Шәмші аға - қазақ өнеріндегі ұлы тұлға

Жапсырма атақтың жүгі: ұлыларды ұсақтатпай, дарынды да шектемейік

60-жылдардың басында «Жұлдыз» журналынан батыстық бір дуалы ауыздың сөзін оқып, қайран қалғаным бар. Онда былай делінген: «Мұхтар Әуезов — қазақ үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы». Мен осыны әлі күнге ұғына алмай келемін.

Абайды қозғамай-ақ қояйық. Шолохов, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі ірі талант. Сонда Әуезов кім? Ол — әлем әдебиетінен өз орнын ойып алған үлкен тұлға екені өтірік пе?! Сөйте тұра, неге ол тек «Шығыстың Шолоховы» ғана болуы керек? Мұндағы «біз» кім?

Елтігіштік және «екінші тұлғалар» көбейген кезең

Біз — елтігіш халықпыз. Біреудің аузынан шыққан бір лебізді қағып алып, дәріптей жөнелуге асығамыз. Содан кейін-ақ «екінші тұлғалар» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайды: ана ауылдың анасы, мына ауылдың мынасы — бірін біріне телу үрдіске айналып жүре береді.

Бұдан біздің өңір де шет қалған жоқ. «Алтайдың Біржаны», «Ақ Ертістің Ақаны», «Шығыстың Майрасы» секілді жапсырма атақтар ауданда, облыста таланты енді жұрт аузына іліге бастаған жастарға ерекше жомарттықпен таратылды.

Бұл бағыт неге екі жаққа бірдей зиян?

1) Ұлы тұлғаның атын ұсақтату

Біржан сал — тарихта қайталанбас, бірегей дарын. Ал сол дараны «Алтайдың», «Алатаудың», «Қаратаудың», «Арқаның» Біржаны деп бөлшектеу — ұлыға жасалған қиянат емес пе?!

2) Өсіп келе жатқан жастың алдын кесу

Жас дарынның ертең ашылар өнеріне алдын ала «рама» дайындап қою — оның жетер жерін, шығар биігін күні бұрын кесіп-пішкенмен тең. Бұл — мақтағанның түрі болғанымен, шын мәнінде шектеу.

«Шығыстың Шәмшісі» деген сөз және оның астары

Кезінде осындай пікірлерімді «Рауанға» жазған едім. Сонда «Шығыстың Шолоховы», «екінші Абай» деп Мұхаңды осылар төмендетті деп сынай келіп, келешекте мұндай келеңсіздік белең алып кетпесін деген ниетпен: «Шығыстың Шәмшісі бар, бізде жоқ деп, Батыс болып жүрмесін абыр-сабыр…» дегенім бар.

Сол кездегі «Шығыстың Шәмшісі» деп отырғаным — өз әндерімен халықтың сүйіктісіне айнала бастаған дарынды сазгер Оралхан Көшеров еді. (Ол кезде екі дарынның да көзі тірі болатын.)

Талантты талантқа телуге бола ма?

Шәмші ағамыз — қазақ өнеріндегі ұлы тұлға. Бұған дәлел — әндерінің жарты ғасырға жуық уақыт ел аузынан түспей келе жатқаны. Ал Оралхан кім? Ол — біздің ән әлеміндегі ұлы болмағанмен, ірі тұлға.

Ендеше, бір талантты екіншісіне теліп, «соның бір бөлшегі» сияқты көрсетуге бола ма? Жалпы, таланттарды теңестіруге немесе салыстыруға бола ма? Әрқайсысына дарын қуатына сай, халық көңілінен өз орны бар емес пе?

Өлшем — сан емес, сән

Оралханның өнердегі ірілігін оның артында қалған елудей әнін түгел тізбей-ақ, ішіндегі айшықтысы — «Достарға» әнінің өзі-ақ көрсетіп тұр.

Кез келген шығармашылық адамының, соның ішінде сазгердің еңбегі шығармаларының санымен емес, сәнімен бағаланатынын Нұрғиса ағамыздың Күршім сахнасынан айтқан мына сөзі дәлелдейді:

«Мен осы ғұмырымда 400-ге жуық ән жаздым, соның жиырмасы ел есінде сақталса, өзімді бақытты санар едім…»

«Әннің анасы — композитор…»

Бір музыка білгірінің: «Әннің анасы — композитор, әкесі — ақын, тәрбиешісі — әнші» дегенін оқыған едім. Соған сүйенсек, «Достарға» әнінің әуені — Оралхандікі, өлеңі — Хасендікі, орындаған — Есен. Оның үстіне осы талантты үштік өзара дос болса, әннің өміршең болуы — заңдылық.

Оралханның бұдан басқа да бірнеше әні бүгінгі күні Қазақстанға кеңінен танылды.

Қазақ ән өнері — телегей теңіз, әр тамшының да өз салмағы бар

Музыка зерттеушілері: «Қазақтың ән-күйінің бізге жеткені — XV ғасырдан бергісі, одан арыға тереңдей алмай жатырмыз» дейді. Солай болса, осы бес ғасырдағы қазақ ән өнерінің өзі — телегей теңіз.

Сол өнерді жасаушыларды түгел тізбектеп шығу түгілі, түгел білу де мүмкін емес. Білгеніміз — Шалкиіз, Қазтуған, Мұрат; беріден Ақтамберді, Жарылғапберді; одан — Біржан, Ақан, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Әсет, Мәди… Олардың шәкірттері, біздің заманымызда өмір сүрген Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла… Кеңестік дәуірде Нұрғиса, Дәнеш, Әбілахат, Шәмші, Әсет — қазақ әнінің үзілмес тізбегін құрайды.

Оралхан — сол ұлы көштің бір жолаушысы

Бірді-екілі әнімен ел есінде қалған, кеше ғана дүниеден өткен марқұмдар — Жақсыгелді Сейілов («Жез киік»), Жәнібек Кәрменов («Ақтамберлі толғауы»), Тынышбай Рахимов («Алтайдың ар жағынан келген ару») қатарында Оралхан Көшеровтің де («Достарға») аталуына әбден болады.

  • Өшпес әндер — қазақ өнерінің мұхиты десек, сол мұхиттың бір тамшысы — Оралхан әні.
  • Дарындар шеруі — қазақ өнерінің ұлы көші десек, сол көштің өзіне артқан жүгі бар бір жолаушысы — Оралхан.
  • Әндер — інжу-маржаннан жиылған қазына десек, сол қазынаға өз асыл тасын қосқан — Оралхан.
  • Қазақ әні аспанындағы жұлдыздар шоғыры десек, сол шоғырдың ішінде өзіндік жарығы бар бір жұлдыз — Оралхан.

Ендеше, Оралханды ұлыға теліп «Шығыстың Шәмшісі» деп кішірейтіп мақтамайық. Керісінше, «Шығыстың Оралханы», «Біздің Оралхан» деп өзіміз мақтанайық, ағайын!

Өлеңдегі ой: биіктік — бір адамның емес, елдің еңсесі

Дарын туған киелі топырақтан, Дара ұл туған көз жетпес атыраптан. Тағы ұл туар қазаққа түнгі көктен, Жұлдыз болып көк сәуле шашыратқан. Соларменен сен биік, мен де биік, Биіктесек бәріміз — ел де биік…

Осындай ел еңсесін биіктеткен ұлдардың бірі — Оралхан. Ол халық өнеріндегі өз орнын бүгінде алуы тиіс.

Оралхан мұрасын ұлықтау: бүгінгі жай-күй және ортақ міндет

Былтыр Күршімде Оралханды еске алу кеші өтті: естеліктер айтылды, арнау өлеңдер оқылды, сазгердің әндері орындалды. Бұдан да үлкен кеш Өскеменде өткенін, оған жан-жақтан Оралхан өнерінің жанашырлары келгенін басылымнан ризашылықпен оқыдық.

Сол жиында Күршім ауданының әкімі Қонысбай Төлеубеков сөз сөйлеп, Оралхан қорына қомақты сый тапсырғанын; ақын Хасеннің досына арнап жыр төккенін; Есен Ошанның әндерді нақышына келтіре шырқап, көпшілік құрметіне ие болғанын білдік. Белгілі журналист Мұрат Тастағановтың Оралхан әндерін үнтаспа етіп шығаруға көп еңбек сіңіргенін, басқа да іскер азаматтардың қолұшын бергенін естідік.

Тағылымдық жағы: жұрт болып көтермесек, бірлі-жарым шара аздық етеді

Осындай жекелеген азаматтардың қадау-қадау істеріне қуанып қана қоймай, олардың тағылымдық жағына көбірек назар аударуымыз керек. Өйткені, қанша ірі болғанымен, мұндай сирек шаралар Оралхан творчествосына аздық етеді.

Қалың көпшілік осындай бастамаларды қостап әкетуі тиіс. Әркім өз шамасына қарай — қаржылай ма, заттай ма, әлде ізгі сөз, насихат түрінде ме — Оралхан әндерінің халық құлағына сіңісті болуына атсалысқаны жөн.

Әрқайсымыз О. Көшеров творчествосын бұзбай, ескіртпей, ұмыт қалдырмай сақтау — оны ертеңге жеткізіп, келесі буынға тапсыру — міндетім деп ұғынғанда ғана Оралхан аты да, Оралхан әндері де ел жадында жасай береді.

Ұсыныстар: жүйелі жұмысқа айналдыру

  • Жыл сайын өтетін жас талаптардың «Жас қанат» байқауында О. Көшеров атындағы бір жүлде тағайындалса.
  • Аудан мектептерінде сазгер творчествосына арналған тәрбие сағаттары ұдайы жүргізілсе.
  • Көркемөнерпаздар байқауының талабымен әр шығармашылық ұжымның бағдарламасында Оралханның кемі бір әні орындалса.

Осы пікірлерімді аудан басшылығына, мәдениет қызметкерлеріне, музыка мамандарына құлаққағыс еткім келеді.

Құмарбек Қалиев. 2002 жыл, желтоқсан.