Асан Қайғы - жырау, ойшыл, абыз
Асан Қайғы: жырау, ойшыл, абыз
Асан Қайғы — жырау, ойшыл әрі абыз. Ол шамамен XIV ғасырдың соңында дүниеге келіп, XV ғасырдың ортасында Сарыарқадағы Ұлытауда қайтыс болғаны айтылады.
Шығу тегі туралы деректер
Асан Қайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы жөнінде әртүрлі дерек бар. Бір мәліметтерде оның Еділ бойында туғаны көрсетілсе, енді бірінде әкесі Сәбит Арал өңіріндегі Сырдария жағасын қоныс еткен саятшы болғаны айтылады.
Тарихи орны және елдік мұрат
Асан Қайғы Алтын Орданың ықпалды билерінің бірі болған. Алтын Орда ыдыраған тұста Дешті Қыпшаққа қайта оралып, Қазақ Ордасын құрған Керей мен Жәнібек хандарға ақылшы би қызметін атқарған.
Халық берген ат
Ел мен жұрттың болашағына алаңдап, терең толғанған абызды халық «Асан Қайғы» деп атаған.
Толғауларындағы өзек
Ол хандықты нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды.
Жерұйық идеясы
Асан Қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қонысқа орнығып, мамыражай әрі еркін өмір сүруін аңсаған. Ол мұратын Жерұйық деп атады.
Аңыз-әңгімелерде жырау алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс іздеп, қазақ жерін түгел аралап шыққаны айтылады. Әрбір қоныс пен мекенге байыпты сын айтып, баға берген сөздері бүгінге дейін ел аузында сақталған.
Әз-Жәнібекке арналған толғаулар
Жыраудың бірнеше толғауы Әз-Жәнібек ханға арналған. Асан Қайғы халықтың ертеңгі болашағын Жәнібектің ақыл-айласы мен көрегендігімен тығыз байланыста қарастырады.
Көрегендік және тарихи болжам
Асан Қайғы толғауларында терең пайым бар. Ол Алтын Орда ыдырағаннан кейін пайда болған халықтар арасындағы алауыздықтың соңы ауыр болатынын сол дәуірдің өзінде-ақ болжаған. Сондай-ақ, талай ғасыр Алтын Ордаға тәуелді болған Ресей мемлекетінің күшейіп келе жатқанын ескертіп, бұл қауіптің немен тынарын да дәл айтып кеткен.
«Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер,
ұлы, қызың орысқа бодан болып,
қайран ел, есіл жұртым сонда нетер?»
Есімінің құрметпен аталуы
Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан Қайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады.
Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы