Бидағұлға қарап
Кешкі жол, екі көлік, бір намыс
Қаладан кеш түсе шыққан «Жигули» бірқалыпты жүріспен баяу жылжып келе жатты. Көлікте үш адам бар еді: алдыңғы орындықта отырған көкесі, рульде отырған апасының нағашы жағынан туыстас інісі — Бидағұл ағасы, және бірінші сыныпқа енді барғалы жүрген — бұл.
Бір кезде көкесі алға қарай ұмсынып: — Бидағұл, анау кімнің көлігі? — деп, алдыда кетіп бара жатқан машинаны көрсетті.
— «Москвич» қой, — деді Бидағұл. Артынша иесін де айтты. Ол да елге сыйлы, абыройлы қызметкер азаматтардың бірі еді.
Көкесі енді Бидағұлға бұрылып: — Осы «Жигули» жүйрік пе, әлде «Москвич» жүйрік пе? — деді.
Бидағұл дағдылы күлкісіне салып, хы-хы-хы-лап күліп алды да: — «Жигулиге» не жетсін, Қолеке. «Жигули» жүйрік қой, — деді.
— Онда… — деді көкесі әлденені жұмбақтағандай. Бидағұл бірден түсінді: — Қуайын ба, Қолеке? — Енді! — деді көкесі өзі жүгіргелі тұрғандай алға ұмсына.
Қуып жету, озып кету, қайтадан теңесу
Сол-ақ екен, қаладан шыққалы бірқалыпты келе жатқан «Жигули» бейне бір ұйқысынан оянғандай екпінін арттыра жөнелді. Мұны «Москвичтің» жүргізушісі де байқаса керек — ол да жылдамдығын үдете түсті.
Көкесі мәз болып: — Өй, мынау тазы көрген қояндай зымырады ғой! — деп қалды.
«Жигули» көп ұзамай «Москвичті» қуып жетіп, жанынан зу етіп өте шыққанда, көкесінің көңілі бір көтеріліп қалды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. «Москвичтің» иесі де: «Ә, Қолеке, жарысқың келеді екен ғой. Мен де ел алдында жүрген жігіттердің бірімін, сені алдыма шығара қояр дейсің бе?» — дегендей, енді «Москвич» «Жигулидің» жанынан зу ете түсті.
Дәл осы сәтте Бидағұл ағасы көлікті асфальттан оң жақтағы қара жолға қарай бұрып жіберді. — Ау, қайда кеттің, Бидағұл?!
Екі оттың ортасы
Іштей ойлайды: Бидағұл ағасы екі оттың ортасында қалды ма екен? Өйткені «Москвичтің» руліндегі кісі де — бет көрсе, жүз ұялатын, елге сыйлы абыройлы азамат. Егер «Жигулиді» «Москвичтен» оздырып жіберсе, әлгі кісінің көңіліне келіп қалар еді. Ал егер оздырмай қойса, бағана ауылдан шығарда «көлік бабында тұр екен, Қолеке. Су жаңа „Жигули“ жүріс тілеп тұрған көлік қой» деп көтермелеп қойған көкесінің көңіліне келер еді.
Себеп — көпір
«Жигули» енді кейін шегінді. Сосын қайтадан асфальт жолға беттеп, үстіне шығып, жүрісін түзеді. Бидағұл манағыдай емес, күмілжіңкі дауыспен: — Көпір, Қолеке… Көпір. Абайлап өтуім керек. — деді.
Күрішке су алып жатқан кез. Қалқымалы көпір түсіп кеткен. «Жигули» «Москвичтей» емес, бауырын ұрып алуым мүмкін, — деді ол.
«Қарлаң» өткелі
Алда Сырдария өзеніне салынған қалқымалы көпір — «Қарлаң» өткелі жатты. «Жигули» маңдай шамдарын жарқырата жағып, дария табанындағы көпірге қарай құлдилап түсті.
Сәлден кейін төрт доңғалағын көпір үстіне тіреп, дік-дік етіп жүріп өтті де, көпір аяқтала бере қарсы жағалауға тырмыса ұмтылды. Бейне бір кейін сырғып кететіндей. Алдыңғы доңғалақтары асфальтқа іліне бергенде, «Жигули» жолдың үстіне лып етіп шыға келді.
Алдан «Бірлік» ауылының шамдары жарқырап көрінді. Бұрын көкесі бұл жерден өткенде «Бірліктің» өткені жайлы тоқталып, ауылға бір мақтау айтып тастайтын. Бірақ бұл жолы — көлігі қалып келе жатқан соң ба, тырс етіп үн қатпады.
«Бірліктің» шамдары да: «Қолеке, бүгін біз жайлы айтпадыңыз ғой. Мейлі, жолыңыз болсын» дегендей, жымың-жымың етіп артта қала берді.
Бидағұлдың бабына келуі
Көп ұзамай-ақ «Москвичтің» артқы шамдары тағы да жылт ете қалды. Бұл жолы Бидағұлдың қамданғанын көрсеңіз. «Техниканың тілін білетін автомеханик Бидағұл деген атым бар, Қолекеңнің көлігін неге бір оздырып тастамаймын?» — дегендей, мол денелі кісінің аяғы астындағы темірлерді кезек-кезек басып, оң қолы ортадағы сорайып тұрған темірге барғыштап, құнжыңдай түскені қызық еді.
Сол-ақ екен, «Жигулидің» бауыры жазылып сала берді. Көп ұзамай «Москвичтің» адымын аштырмай, жанынан зу етіп өте шықты да, «Энгельс атындағы совхоз» деген жазуы бар тақтайшаға маңдай шамдарын жарқ еткізіп бір түсірген соң барып, жылдамдығын күрт бәсеңдетті.
Енді «Жигули» ауыл орталығына қарай бастайтын ұзын көшеге түсіп, ақырын жүріп келе жатты. Бұл артына бір бұрылып қараған еді — «Москвичтің» жарығы едәуір жерде қалып қойған екен.
Ел айтқан сөз
Көкесінен кейін де талай жігіт көліктің небір жүйрігін тақымына басты, талай жігіт баспананың небір зәулімін тұрғызды. Бірақ «көлікті де бірінші болып мінген, тамды да бірінші болып салған Қолғанат еді ғой» деген сөз оның кіндігінен тараған өз балаларының аузында емес, елдің өз аузында айтылып қалып қойды.