Жалған дүние

Бұл жарық дүниеге келген әр адамның мұраты орындалып, ойлағаны жүзеге асып, асығы алшысынан түсіп, қайғы-мұңсыз өмір сүруі — ежелден-ақ екіталай нәрсе. Алайда «біреудің бақыты біреуге қыз көрінер» дегендей, әркім өз тағдырына үйірілген сәтсіздіктің қара бұлтын ғана көріп, айналасындағы адамдардың да тағдыр-талайына терең үңіле бермейді. Олардың да шуақты күндерімен қатар бұлт үйірілген сәттері аз емес екенін ескере бермейміз.

Ең бастысы — адам өз басындағы сәтсіздіктің бастауын қай тұстан, қандай себептен іздеу керегіне көп ойлана қоймайды. Қиындыққа қарсы тұру, оны еңсерудің жолын қарастыру жиі назардан тыс қалады. Сөйтіп, тәңірге, қала берді, күллі өмірге өкпе артуға бейім боламыз.

«Жалған дүние» ұғымының қалыптасуы және оған қарсылық

«Жалған дүние…» — сан көкіректі жарып шыққан өкініш пен өксікке толы осы тіркес атам заманнан-ақ ауыздан-ауызға, құлақтан-құлаққа жетіп, тілдік қордан берік орын алды. Оның елден елге, жерден жерге тарауына өмір туралы толғақты ойларын жырларына арқау еткен жыраулар мен ақындардың үлесі де аз емес.

Дегенмен, жұрт санасына сіңісті болған «дүние — жалған» ұғымына жыраулар мен ақындар арасынан алғашқылардың бірі болып Шәкәрім қарсы шығады. Ол өзінің «Дүние мен өмір» атты өлеңінде:

Білімділер насихат көп жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады.

Байқап оқып отырсам соның бәрі,

Дүние сұм, алдамшы деп жазады.

Ақын осы ойды жалғай отырып, өзінің де тіршілікке қадам басқанын, рахатты да, бейнетті де бастан өткергенін айтады да:

Өмір бойы қуанбақ — жынды ісі ғой,

Кейде асып, кейде сасып, кейде қаштым,

Мұндағы «асу», «сасу», «қашу» сөздерінің астарына үңілсек, ақынның кейде орайлы тұста асыра сілтегенін, кейде пәледен бойын ала қашқанын, кейде тығырыққа тіреліп сасқанын аңғарамыз.

Рақат пен қайғы: көңіл күйдің екі ұшы

Шәкәрім әрі қарай рақат көрген, қайғы көрген тұстардағы көңіл күйін бейнелейді. Бір сәтте:

Кеудесін соғып, жалғанның қаққанына көнбедім,

Қарсы жалдап шыға бердім,

деп қайраттанса, қайғыға тап келгенде:

Дүние жалған, міне, алдап алды,

дегенге тоқтайды. Бірақ ақын мұны түпкі ақиқат емес, адамның санасына бұрыннан орныққан ұғымның әсері екенін мойындайды:

Бұрынғы жазғандардың сөзі орнығып,

Көңіліме қалғандығы,

Тіпті:

Кезінде өзім де: «Мен де соққы жедім» деп

Сұм дүниеден көп жазып ем, оныма өкіндім мен,

деп, өзі де бір кезде «дүниені даттауға» бой алдырғанын жасырмайды. Ал шумақтың түйіні — жауапкершілікті сырттан емес, іштен іздеу:

Ойласам көрген бейнет, тартқан қайғы,

Болыпты не біреуден, не өзімнен,

Бұл — ғасырлар бойы қағидаға айналған «дүние — сұм, алдамшы» деген пікірдің іргесін шайқап, жаңа ой ұсынған тың пайым.

Тағдырға наразылықтың шегі: ойдың рухани салмағы

Шәкәрім өз пәлсапалық түйінін:

Біз сөкті деп тоқтай ма Алла атқан оқ,

деп айшықтайды. Тіршілік иесінің атар таңы мен батар күні Алланың қалауына тәуелді екенін еске салып, «бәрін дүние кінәлі» деу — ақырында тағдырға наразылыққа, одан әрі рухани қайшылыққа апаратынын ескертеді:

Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе,

Сұм жалғанның қылғаны бұл дей берсе,

Әлбетте бұл тағдырға наразылық,

Түбі Аллаға қарсылық ондайға ерсе,

Ақын өз басындағы келеңсіздікті көрмей-білмей, дүниені жамандауды «үйрететін» білімсіз, шала молдаларды да ашық сынайды. Бұл тұста шындық пен жалғанның ара-жігін ажырату ақынның өзіне де оңай соқпағаны аңғарылады.

Ойланбай қуу және мағына іздеу

Ақырында Шәкәрім оқырманға тура сауал тастайды:

Дүние деген қызыққан ісің болса,

Қызықтырған кім сені оған сонша?

Пайдасыз, баянсызын біле тұра,

Қуа бердің ойланбай неге сонша?

Осы арқылы ол дүниенің бірыңғай думан мен рақаттан ғана тұрмайтынын да, тұтасымен бейнеттен ғана құралмайтынын да ықшам, бірақ өткір түрде түйіндейді.

Әдеби баға

Ғалым Серік Елікбай: «Шәкәрім қазақ поэзиясында философияға жаңа өріс ашты, шығармаларындағы адамның ақылына өзгеше мән беруі өзіне дейін әдебиетте көп кездесе қоймайтын жаңа түр» дегенде, бәлкім, Шәкәрімнің өзге өлеңдерімен қатар біз сөз еткен «Дүние мен өмір» туындысын да назарда ұстаған болар.

Қорытынды ой

Қалай болғанда да, ақынның терең де тұжырымды пәлсапалары өмір соққысынан көз ашпай, жігері құм болған жандарға тың қуат береді. Өмірге, дүниеге, тағдырға қатысты қалыптасып қалған күмәнді, тұманды ойларға нұрлы сәуле түсіріп, албырт та алғыр, алға бастайтын жаңа пайымға жетелері анық.

Сүлеймен Баязитов