Қош келдің досым
Тоқмет Әмір, 10-сынып • Халықаралық «Мирас» мектебі
Жетекшісі: Молдағалықова Қ.Т.
Менің мектебім
Сәлеметсіз бе, оқырман! Менің атым — Әмір. Мен Алматы қаласындағы Халықаралық «Мирас» мектебінің 10-сыныбында оқимын.
Мектебім Н.Ә. Назарбаевтың Білім Қорының ұйымдастыруымен 1999 жылы салынды. Мектептің табалдырығын аттаған сәттен-ақ оның әсемдігі бірден көз тартады.
Алғашқы әсер: кеңістік, жайлылық, қамқор орта
«Мирас» мектебінің көрікті саябағы, театры, спорт залы мен футбол алаңы, кең атриумы және асханасы — бәрі де ерекше әсер қалдырады. Одан бөлек, сізді қарсы алатын оқушылар мен жоғары санатты мұғалімдер әрдайым көмектесуге дайын тұрады.
Мектеп туралы бір сөйлеммен:
Бұл — білім ғана емес, орта, мәдениет және мүмкіндіктер тоғысқан кеңістік.
Табиғатқа жақын ерекше орын
Егер хайуанаттар әлеміне саяхаттағың келсе, мектебімнің жаратылыстану кабинеттерінің жанында шағын хайуанаттар бағы бар. Ол жерде әртүрлі өсімдіктерді, жәндіктерді және кеміргіштерді бақылауға болады.
Бір сөзбен айтқанда, мектебім сізді кең құшағымен қарсы алады. Жылы қарсы алу кімге ұнамасын?
«Мирас» мектебінің басты ерекшеліктері
-
Халықаралық бағдарламаға негізделген білім беру жүйесі.
-
Көптілділік ұстанымы: ана тілінен бөлек мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ұлтаралық тіл — орыс тілі, халықаралық тіл — ағылшын тілі оқытылады.
-
Көпұлтты педагогикалық құрам: мұғалімдер арасында еліміздің ұстаздарымен қатар, өзге елдерден келген мамандар да бар.
Екінші үйім
Менің мектебім — менің екінші үйім. Мектеп қабырғасында жүргенде айналамдағы адамдардың бәрі маған таныс, бәрі маған дос, бәрі маған жақын. Біз бір отбасы сияқтымыз.
Сабақтан тыс уақытта да бос отырмаймыз: жаңа нәрселерді зерттеп, түрлі ашылуларға ұмтыламыз. «Мирас» мектебі — сапа мен білім тұрғысынан нағыз шеберхана десем, артық айтқаным емес.
Жолың түсіп, мектебімізге келсең — есігіміз әрдайым ашық.
Қош келдің, досым!