Зоотехник күні ілгері келіп
Баянауылдағы тапсырма
Бастығым: «Баянауыл совхозында саулықтарды қолдан ұрықтандыру ойдағыдай ұйымдастырылған екен. Сен сонда барып, іспен танысып, репортаж жазып кел», — деді. Мен: «Жарайды, Шәке», — деп келістім.
Совхоз кеңсесінде күтіп отырған зоотехникпен бірге ұрықтандыру пункттері орналасқан малды ауылдарға жолға шықтық. Әне-міне дегенше, солардың біріне де жеттік. Түнде қырбық қар жауған еді. Баздан шығып, өріске бет алған отардың ізі жосылып жатыр.
Ұрықтандыру пункті базға қарама-қарсы тұрған ескі үйдің бір бөлмесіне орналасқан екен.
Бірден көзге түскен сәйкессіздік
Зоотехник мені солай қарай бастап жүрді. Бір ғажабы — пункт есігінің алдындағы қырбық қарда пунктке кіріп-шығып жүрген адамдардың ізінен басқа із жоқ. Малдың ізі де, сабылысқан тіршіліктің белгісі де байқалмайды.
Ұрықтандырушы да, зоотехник те мәліметті жарыса айтып жатыр. Ұрықтандырушы күнделікті ұрықтандырудан өткен саулықтарды тіркейтін журналды қолыма ұстатты. Жазуына қарағанда, сол күні жиырма бес саулық «шағылыстан өткен».
Журналдағы көрсеткіш:
25 саулық
Сол күні ұрықтандырудан өткен деп тіркелген.
Бөлменің ішіне мұқият көз салғанда, әлгінің сөздерінде шикілік көп екенін бірден аңғардым. Өйткені еденге жуырда төселген тақтайлардың арасы тым алшақ еді. Кезінде бұл жерде арық-тұрақ мал тұрған сияқты: ойып алынбаған, кеуіп қалған қара қи шұңқыр-шұңқыр болып көрініп жатыр.
Сұрақтар және үнсіз жауаптар
Мен еден сыпырып жүрген әйелге бұрылдым:
— Апай, саулықтар дәл осы жерде ұрықтандырыла ма?
— Иә, иә. Ұрықтандыру пункті осы екенін көріп тұрған жоқсыз ба?
Оның бұл сөзіне ана екеуі қарқылдап күліп, мәз болысты. Түрлерінен: «Қойды газеттен, теледидардан ғана көретін тілшіні оңай тұқырттық» деген кекесін сезілді.
Мен сабырмен: — Онда еден тақтайларының арасынан түскен қойдың бір құмалағын алып көрсетіңізші, — дедім.
Әйел қып-қызыл болып, төмен қарады.
Зоотехник бірдеңе деуге ұмтылғанда, сөзін бөліп: — Сонан соң Морозовтың столигін көре алмай тұрмын. Әлде... — дедім.
Зоотехник сасқалақтап: — Оны әкеліп береміз, — деді.
— Қашан? — дедім. — Ұрықтандыру біткенде ме?
Ол үнсіз қалды.
Қошқар қорасындағы шындық
Мен әңгімені басқа арнаға бұрдым: — Жә, қошқарларды көрсек.
Қора ішінде жиырмаға тарта қошқар арнайы бөлінген орында күтіліп тұр екен. Қошқарлар күйлі, жатқан орны да көңіл көншітерліктей.
Біреу сырттан: — Аға, төл төгінің астында қалыңыздар! — деп дауыстады.
Ұрықтандырушы күрсініп: — Рахмет, айналдым. Бар сенім бір Аллада, содан соң мына тұрған қошқарларда, — деді.
Оның езуіне күлкі үйірілді де, артынша жүзі сынық күйге ауысты.
«Өтірік айтып, бір қателік кетті...»
— Шындығы осы, — деді ол біраздан соң. — Мендей анаң бар шығар, мына кісі болса дімкес. Шиеттей баламыз бар. Зоотехник күні бұрын келіп: «Осылай деп айтыңдар», — деп өтінген соң, сөзін жерге тастай алмай, сізге өтірік айтып қойдық. Бізден бір қателік кетті.
— Ұқтым, апай, — дедім.
Жол бойы оның «шиеттей бала-шаға», «бір қателік кетті» деген үні құлағымның түбінде жаңғырып тұрғандай болды. «Бір қателік»... бірақ бұл қателіктің оған титтей де қатысы жоқ еді.
Жалған ақпардың салмағы
Өтірік пен жалған мәлімет кең жайылып, үлкен қатерге айналып, совет қоғамының дауасыз дертіне айнала бастағанын олар қайдан білсін? Өтіріктің өрге басуына жол беріп, соның үстінен «жабуды жаба тоқып», жақсы атануға мүдделі идеологтардың ел басқару тізгінінде отырғанын қайдан аңғарсын?
Алдыңғы үшеуі іштерінен: «Бір пәледен аман қалдық-ау!» — деп жеңіл күрсінгендей еді.
Ал тілші болса: «Өздері жалған ақпар береді де, кейін газетті “өтірік жазады” деп кінәлайды екен» — деген ойға беріліп, қатты ренжіді.
Алда әлі ұзақ, бұралаң жол созылып жатты. Өмір бір белестен бір белеске жетелеп, алып кете берді...