Түлектерің өлең жазса шумақтатып, Тыңдар оны құштарлықпен дүйім халық

Мектебімізге — 100 жыл

Міне, биыл алтындай қымбат, білім мен тәрбиенің ошағына айналған аяулы мектебімізге 100 жыл толды. Бұл — үлкен қуаныш, зор мәртебе. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды белес.

Осы 100 жыл ішінде мектебіміз талай түлекті ұядан ұшырып, қияға қанат қақтырып келеді. Сол түлектер мектеп атына кір келтірмей, көбісі жоғары оқу орындарына түсіп, ұстаз берген білімнің еш кетпегенін дәлелдеп жүр.

Ой өзегі

Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — дейді. Шынында да, ұлағатты ұстаздар үйреткен әрбір дүние көкейде сақталып, өз уақытында жемісін береді. Ол — ұстаздың шәкірт үшін төккен терінің ақталғаны.

Түлектің алғысы

Мен — биыл алтын ұя мектебімнің бітіруші түлегімін. «Тұзын ішіп, тұздығына түкірме» дегендей, мектебімді жамандап, оған кір келтіру ойымда жоқ. Себебі киелі білім ордасы саналатын мектебіме деген құрметім әрқашан биік.

Керісінше, осындай мектепте оқығанымды мақтанышпен айтып, шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. «Тардай болып кіріп, таудай болып шығасың» деген сөздің мәнін де осы 11 жылда терең түсіндік: кішкентай бүлдіршін болып келіп, қалай ержеткенімізді байқамай қалыппыз.

Өсу жолым

Осы 11 жыл ішінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі ғылыми жобаларға, ақындар мүшәйрасына, олимпиадаларға және басқа да іс-шараларға қатыстым. Қуантатыны — жүлделі орындар да бұйырды.

Ұстаз абыройы

Сайф Сараи: «Ұстаздың абыройы болмаса — шәкірттері оның сақалымен ойнайды» — деген. Сондықтан жетістікке жетуіме себеп болған абыройлы ұстаздарымның еңбегін атап өтпеу мүмкін емес.

Қорытынды өлең

Мерейлі мерекесі — 100 жыл толуына орай, сөзімді өз шығармашылығымнан шыққан өлең шумақтарымен түйіндегім келеді.

Өлең шумақтары

Мектеп жайлы жазсам мен бір үзік сыр,
Мектеп деген белесі көп биік шың.
Ең киелі білім орда саналар,
Сәуле шашар күннің әсем нұрысың.

Жүрек тулап, өн-бойыңды кернеп шабыт,
Бұл мектепке шәкірт болу — үлкен бақыт.
Түлектерің өлең жазса шумақтатып,
Тыңдар оны құштарлықпен дүйім халық.

Шет-шетінен өнерлі өрендерің,
Бұл, әрине, мектебім — өр еңбегің.
Мектеп деген екінші үй, алтын ұя, —
Демеп пе еді талай ақын, кемеңгерің.

Мерейлі мектебіме — 100 жыл міне,
Негізінде білім — теңіз, мектеп — кеме.
Қуанышпен асқақтатып тойласыншы,
100 жыл толған мерекеңді дүркірете!

Мен биылғы түлеп ұшар түлегіңмін,
Мектеп, сені қимай кейде түнеремін.
Естелік боп қалсын деймін бұл өлеңім —
Бітіруші 101-інші түлегіңнің!

Тілек

Мектебіміздің мерейі артып, іргесі берік болып, талай шәкірттің талабын ұштап, арманына жол ашатын құтты мекен болып қала берсін.