Шәмшіге айт
«Желіктіріп, су бүркіп, сайтан маған,
Кезім болды әділдік айта алмаған».
Бұл — Мұқағали Мақатаевтың «Өмір деген біреу бар» өлеңіндегі екінші буынның алғашқы егіз тармағы. Осы жолдарды оқығанда еріксіз ойға батасың: бұл ақынның ар алдында ағынан жарылған ақжарма сыры ма, әлде Тәңірі ерекше талант сыйлаған періште көңілдің көрінісі ме?
Қалай десек те, «болмай жатып болдым, толмай жатып толдым» дейтін табиғи дарыннан да бұрын, ең бастысы — ар мен ұятты ту еткен сирек сыршылдық Мұқағалиға тән. Өйткені оның кез келген өлеңі — тұнған сыр: оқырманды өзінің ішкі әлеміне ортақтастырып, бірге қуантады, бірге мұңайтады.
«Емханада» өлеңіндегі өкініштің үні
Мұқағалидың сондай терең жырларының бірі — «Емханада». Өлеңдегі алғашқы лептің өзі-ақ жанды дір еткізеді:
«Өкінішті...
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі».
Ақын сырқатының беті қатты екенін жан дүниесімен сезінген сәтінде-ақ «жүрегім көтеріліс жасап жатыр» деп, мүшкіл хәлін сырбаздықпен әрі сырмен айтады. Ал жарық дүниеден өтер сәттің жақындығын «өкінішті...» деген бір-ақ сөзге сыйғызады.
Өлеңдегі ең тосын әрі ең дәл теңеулердің бірі — жүректі «алтын қазыққа» балауы:
«Өкінішті... О, жүрек!
Менің алтын қазығым-ау.
Қайтейін, қажыдың-ау.
...Қытықтаған бауырдың назы мынау.
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!»
Осы тұстағы «Қытықтаған бауырдың назы мынау» деген жол өмірдің ең ауыр кезеңінде де әзіл мен адамдық жылылыққа орын барын сездіреді.
«Не істемекпін? Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!
Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:
Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,
Миым мұзды мұхиттай... Не істемекпін?...»
«Не істемекпін?» деген сұрақтың қайта-қайта оралуы — ажал алдындағы шарасыздықтың қайталанбас көрінісі. Ал «жүрегім – Африка», «миым — мұзды мұхиттай» дейтін қарама-қайшы образдар (ыстық пен суық, өмір мен өлім) ақынның суреткерлік қуатын ғана емес, жарық дүниеге деген құштарлығын да айқындайды.
Өз мұңын арқалап, мәңгілікке аттану
Мұқағали үшін мұң — әлсіздік емес, тазалықтың өлшемі. Ол өз қайғысын арқалап тұрып та, өлеңін біреудің келеке етуіне бермейді. Ақынның мына жолдары — соның айғағы:
«Табиғат,
Жанымды алсаң алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім».
Бұл — елге, жерге, ұрпаққа амандық тілеу. Келер күнге, кемел келешекке сенім арту. Сол сенімнің салмағын ақын:
«Күнім батпай алдымен жырым батса,
Бір сағатта жер басып жүрмес едім», —
деп бекер айтпаған.
Айта алмау — қылыштың қайтуы
Ақынның өзіне-өзі қатал талап қоятын тұстары ерекше әсер етеді. Айтарын айта алмаған сәттегі ішкі күйзелісті ол қылышқа балайды:
«Егер де айта алмасам айтарымды,
Алжыдым, ақылымды сайтан ұрды.
Қынына қылышымды салам онда,
Ақ жүзі алмасымның қайтарылды».
Күнделікті тірлікте тіліміз күрмелген сәт аз емес. Бірақ сондай кезде «ақ жүзі алмасымның қайтарылды» деп қайсымыз шын күйініп, намысқа қамшы басамыз? Көбіміз «үндемеген үйдей пәледен құтылады», «аузын баққан бай болады» дейтін көнерген көнбістікке жығыламыз.
Ал Мұқағали айтарын айтып, рухын тіктейді:
«Егер де айтып кетсем айтарымды,
Ақылым арнасына қайта кірді».
Сөз үшін серт
Ақынның серті — сөздің серті. Ол тек өз тағдырын емес, сөздің тағдырын да мойнына алғандай:
«Қынынан қылышымды алам онда,
Қағамын албастыңды, сайтаныңды.
Бітті серт, кегім менің қайтарылды...»
«Сөзден өлген атамды тірілтсем» деген ойға келгенде, еріксіз «ақын астарлап қазақ тілін айтып отыр ма?» деген сұрақ та көлденеңдейді.
Шәмшіге аманат: өлмейтін ән
Мұқағали сөзден де биік бір қуатты — әннің мәңгілігін сезінеді. Сондықтан Шәмшіге үміт артады:
«Қалай да айтарымды айтып өлем,
Айта алмасам жасайды қайтып өлең.
Шәмшіге айт. Тағы да бір таңқалдырсын.
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей тұғын ән қалдырсын».
Ақынның «Шәмші қайда?» деп көңілі байыз таппай іздеуі — тірісінде-ақ ән королі атанған сазгерге деген айрықша құрмет. Жұртты таңқалдырып, жүректі жындандырып әрі жандандыратын, махаббатты сөйлететін құдіретті әнді дәл соның ғана жазарына сенім.
Мәңгілік жұмбақ — титтей жүрек
«Бұл ғалам ішің титтей жүрегіңде,
Не болып жатқандығын қайдан білсін...»
Бұл — ақынның жан сыры, бәлкім, мәңгілік жұмбағы. Ішкі әлемнің дауылы сыртқа шыққанда ғана өлеңге айналады; ал өлең — оқырманға аманат, уақытқа қарсы тұрғызылған тірек.
Сүлеймен Баязитов