!

Сенім сыйлаған сөз

Содан бері әр сабаққа ерекше дайындаламын. Әсіресе, әдебиет пәні жанымнан жақын. Ұстазым мені тек мақтағаны үшін ғана емес, бойымдағы сенімсіздік пен қорқынышты сейілтерлік сөзімен ынталандырып, шабыттандыра түсті.

Мен де келешекте сіз секілді ұстаз болғым келеді, сүйікті ұстазым. Сізге деген ризашылық сезімімді тағы да өлеңмен өрнектегім келеді:

Өлең

Бағалаған балауса жырымды ұғып,
Ойымды айтқызар қалдырмай сырын бүгіп.
Жып-жылы сөйлеген сөздерімен,
Жіберетін бойымды жылындырып.

Жайлы тиер құшақтай кеңесімен,
Биіктетіп ойымды, мені өсірген.
Жақсылығы жетіп жатыр — ел жадында,
Кете қоймас, ол сірә, мәңгі өшпеген.