Мектептің жаны - мұғалім
Асанбаева Гүлдәурен, 4 курс • Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі (Жезқазған)
Жетекшісі: Бекбергенов Ә.И.
Арманға бастар жол
Әр адамның асқақ арманға, биік мұратқа қол созатыны ақиқат. Бала күнімнен ұстаздардың ұлы іске толы, ұлағатты әрекеттері мені мұғалім болуға жетеледі. Мәлік Ғабдуллиннің: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні мен киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген ойы жүрегіме жақын болды. Сол себепті кішкентайымнан-ақ «ұстаз болсам» деген арманым сәби көңілімді тебірентіп, алға жетеледі.
Ұстаздарымның әр сөзін қалт жібермей тыңдап, талапшылдық пен зеректікке ұмтылдым. Ішкі ниетімді байқаған мұғалімдерім де демеп, болашаққа сеніммен қарауға қанат бітірді. Олар мақсаттарыма медеу болып, биік мұратқа ұмтылуыма шамшырақтай жол көрсетті.
Ұлытаудан Жезқазғанға дейін
Кіндік қаным тамған қасиетті Ұлытаудан мыс шаһары Жезқазғанға жол тарттым. Таңдауым Жезқазған қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі — Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжіне түсті. Бала кезімнен атағы жер жарған осы білім ордасына келуім кездейсоқ емес еді.
Колледж қабырғасындағы терең білім мен салиқалы тәрбие мені шыңдап, көкжиегімді кеңейтті. Ұстаздарымның мол тәжірибесі мен тағылымы бала күнгі арманымды одан әрі бекемдеді. Мен білім тереңіне дендеп бойлағанымды сезініп, үздіксіз ізденісті өзіме серік еттім.
Ұстаздың орны: ой мен жауапкершілік
Негізгі тұжырым
Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы… Ең әуелі мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген пікірі менің көзқарасымды айқындады.
Жаны жайсаң ұстаздарымнан алған сапалы білім мен өнегелі тәрбиені бойыма сіңіруге тырыстым. Колледжде ұйымдастырылатын түрлі шаралар да кәсіби қалыптасуыма мол мүмкіндік берді. Мектеп қабырғасында тәжірибеден өту барысында алған білімім іс жүзінде қажетке жарап, мамандығымның мәнін тереңірек түсінуге жол ашты.
Балалармен жұмыс: жүрекке жақын мектеп
Қаламыздың маңындағы «Орленок» жазғы сауықтыру лагеріне барып, жыл сайын тәлімгерлік тәжірибеден өтуді дәстүрге айналдырдым. Бала жанының пәктігін, періште пейілін сезіну — өлшеусіз бақыт. Бір сәттік шат күлкінің құнын ешбір асылға айырбастай алмайтынымызды сонда айқын ұқтым.
Әр үйдің еркесіне айналған балалармен күн мен түнді бірге өткізу, сол ел ертеңімен бірге қуану, бірге қынжылу — маған шексіз ләззат сыйлады. Осы тәжірибе мұғалімдік мамандықтың шынымен де қиын әрі қызық екенін нақты аңғартты.
Ұстаз тұлғасы: Әл-Фараби сипаттаған биік өлшем
Өзіме қойған талап
Әл-Фарабидің ұстаз туралы: «…айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген-естігенін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз, шешен, өнер-білімге құштар, қанағатшыл, ар-намысын ардақтайтын, әділ, батыл, ержүрек болуы керек» деген ойына терең бойладым. Осы қасиеттерді бойыма жинап, тұлғалық тұрғыда өсуге өзіме серт бердім.
Балғындардың қоштасар сәтте: «Апай, біз сізді қимай тұрмыз! Келесі жылы тағы да кездесейікші!» деген сөздері көзіме еріксіз жас үйірді. Ол — қуаныштың, таңдаған мамандығыма деген шынайы сүйіспеншіліктің жасы еді.
Алда — нұрлы келешек
Сынаптай сырғыған уақыт өте шығып, қазір соңғы курста білім алып жүрмін. Алда — нұрлы болашақ, кең өрісті келешек. Сол болашақты аяулы мамандығыммен байланыстырдым. Өйткені әлемнің бар шуағы мен шарапатын жас ұрпақ бойына дарытудан асқан бақыт бар ма?
Түйін
Ойымды Ғафу Қайырбековтің мына жолдарымен түйіндегім келеді:
Ұстаз болу — жүректің батырлығы,
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.