Қазақта елін, жерін жанқиярлықпен қорғап өткен батыр ұлдары мен батыр қыздары жетерлік

Арын Еркежан

11-сынып, №148 мектеп-гимназия

Жетекшісі: Шортанбаев Ш. А.

Отан ұғымы: кең ауқым, терең мән

Мен үшін «Отан» сөзінің ауқымы кең, түсінігі терең. Менің Отаным – Қазақстан! деп мақтанышпен, қуанышпен, жүрегімнің түбінен лүпілдеп соққан бала сезіммен тебірене айтамын.

Сәби күнімнен еміреніп өскен ортам, мәпелеген ата-анам, балапанындай аялаған Жер-анам — сенің мәртебеңді асыру менің басты парызым.

Отанды сүю отбасынан басталады

Отанды сүю отбасынан басталады. Адам дүниеге келгеннен кейін, алдымен, оның анаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігі оянады. Кейін әкесін, өсе келе туыстарын, бүкіл отбасын, достарын жақсы көреді. Ал Отан сөзінің қасиеті мен ұлылығын терең түсінген шақта жүректе елге деген үлкен сүйіспеншілік пен құрмет орнығады.

Халық даналығы

«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас»

«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл»

«Елім деп өткен ер…»

Осындай нақылдар арқылы Отанның адам баласы үшін қаншалықты қымбат әрі ыстық екенін ұғынамыз.

Тәуелсіздік және азаматтық жауапкершілік

Мен Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім. Тәуелсіздікке дейінгі тарихи кезеңдерді өз көзіммен көрмесем де, оны білемін және білуге тиіспін. Бұл елде тұратын әрбір азамат Қазақстан тарихын білуге міндетті — бұл патриотизмге бастайтын үлкен қадам.

Мен өз Отаным — Қазақстанды сүйемін және елім мен туған жеріме игі ісім мен қызметімді арнағым келеді. Себебі мен — қолына қару алып, елін жаудан қорғаған батыр бабалардың ұрпағымын.

Ерлік сабағы: Зәкария Белібаевтың өнегесі

Осы тұста Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған нағашы атам Зәкария Белібаевты ерекше атап өткім келеді.

Туған жері

Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл

Туған жылы

1917

Әскерге шақырылуы

1939, Қызыл Армия

Днепрден өту кезіндегі ерлік

21-дербес понтон-көпір жасау батальоны әскерді өзеннен өткізу жөнінде бұйрық алады. Оқ-дәрі тиелген қайықтар өзеннен өтіп келе жатқанда, жау әскері оқ жаудырады. Көпшілік жауынгерлермен бірге топ командирі де ауыр жарақат алады.

Сол сәтте атам басқаруды өз қолына алып, оқ пен жарылған минаға қарамастан, жауынгерлерді құтқарып, понтондарды сақтап, жағаға жеткізеді. Жағаға шыққан бойда фашистермен кескілескен шайқасқа кірісіп, жау солдаттарын шегінуге мәжбүр етеді.

Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін аға сержант Зәкария Белібаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осылайша ол тек туғандарының ғана емес, бар халқының ардақты ұлына айналды.

Патриотизм: тек майдан емес, күнделікті адалдық

«Отансүйгіштік», «патриотизм» дегенде көпшіліктің ойына, алдымен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері оралатыны рас. Бұл заңды да. Өйткені олар ел мен жерді үлкен жүрекпен қорғап, жеңіске жетті және келер ұрпаққа Отанды сүюдің биік үлгісін көрсетті.

Мен үшін патриотизм дегеніміз

  • Отанға деген ыстық ықылас және шынайы сүйіспеншілік
  • Отан алдындағы адалдық пен жауапкершілік
  • Сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу
  • Жақсыны түсіндіріп, насихаттай білу

Отанға деген махаббатты дәлелдеу үшін міндетті түрде майдан даласында ерлік жасау шарт емес. Патриотизм — күнделікті өмірдегі адалдық, еңбек, тәртіп, білім, құрмет арқылы көрінетін қасиет.

Тәрбиенің өзегі: білім және құндылық

Қазақ жұрты ежелден-ақ ұл-қызын ержүрек, батыл етіп тәрбиелеуге ерекше мән берген. Оның айғағы — терең мағыналы халық даналығы.

Түйін ой

Ел бейнесін және Отанмен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам түрлі тетіктер арқылы, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады. Адам баласы жастайынан мектеп қабырғасында алған білімін ел мүддесі үшін жұмсау қажет екенін түсінуі керек.

Қасиетті хадисте: «Отанды сүю – иманнан» деп айтылады. Қазіргі таңда көпшілік санасында патриоттық тәрбие тек әскери борышты өтеумен шектеліп қалатын кездер бар. Мұндай түсінік патриотизм мазмұнын тарылтады.

«Отан отбасынан басталады» дегенді ұмытпау керек: отбасыңды сүю, қадірлеу, бағалау, құрметтеу — отансүйгіштіктің алғашқы сатысы.

Ел намысы және еңбек майданы

Жауынгерлік әзірлікте жақсы көрсеткішке жету, салауатты өмір салтын ұстану, ана тілін құрметтеу — мұның бәрі елге қорған бола алатын азаматтың белгісі. Елін сүю, Отанын қорғау — ер жігіттің де, қыз баланың да парызы.

Ерлікке үлгі болған тұлғалар

Батырлық жырлардағы Алпамыс, Қобыланды батырлардан бастап, Қабанбай, Бөгенбай, Абылай, Махамбет, Исатай, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сұлтан Баймағамбетов, қазақтың қос қарлығашы Мәншүк пен Әлия, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды талай отансүйгіш ерлер мен ержүрек қыздар халқымыздың тыныштығы үшін күресті.

Отан үшін от кешкен азаматтарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Нағыз патриот өзінің ісімен, үлгі боларлық әрекетімен көрінеді. Сонымен бірге отаншыл жан өз халқының озық дәстүрін, ұлттық ерекшелігін бойына сіңіріп, өзгені де өз орнына сай құрметтей білуге тиіс.

Тәуелсіздіктің тұғыры — ортақ аманат

Туып-өскен, өркендеген жерімізді, бүгінде әлемге танылған кең байтақ еліміздің топырағын өзге жұрттың табанына таптатпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеу — әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Ата-бабамыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі ел тәуелсіздігіне жеткізді. Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіз мемлекет екенін бүкіл әлемге паш етті. Ендігі мақсат — еліміздің гүлденуі, көркеюі, жастарының білімді болуы, үлкенінің сыйлы болуы, ұлтжанды да патриот азаматтардың қалыптасуы.

Қорытынды ой

Қазақстанды Отаным деп таныған әрбір азамат, ең алдымен, туған еліне, тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне сүйіспеншілікпен қарауы керек деп ойлаймын. Ата-бабамыздың асыл арманы мен мақсатының жемісі болған қасиетті тәуелсіздіктің тұғыры баянды болсын!

Отанымыздың тарихи бастауларына үңіліп, бүгінгі күн өлшемімен таразыласақ, талай жылғы күреспен келген тәуелсіздіктің құнына баға жетпейді.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы