Қолында компас

Жылтыр компас

Қанаттың әкесі бір жолы ауданға барып, ұлына сыйлыққа компас әкелді. Қалта сағаттай ғана, жылтыр қара қорапшалы, көркі көз тартатын әдемі компас еді. Тілінің қара бояулы ұшы қалай айналдырып жіберсең де қалтырап барып, солтүстікті дәл нұсқап тұра қалады. Дегенінен қайтпайтын бірбеткей баладай.

Қанат қатты қуанды. «Рас па, өтірік пе?» дегендей, компастың әр жерін түртпектеп, айналдыра қарап шықты. Мұндай компас бұл ауылдағы балалардың ешқайсысында жоқ еді (мектептегісін есептемегенде). Оның өзі мұғалім қолыңа ұстата салады дейсің бе?

Назар аудартқан нәрсе

  • Компас қандай күйде де солтүстікті көрсетеді.
  • Түймесін бассаң, тілі тоқтап қалады.
  • Қанат өзін өзгелерден бір саты жоғары сезінді.

Балалардың қызығуы

Қанат жүгіріп көшеге шықты да, ойнап жүрген балаларға жетті. — Бодан, қарашы, менің компасым бар!

Балалардың назары бірден Қанатқа ауды. Бәрі ойындарын тоқтатып, оны қоршап алды. Қай-қайсысы да ұстап көргісі келіп, қолдарын созды. Бірақ Қанат компасын бірден бере қоймады.

— Сен кеше бәкіңді беріп пе едің? — деп Теміржанның қолын қағып жіберді де, басқаларға бұрылды. — Міне, қараңдаршы. Қалай айналдырсаңдар да, солтүстікті көздеп тұра қалады. Ал жай уақытта мынасын бассаң, тоқтайды.

Балалардың ынтызары тіптен қозды. — Бере тұршы! Бере тұршы!

Қанат әуелі «тәуір» деген жолдасы Боданға берді. Бодан мәртебесі өсіп кеткендей, компасқа қадала қарап тұрды. Тағы екі-үш балаға көрсеткеннен кейін Қанат: — Жетеді енді. Бұзасыңдар! — деп, компасты жейдесінің төс қалтасына салып қойды.

Қызғаныштың ұшқыны

Өзенге қарай келе жатқанда Бодан Қанатты иектеп: — Компасыңа не сұрайсың? — деді. Қанат болса: — Жоқ, сатпаймын, — деп, оны одан сайын қызықтырғандай компасты қайта қолына алды.

Бодан күнтартқышын ұсынды. Қанат: — Оны не қылам? ... Енді керегі жоқ, — деп кергіді. Бодан ішінен өкінгендей болды: «Сонда бере салсам, қазір компасты қыңқ еткізбей-ақ алар ма едім…»

Түсіп қалған компас

Бұл жаздың қоңыржай, жайлы күндерінің бірі еді. Аспанда үлбіреген торқа бұлттар күннің аптабын сүзгіден өткізіп, жерге жанға жағымды майда шуағын ғана төгіп тұрғандай.

Балалар шомылып болып, киініп жатыр. Қанат жейдесін киіп жатқанда, төс қалтасынан компасы сусып жерге түсіп қалды. Өзі оны сезбей де қалды. Мұны Боданнан өзге ешкім байқамады…

Балалар тоғайға бүлдірген теруге бармақ болды. — Мен бармаймын. Аяғыма шөңге кіріп кетеді, — деді Бодан. Ешкім қыстамады.

Үнсіз таңдау

Балалардың қарасы тоғайға сіңіп, көзден ғайып болғанда, Бодан кілт тоқтады. Әуелі тосып тұрды, сосын кейін қарай тұра жүгірді. Шомылған жерге жетіп, шөп арасындағы жылтырап жатқан компасты қарбаласа іліп алды да, шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді.

Ар-ұжданмен арпалыс

Бодан біразға дейін «жеңіске жеткендей» күй кешті: компас енді оның қолында еді. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Бір сәтте-ақ кеудесін біреу түйіп жібергендей, оқыс тоқтады. Жүзіндегі қуаныштың орнын ұнамсыз ойдың көлеңкесі басты.

«Не істеймін бұл компасты? Ешкімге көрсете алмаймын. Біліп қояды. Ұры атанам…» деген ой жанын қинады. Әкесінің қатал үні де құлағына келгендей болды: «Балам, адал бол. Біреудің ала жібін аттама!»

Маңдайына суық тер шықты. «Енді қайттім? Неге алдым? Түсіп қалған сәтте неге айтпадым?» — деп өз-өзін жегідей жеді.

«Тауып алдым» деп Қанатқа апарып берсе ше? Бірақ Қанат сенер ме? Бағана «сатшы» деп қадала сұрағанын ұмытқан жоқ қой: «Қызығып ұрлап алдың» дер…

Өзін ақтау — өзіне өтпеген сөз

Бодан ішінен: «Мен ұры емеспін. Әдейі ұрлаған жоқпын. Түсіп қалған жерінен тауып алдым» — деп өзін жұбатқысы келді. Бірақ бұл сөздің жалған екенін іші сезді де, одан сайын жеркенді. Компас енді оған жабысқақ пәле сияқты көрінді: қалай да құтылмайынша жаны жай таппайтын болды.

Үй ішіндегі күдік

Бодан үйге келді. Өзіне бәрі күдіктене қарап тұрғандай сезілді. — Неге көңілсізсің? Бір жерің ауыра ма? — деп сұрады анасы.

— Ішім ауырады, — деп Бодан өтірік айта салды.

Анасы қамқор көңілмен сұрақты үстемелей берді. Ал Боданның әкесі үйде жоқ еді — жұмыста болатын.

Алты жасар қарындасы Мәкетай еркелеп келді: — Аға, қайда бардың?Тоғайға бардым, — деді Бодан. — Маған бүлдірген әкелдің бе?Бүлдіргенге барған жоқпын. Жай, шомылуға бардым, — деді ол.

— Алдайсың. Қалтаңды көрсетші. Әне, бірдеңе томпаяды ғой!

Боданның жүрегі су ете түсті. Қалтасындағы компас бүкіл дүниеге айғайлап тұрғандай. — Ештеңе де жоқ, — деп Мәкетайды жолатпауға тырысты.

Бірақ қыз қоймады: — Әне, әне, көрсетші! — деп дәл сол қалтаны нұсқады.

Бодан ашуын шақырғандай түр көрсетіп: — Бүлдіргенді кісі қалтасына сала ма екен? — деді.

Мәкетай: — Ендеше анау не? — дегенде, Бодан: — Бұл асық, — деп жалтарды.

— Асық емес қой, дөңгелек бірдеңе ғой… — дегені оның құпиясын әшкерелеп қойғандай болды.

— Жоғал әрі! — деп Бодан қарындасының қолын тұрпайы қағып жіберіп, сыртқа зытып шықты.

Суға лақтырылған жауап

Ел көзінен аулақтап, Бодан қайтадан су бойына келді. «Не істеймін мұны? Қараторғайдың анау жардағы ұясының біріне тығып қойсам ба? Әлде шомылған жерге апарып тастасам ба? Қанат өзі іздеп келіп тауып алар…» деген ойлар сан-саққа жүгірді.

Сол сәтте тоғай жақтан балалардың шұбап шығып келе жатқанын көрді. Қолдарында терген бүлдіргендері бар сияқты. Әлденеге асыққандай ентелеп келеді. Боданның жүрегі аттай тулады: «Бәрі біліп қойды ма? Мен туралы сөз етіп келе жатқан жоқ па?»

Енді бір ғана жол қалғандай көрінді: суға лақтырып жіберу. Өзен суы шымыр-шымыр толқындап, сылқ-сылқ үн қатып, жағаға шалп етіп соғылып, «Бол! Тез!» деп асықтырғандай.

Бүлдіргеннен қайтқан балалар жақындап қалды. Алда Қанат келе жатыр: қасындағы балаға әлденені дамылсыз айтып, әбігерленіп келеді.

Бодан қолындағы компасты суға қарай бар күшімен лақтырып жіберді. Әдемі компас күнге шағылысып барып, шолп етті де, жоқ болды.

Бітті…

Бодан компаспен бірге жүрегін де лақтырып жібергендей, еңсесі басылып, мең-зең күйде тұрып қалды.