Қанатты тарихи сөздер
Автор туралы
Жұмағазиев Ертай Жиенбайұлы 1966 жылы 17 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институтының (1987–1992) тарих факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. Кейін Қ.А. Яссауи атындағы мемлекеттік қазақ-түрік университетінің (1993–1998) заң факультетін бітірген.
1995 жылдан бері заң саласында қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.
Мемлекеттік қызметпен қатар шығармашылықты тұрақты түрде қатар алып жүрген автордың 1995 жылдан бері 50-ден аса мақаласы республикалық, облыстық және қалалық басылымдарда жарияланған.
Қосалқы автор ретінде шыққан кітаптары
- «Мир юриспруденции в высказываниях, афоризмах и крылатых словах» (Е. Жұмағазиев, С. Сүлеймен), Данекер, 2001.
- «Заңдылық пен әділдікке құштарлық» (Е. Жұмағазиев, С. Сүлеймен), Жеті Жарғы, 2001.
- «Мастерство выступления на судебном процессе» (Е. Жұмағазиев, Т. Алданов, Г. Баймұратова), Юрист баспасы.
«Қанатты тарихи сөздер» туралы
Бұл жинақта тарихи қанатты сөздер — тарихи цитаттар, бейнелі тіркестер, тарихи тұлғалардың даналық ойлары, сондай-ақ тарихи-әдеби шығармалар мен мифтер кейіпкерлерінің қанатты сөзге айналған атаулары топтастырылған.
«Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады».
Абай Құнанбайұлы
Алғысөз орнына: тарихи қанатты сөздің мәні
Қанатты сөздер — сөйлер ойдың інжу-маржаны. Сондықтан мұнда әрбір сөздің мәні ашылып, мазмұнына талдау жасалады; шығу төркініне қысқаша шолу беріліп, қажет жағдайда оны шығармашылықпен қолданудың жолдары кең тараған мысалдар арқылы көрсетіледі.
Горацийдің пайымдауынша, сөздер де ағаш жапырағы сияқты «гүлдену» және «сарғаю» кезеңдерінен өтеді. Ал тарихи қанатты сөздердің ғұмыры — ұзақ: олар көптеген тарихи оқиға мен мәселені еріксіз көз алдыңа әкеледі.
Тарих — болашақты түсінудің кілті. Осы тұрғыдан алғанда, тарихи қанатты сөздерді орнымен қолдану маңызды. Өйткені тарих жас ұрпақты тәрбиелейтін қуатты құрал.
«Мектеп — жеткіншек ұрпақтың ойын қалыптастыратын шеберхана. Егер болашақты қолдан шығарып алғың келмесе, оны қолда берік ұстау керек».
А. Барбюс
«Мұғалімге сөз өз ойын сапырыстырып айту үшін берілмейді, басқаның ойына қозғау салу үшін беріледі».
В.О. Ключевский
Өткеннің сабағы бүгіннің игілігіне айналуы тиіс. Сол себепті ата-баба аманатына, аға ұрпақ дәстүріне жауапкершілікпен қарау — әр азаматтың парызы.
Қанатты сөздер туралы
Қазіргі қазақ тілінің қоғамдық қызметі сан алуан. Қолданылу өрісі кеңейген сайын тілдің икемділігі, бейнелеу тәсілдерінің молдығы және мәнерлеу мүмкіндігі айқын көрінеді. Осы орайда нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер және қанатты сөздер — сөйлеу мәдениетінің маңызды тіректері.
Ел аузында, жазба әдебиетте және баспасөзде мақал-мәтелге ұқсас, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» білдіретін қанатты сөздер жиі кездеседі. Кейде тарихи дерегі бар нақыл сөздер уақыт өте келе мақал-мәтел ретінде де айтылып кетеді.
Жіктелуі
Қанатты сөздер шартты түрде екіге бөлінеді: әдеби қанатты сөздер және тарихи қанатты сөздер. Әдеби қанатты сөздер ақын-жазушылардан, шешендер мен билерден тараса, тарихи қанатты сөздер тарихи тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, қолбасшылар және белгілі тарихи оқиға кейіпкерлерінің сөздері ретінде қалыптасады.
Терминдер: қысқа анықтама
- Мақал
- Ырғақ пен ұйқасқа құрылған, түйінді ой мен қысқа қорытынды; жай да, құрмалас сөйлеммен де беріледі.
- Мәтел
- Қорытындыға меңзейтін, аяқталмаған ой; көбіне сөз тіркесі не жай сөйлем түрінде келеді.
- Афоризм
- Белгілі бір авторға тән, ықшам әрі әсерлі сөз өрнегі.
«Қанатты сөз» ұғымы
Гомердің түсіндіруіне сүйенсек, қанатты сөз — «сөздің қанатында үлкен ой болып, ол тыңдаушысына ұшып баратындай» әсер беретін бейнелі ой.
Мұндай сөз әлеуметтік өмірдің тарихи тәжірибесінен қайнап шыққан кең мазмұнды ықшамдап, тобықтай түйін етіп бере алса — құдіреті де осында.
Тарихи қанатты сөздер: мысал және төркін
«Елді ала тайдай бүлдірдің» деген тіркестің шығуын Шоқан Уәлиханов баяндайды: жоңғар шапқыншылығы кезінде ала тай ауылды айнала шауып, сырттағы дүбірден үріккен жұрт «жау келді» деп дүрліге көшіп кетеді. Кейін белгілі болғаны — дүрбелеңге себеп болған жау емес, босап кеткен ала тай еді. Содан бері елді бос үрейге салған адамға осы сөз айтылады.
«Келдім, көрдім, жеңдім» — Юлий Цезарьдың б.з.д. 47 жылы Зела түбіндегі жеңісінен кейін жолдаған қысқа хабары. Бұл тіркес қиын міндетті қысқа уақытта орындауды білдіретін бейнелі сөзге айналған.
«Көтерілісті кешеуілдету — өліммен тең» — І Петрдің 1709 жылғы Полтава шайқасы қарсаңында Сенатқа жазған хатындағы ой. Кейінге қалдырудың қауіптілігін ескерту үшін қолданылады.
Қайнар көздері
- Тарихи шығармалар мен мемуарлар
- Тарихи оқиғалар мен қоғамдық құбылыстар
- Тарихи тұлғалардың нақыл сөздері
- Жазба ескерткіштер, фольклор, мифтер
Қазақ дәстүрі және фольклордағы орны
Қазақ халқы тарихи қанатты сөздерге бай. «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол», «Күлтөбенің басында күнде жиын» тәрізді тіркестер елдің құқықтық-тарихи жадын сақтап келген сөз өрнектері ретінде танылады.
Қанатты сөздердің қайнар көздерінің бірі — фольклор. Фольклорда халықтың ақыл-ойы, арман-тілегі, тұрмыс-салты, шаруашылық кәсібі бейнеленіп, дүниетанымы көрініс табады.
Шешендік сөз үлгісі
Қазақ ауыз әдебиетінің маңызды салаларының бірі — шешендік сөз. Ол дәстүрлі түрде шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау болып бөлінеді.
«Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді. Қаралы үйде қатын семіреді, қамсыз елде хан семіреді. Қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп, бір күнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын. Мен арық болмай, кім арық болады?»
Аңыздағы жауап: Адай Атақозы би
Қанатты сөздердің зерттелуі туралы
«Қанатты сөздер» терминінің ғылыми айналымда кең таралуына 1864 жылы неміс ғалымы Георг Бюхманның (1822–1884) «Қанатты сөздер» атты еңбегі ықпал етті. Осы кітаптан кейін термин әдеби тілге орнығып, өзге авторлардың еңбектерінде де жиі ұшыраса бастады.
Негізгі дерек
Георг Бюхманның «Қанатты сөздер» кітабы 1926 жылға дейін 27 рет қайта басылған.